• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 12:19:27
Алматы
+35°

Сүйінші, ағайын! Үндістан мемлекетінен ақжолтай хабар жетті. Қаршадай қызымыз Елизат Аязбек Азия чемпионы атанды. Самбодан жалауы желбіреген додада қаракөзіміз қарсыластарын қоғаша жапырып, сары құрлық төрінде Әнұранымызды шырқатты деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Елизат 2001 жылы Жамбыл облысы Талас ауданы Аққұм ауылында дүниеге келген. Бала кезінен спортқа зерек өскен болашақ чемпионды білікті бапкер Барбол Жәуіш спортқа баули бастайды. Кейіннен Елизат Тараз қаласындағы №7 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне ауысып, осында шеберлігін шыңдай түседі. Хайрулла Лукмановтың тәрбиесіне келген қаракөзіміз үстіміздегі жылы Ақтөбе қаласында жасөспірімдер арасында өткен аламанда топ жарады. Енді міне Үндістан мемлекетінің Нью-Дели қаласында түндігін түрген байрақты бәсекеде айы оңына туып, Азия чемпионы атанып отыр.

Тараздық спортсүйер қауым Үндістанның Нью-Дели қаласында самбодан өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа таққан Елизат Аязбекті зор қошеметпен қарсы алды. Бұл күні қарапайым ғана ауылдың спорт мектебінде жаттығып, сары құрлық біріншілігінде жеңіс тұғырынан көрінген Елизатқа жанкүйерлерімен бірге өзі білім алатын Ержан Әмірбекұлы бастаған Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті мен №7 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы да құрмет көрсетті.

14 жасынан бастап Талас ауданының Аққұм ауылында жаттығып Азия чемпионы атанған аруды самбоның қыр-сырына Бостандық балалар мен жөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Барбол Жәуішов баулыған.

–Елизаттың спортқа қарым-қабілетін бала күнінен байқағам. Кейін ата-анасынан самбо үйірмесіне қатысуына рұқсат сұрадым. Алғашында анасы қарсы болды. Кейіннен Елизаттың бойындағы бұла күштің спортта жетістікке бастайтындығына көз жеткізді. Ол мектепте оқып жүріп бірнеше рет республика біріншіліктерінде топ жарды, –дейді Б.Жәуішов.

Ал Елизаттың өзі Үндістан жеріндегі сайыста елде қалып тақымын қысқан ата-анасының, бауырларының жалпы жанкүйерлерінің қолдауын сезгенін айтады.

–Әрине Азияның 15 мемлекетінен чемпион атануға үмітті ең мықты спортшылар келген сайыста қарсыластың қай-қайсысыда осал емес. Оның үстіне ә дегеннен мен самбо спортынан Азияда үздік саналатын өзбек, қырғыз спортшыларымен белдестім. Маған үміт артқан елімнің қолдауына арқа сүйіп барлық белдесулерімде қарсыластарымнан басым түстім,–дейді Елизат Аязбек.

Ауылдан шыққан Азия чемпионының ендігі мұраты келесі айда Өзбекстанда әлем чемпионатында олжа салу болып отыр. Ол бұл ендігі кезекте жаттығу жұмыстарын Тараз қаласындағы №7 облыстық балалар мен

жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушыларымен жүргізбек. Сондай-ақ бапкерлері Елизаттың өз бағын олимпиадалық спорт саналатын дзюдода сынап көруге ниетті екендігін атап өтті.

Мемлекет мақтанышын толайым табысымен шын жүректен құттықтаймыз! Алар асуың биік болсын, Елизат!

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір