• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 06:28:21
Алматы
+35°

Биыл қазақтың классик жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың туғанына 80 жыл. Мерейтойды атап өту көрнекті қаламгер ғұмырының 40 жылы өткен, шығармашылық тұрғыда шыңдалған, ел сүйіп оқыған туындыларының басым көпшілігі жазылған Алматы қаласынан бастау алды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Мерейтойлық шаралар легінің шымылдығы жазушының есімі берілген көшенің салтанатты ашылу рәсімімен түрілді. Бұрынғы "Каблукова" бұдан былай ресми түрде "Кекілбаев" көшесі деп аталады.

Шараға қала басшысы Бақытжан Сағынтаев, жазушының жары Клара Жұмабаева мен туыстары, қаламгерлер мен қала тұрғындары қатысты. Қала әкімі жиналғандарды заңғар жазушының мерейтойымен құттықтай отырып, игі істің Алматыдан бастау алуының мәніне тоқталды.

– Аса көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев өмірінің бақытты да, мағыналы шақтарын осы Алматы қаласында өткізді. Жазушылық өнердің, шығармашылық шеберліктің шыңына шықты. Мемлекеттік саясат пен саяси сахнада жарқындай жарқылдап, сөз бастар шешенге, ой бастар көсемге айналды. "Жақсы болудың жақсылық жасаудан басқа жолы жоқ" деген ағамыздың сөзінде де, шығармашылығында да жасандылық болған жоқ. Ұлы Мұхтар Әуезовтан бата алған талантты тұлға ойын ірікпей айтты, сырын бүкпей жазды. Еліне жанын салып адал қызмет етті. Әбіш ағамыздың шығармаларын оқи отырып қазақ мәдениетінің санқырлы қатпарын жазбай тануға болады. Қазақ әдебиетінің классигін бүкіл қазақ халқы қадір тұтты. Алматы қаласы жұртшылығы атынан осындағы зиялы қауымды, құрметті Клара апай, өзіңізді, балаларыңызды бүгінгі көшенің ашылуымен шын жүріктен құттықтаймын. Ағаның мәңгілік ғұмыры басталды. Ендігі жерде ол кісінің есімін есте қалдыруға арналған шаралар жасалатын болады, – деп атап өтті Бақытжан Әбдірұлы.

Жазушының жары Клара Жұмабаева Әбіш Кекілбаев өмірінде өзінің туған жерінен кейін Алматыны ерекше жақсы көргенін айтты.

– Әбіш Алматыда 40 жыл өмір сүрді. Шығармашылық өмірінің 40 жылы осында өтті. "Үркер" мен "Елең-алаң" сынды көптеген шығармалары осында дүниеге келді. Оның қызметі, еңбегі ел алдында болды. Әбіштен ерте айрылып қаламыз деп ойламап едік, бірақ оның есімін ардақ тұтып, осындай жақсылықтар жасап жатқандарыңызға көп-көп рақметімізді айтамыз. Осы шаралардың Алматыдан басталғанына ерекше қуаныштымын. Алматы жайнай, жасай берсін!, – деп Клара апамыз жүрекжарды лебізін білдірді.

Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына арналған шаралар мұнымен бітпейді. Бүгін жазушы тұрған Н.Назарбаев даңғылы 118 үйге ескерткіш тақта қойылып, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында мерекелік кеш өтеді.

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір