• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 16:43:04
Алматы
+35°

20 Тамыз, 2019 Барлық аймақтар

Әлем өзіне қонымды технологияларға аяқ басып жатқан тұста жаңашылдықтың Қазақстанда да сырт айналып кетпейтіні сөзсіз. Еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізде «жасыл экономиканы» дамытуға қатысты үлкен тапсырмалар бергені мәлім. Елбасы тапсырмасына орай үкіметте лайықты  жұмыстар жүргізіліп  жатқаны рас. Осы жерде мына бір мәселені алдын ала айта кеткен жөн шығар:  Біз о баста неге «жасыл экономикаға» инвестиция салмадық? Мұның себебін Елбасының бір-ақ сөзімен түйіндеген жөн шығар.

–Бүкіл әлем қазір энергияның баламалы көздерін іздестіріп жатыр. Біз бүгінгі таңда мұнай мен газ және уранның қоры жөнінен бай елміз. Олардың жалпы көлемі 32 миллиард тоннаға жетіп отыр. Бұл әлемдік қордың 4 пайызынан астам. Сондықтан біз алдымен инвестицияны осы салаға салдық, -деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Расында да, инвестиция салынған сала көркейгеннен кейін ғана «жасыл экономиканы»  қолға ала бастадық. Енді  Елбасының тапсырмасы бойынша «жасыл экономикаға» қатысты 2020 жылға дейін 50-ден астам компания  ашылып, жұмыс ісей бастамақ. Атап айтар болсақ, олардың барлығы да баламалы энергия көздерін өндірумен айналысатын болады.

Ақиқатында, қазіргі таңда Қазақстанның алдында үлкен міәндеттер тұр. Ол үшін «жасыл экономикаға» көшу кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақ. Ол үшін не істелінбек?

Бірінші кезең 2013-2020 жылдарға арналған.

Екінші кезең 2020-20360 жылдар аралығын қамтиды.

Үшінші кезең 2030-2050 жылдар аралығында жүзеге асады.

Әрине, әр кезеңнің өз міндеті, жоспары бар. Барлық кезеңді қамтитын жұмыстардың ортақ тұжырымы біреу: Ол ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыру, жаңа инфрақұрылымды жаңғырту, ұлттық қауіпсіздікті сақтау, оның ішінде су қауіпсіздігіне де баса назар аударылады. Әрине, «жасыл экономикаға» қатысты саланың ішіне барлық жұмыстар кіреді.

Елбасы өзінің халыққа арнаған Жолдауында алдағы уақытта еліміз үшін ғана емес, бүкіл ғалам үшін су тапшылығы үлкен қатер екенін атап өткені мәлім. Оның үстіне үкіметтің алдында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы егістігі мен егістік алқаптары үшін де су түйткілін шешу басты мәселе. Бұл «жасыл экономиканы» дамытудағы бірінші бағыт.

Ал екінші бағыт –ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру және оның өсімін тұрақтандыру. Сол үшін осы салаға баса назар аударып, азық-түлік қорын жасақтай алуымыз керек. Сапалы азық-түлік өнімдерін шығарып, ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп, оны экспортқа да шығару.

Үшінші бағыт – энергия қуатын сақтау және оның тиімділігін арттыру. Мамандардың есептеуіне қарағанда, 2030 жылдары электр қуатын тұтыну екі есеге өседі, ал 2050 жылдары 2,5 есеге көбейеді.

Төртінші бағыт –электр энергетикасын дамыту. Өйткені бәрібір бұл салаға инвестиция салмаса, болмайды. Өйткені оны тұтыну да артып келеді.

Бесінші бағыт – қалдықтарды тиімді басқару. Бұл шын мәнінде қазіргі уақытта Қазақстанда үлкен проблема екендігі белгілі. Ауыл шаруашылығы мен өндірістік және басқа салада әртүрлі қалдықтар қалатыны рас. Олардан әртүрлі улы заттар бөлініп шығып жатқаны да жалпақ жұртқа белгілі. Сондықтан да бұл салаға қазіргі уақытта мемлекет айрықша назар аудара бастады. Қалдықтарды өңдейтін зауыттар салынып, олар өнімді жұмыс істеуге көшті.

Алтыншы бағыт – ауаның ластануын азайту. Қоршаған орта қазір өндірістік қалдықтардан, улы газдардан көп зиян шегіп жатыр. Бұл адамдардың денсаулығына да әсер етуде. Сондықтан атмосфераны ластамаудың барлық шараларын жасау - басты міндет болып отыр.

Жетінші бағыт­ – экожүйені тиімді басқару және сақтау. Табиғи ортаны сақтай отырып, оны тиімді жүйелі басқару экономиканың дамуына айрықша  серпін беретіні анық.

Сондықтан да осы үш кезеңді қамтитын жеті міндет жүйелі түрде орындалса, оның пайдасы да зор болатыны сөзсіз. Шындығында да «жасыл экономиканың» тиімділігі өте зор екендігін бүкіл әлем қазір жете түсіне бастады. Сондықтан да болар,  егер бұл сала тиімді басқарылып дамыса, онда әлемдік қатердің әсер ету мүмкіндігі де азаяды. Осыны терең түсінген Қазақстан үкіметі  алдағы уақытта экономика секторындағы 10 салаға инвестиция салуды көздеп отыр. Атап айтар болсақ, ауыл шаруашылығы, балық аулау, өндіріс, туризм, қалдықтарды өңдеу, тұрғын үй коммуналдық сала, су ресурстарын басқару, энергетика,  көлік және орман шаруашылығы.

Әрине, 10 салаға салынған инвестиция нәтижелі жұмыс істесе, Қазақстан оның игілігін көретініне бек сенеміз. Ең бастысы, біз «жасыл экономиканы» дамыту барысында Қазақстан не істеді дегенге жауап берер болсақ, тындырымды жұмыстар бар екен. Сондықтан «ауызды қу шөппен сүртуге» болмас. Жұмыстар атқарылып жатыр. Нәтиже жоқ емес, бар! Бірақ «барға қанағат» деп те, жүре беруге де болмайды.

Осы жерде айта кететін бір нәрсе бар: біз көп жағдайда елімізде үкімет  және тиісті мекемелер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы көп біле бермейміз. Білсек те, көп назар аудармаймыз. Негізі «жасыл экономиканың» халыққа берер пайдасы өте көп қой. Ол ең адамның денсаулығына пайдалы. Біз күнделікті өмірде лас ауаны жұтып жүрміз. Парниктік газдар, өндірістен шыққан қалдықтар, қала көшелеріндегі кептеліс немесе көліктен шыққан улы түтін, мұның барлығы да айналып келгенде, денсаулыққа әсер етпей қоймайды. Сондықтан Елбасы тапсырмасына орай межелі жұмыс жүргізіліп келеді. Арнайы заң бар. Тіпті «жасыл экономика» туралы заңнама да қабылданған. Әрине, Қазақстанның «жасыл экономика» туралы тұжырымдамасын іске асыру қалай айтқанда да халықтың әл-ауқатын арттырып, өмір сүру деңгейін көтереді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығының табиғи өнімдері де сапалы болып, бәсекелестікке сай келеді деп ойлаймыз. Бүгінгі таңда экологиялық апаттың әлемге зор қаупі бар екендігін ескерсек, түбінде бүкіл әлем толықтай «жасыл экономикаға» көшеді. Қазірдің өзінде әлемде экономикалық үлестің 30-40 пайызын беріп отырған өндірістік салалар бар. Сондықтан алдағы уақытта Қазақстанда да бұл сала қарқын алады деп сенеміз.

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір