• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 21:14:07
Алматы
+35°

Менің Одаққа мүшелік құжаттарын тапсырған уақытым - 2012 жыл. Ол кезде Н.Оразалин басқаратын, кездескенде амандассаң, сәлеміңді я естімейтін, я шынымен де сәлем бергісі келмейтін. Аманыңды алмайтын адамға «мүшелікке алыңызшы» деп айтудың өзі артық. Өзім «мүшелікке алыңызшы» деп ешкімге жалынған емеспін...

Одақ басшылығы ауысқан соң бір топ жасты қабылдағанын жаңалықтардан көрдік. Тізімге қосылмаппыз. Құжат қабылдайтын апайға барып: «Апай, мені неге қоспаған?» деп сұрадым. Одақ ғимаратында төраға орынбасары да кезігіп қалды. Бұл кісілерден «Бұл жолы жасы үлкендерді ғана алдық, жастарды «Жастар форумында» қабылдаймыз, күт, сені алады» және «Бұл жолы жастарды ғана алдық» деген екі түрлі жауап естідім.

Содан өзімнің не жасқа, не кәріге жататынымды білмей, аңырып қалғаным рас...

Тәйірі, мүшелікте тұрған ештеңе жоқ. Алмаса, қойсын дейміз. «Мені алмады» деп, ешкімге арызданбаймыз. 
Енді міне, бүгін жаңалықтардан елімізде «Жастар форумы» өткенін, тағы да бір топ қаламгерлерді мүшелікке қабылдағанын көрдік. Құтты болсын!

Айтайын дегенім, адамды алдамай, тоқ етер жауабын беру керек қой. Маған ештеңе емес, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі болмасам, бірдемем кеміп қалмайды. 2012 жылдан бері жатқан документімнен ұят болды. Жалғыз мен емес, көп жыл бұрын құжатын өткізген талай адам мүшелікті күте-күте ұмытып та кеткен шығар. Мен де ұмытайын... Ендігі мүшеліктің дәмі де, мәні де жоқ...

Қазақтың Жазушылар Одағының жас басшылары!
Мен Одаққа сіздерден бұрын келгенмін. Иә, сіздер ауылда қозы бағып, қой бағып жүргенде мен анамның құрсағында жатқанмын. Сол кезде анам, Қазақстандағы бірегей талант иесі ғалым, физик Мағрипа Шөжеғұлқызы жазушылардың жиынына үзбей қатысатын да, мен қаламгерлердің айтқан сөзін түгел тыңдайтынмын. Мұзафар Әлімбаев, Сырбай Мәуленов сияқты ақсақалдармен бес жасымда, сіздерден бұрын кездесіп, маңдайымнан сипатқам.

Тек айтарым, Жазушылар Одағы ешкімнің жеке меншігі емес. Мүшелікке қабылдау қандай критерийлер бойынша жүзеге асады? Біреулердің алдымен өтіп, ал бір байқұстардың шегеріліп қала беруіне не себеп? Осыған жауап беретін адам бар ма?

Жыл сайын мүшелік жиынында «керек еместердің» тізімінде сызылып, кете барады екем. «Азия форумына Жапониядан жазушы шақырып берші» деп жаз бойы жазған хаттарыңыз менде сақтаулы. Қазақ қазаққа керек емес заман ғой. Қазаққа керек болмасақ та, басқаға керекпіз!

Шарафат Жылқыбаева
Хирошимадағы Жапония-Еуразия Одағының мүшесі.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір