• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 13:29:44
+35°

Алматы қаласында жетімдер үйі мен мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері арасында шағын футболдан түндігін түрген VII ел чемпионатынан жерлестеріміз абыроймен оралды. Турнирде балғын футболшыларымыз топ жарып ғана қоймай, испанияның атақты «Реал Мадрид» клубымен тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болып отыр деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Жалпы Алматы төрінде алауы тұтанған аламанға барлық облыстардан 12 команда қатысып, бақ сынаған болатын. Міне, осы кіл мықтының ішінен жерлестеріміз дара шығып отыр.

«Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау» орталығының «Тұлпар» командасы топтық кезеңде ең алдымен павлодарлық «Екібастұз» командасын тізе бүктірсе, қарағандылық «Құлыншақ» командасымен 1:1 есебімен тең түседі. Жігіттерді осы еншілеген ұпай жартылай финалға алып шыққан. Ақтық айналымға аяқ аттам жер қалғанда жерлестеріміз жеңіске деген жігер танытып, турнирдің бұған дейінгі екі дүркін чемпионы қарағандылық «Таңшолпан» командасын 1:0 есебімен тізе бүктіреді. Ал финалда қостанайлық «Бүркіт» командасымен күш сынасқан футболшыларымыз 1:0 есебімен басым түсіп, чемпиондық атақты жеңіп алады. «Алтын голдың» авторы – Анатолий Литвинов.

Енді жерлестеріміз қазан айының аяғына қарай Испания мемлекетіне жол тартып, атақты «Реал Мадрид» клубының академиясымен танысады. Сондай-ақ жерлестеріміз корольдік клубтың жастар құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді деп күтілуде.

Әрине бұл облысымыз үшін үлкен абырой. «Тұлпар» командасының бапкері Ербол Бектіғұловтың айтуынша, олар бұл жеңісті көптен күткен екен.

- Жалпы біз ел біріншілігіне бесінші жыл қатарынан қатысып отырмыз. Бұған дейін екі рет екінші орын алған болатынбыз. Биыл міне айымыз оңынан туып, бас жүлдені жеңіп алдық. Сондай-ақ Николай Дамажеров есімді ойыншымыз «Үздік қорғаушы» номинациясына ие болды.

Мұндай толайым табысқа қол жеткізуіміз ең бірінші Алла, екінші «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау» орталығының директоры Айжан Мейірханованың қолдауының арқасы. Ол кісіге команда атынан айтарым тек алғыс.

Енді бұйыртса қазан айының аяғына қарай Испанияға ұшып, сонда даңқты «Реал Мадрид» клубымен тәжірибе алмасатын боламыз. Бұл біз үшін үлкен жауыпкершілік пен абырой, -дейді бапкер.

Жалпы жеті жылдан бері аталған турнирге ұйытқы болып келе жатқан «BAURZHAN» қайырымдылық қоры. Ал бас демеуші «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры. Міне, осындай айтулы аламан жас жеткіншектерге үлкен спортқа жол ашып, қанатын қатайтып жатқаны қуантады.

Жарайсыңдар, жігіттер!

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір