• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 19:49:27
Алматы
+35°

ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли ініміз 19 қыркүйекте өзінің Фейсбуктегі парақшасында: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи отанына келген қазақтарды Оралман деп атаудан бас тартып, Қандас дегеніміз жөн болады деп ұлтымыздың ұғымына сай жарасымды терминді тағы да ұсынды» деп жазыпты. Менің ойымша бұл асығыстық. Президент әлбетте еліміздің құқықтық нормативтік актілерінен хабардар деп ойлаймын.

«Оралман» сөзінің табиғатына қарасақ, ол «көрермен», «тыңдарман», «оқырман» деген тәрізді соңғы 20-30 жылда тілімізге әбден сіңісті болған сөз. «Оралман» сөзі ешкімнің намысына тимейді. Әрі ол репатрианттардың бір-екі буынына, «оралманның» өзі мен жат жерде туған баласына ғана қатысты қолданылады. Атамекенде дүниеге келген балаларға бұл термин қолданылмайды.

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдеде қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 1 бабының 13 тармағында «Оралман – тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және осы Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде оның шегінен тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақ және оның Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін оның шегінен тыс жерде туылған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары» деген анықтама берілген.

Бұдан не түсіндік, бұдан біз «оралман» термині репатриантқа берілген құқықтық мәртебе екендігін түсіндік. «Оралман» мәртебесін алған адамдарға мемлекеттен әлеуметтік жәрдем беріледі. Жалқы реттік жәрдемді қосып алғанда орташа бес адамнан тұратын «оралман» отбасына көші-қон шығындарын өтеу үшін 833 мың теңге беру көзделген. Қабылданғанына 22 жыл болған «оралман» терминіне кезінде заң ұғымдарынан алыс қаламгер ағайын қарсы болғаны рас. Бірақ «Мені «оралман» деп атадыңдар, сондықтан бұл жәрдемнен бас тартамын» деген қандасты әлі көрмеппін.

Бүгінге дейін елімізге бір миллиондай «оралман» келгендігін білеміз. Мемлекет тарапынан оларға қаржылай көмектен басқа жұмысқа тұруда, жаңа кәсіп үйренуде, әскерге шақырудан босатуға, орта және жоғары оқу орындарына квота бөлуде, зейнетақы мен жәрдем тағайындауға, медициналық жәрдем алуда, балабақша мен мектептерден орын алуға, көшіп келген жерінде баспана алатындай қаржы қарастыруға осы «оралман» мәртебесі әлеуметтік жеңілдіктер береді. Сондай-ақ кезінде саяси қуғын-сүргін құрбандығына айналған жандардың «оралман» мәртебесі олардың азаматтық құқықтарын қалпына келтіруіне көмектеседі.

«Оралман» мәртебесі мен олардың көшіп келуіне мүмкіндік беретін ресми квота 1997 жылы бекітілген. «Оралмандар» квотасы 2009 жылы 15 мыңнан 20 мың отбасыға көбейтілген. Үкімет сол кезден бастап «оралмандарға» көмектесу үшін бюджетке 17 млрд теңге (130 млн доллар) қарастырып қойған.

Шынын айтқанда "оралмандар" бізге өте керек. Олар демографиялық тұрғыдан үлкен демеу, өмір сүруге бейімділігі қазақстандық қандастарға өнеге. Экономикалық пайдасы зор, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың шебері. Қазақ тілі мен өнерінің жаңа тынысы, "Көк тудың желбірегенін" жан жүрегімен қалайтындар. Сондықтан өз басым барша "оралманға" үлкен құрметпен қараймын. "Оралман" кейбір пасықтар ойлайтындай кемсітушілік емес, ол репатрианттарға көмектесу үшін ойлап табылған құқықтық мәртебе.

Берік Уәли ініміз Мемлекет басшысы «оралман» сөзін «қандастар» сөзіне алмастырғысы келетінін айтыпты. Бұл арада ойланатын тұс көп. «Қандас» сөзі «шығу тегі, қаны бір, бауырлас» (Тіл комитетінің тапсырысымен шыққан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», «Дайк-пресс», 2008 ж, 472 бет) деген ұғым береді. Оңайырақ айтсақ «қандас» сөзі жалпы «этникалық қазақ» сөзімен үндес келеді. Яғни атамекен – Қазақстанда немесе Қытайда, Моңғолияда, Ресейде, Германияда, т.б. елдерде тұратын қазақтың бәрі бізге «қандас». Сол «қандастар» тұрақты тұру үшін атамекенге көшіп келсе ғана «оралман» мәртебесіне ие болады. Егер біз «оралман» сөзін ресми түрде «қандас» сөзіне алмастыратын болсақ, онда «Көші-қон туралы» заңға өзгеріс енгізуімізге мәжбүрміз. Сол заңға сәйкес біз өзімізде тұрып жатқан, сондай-ақ шетелдерде тұрып жатқан, көшіп келу мүлде ойында жоқ «қандастарға» түгелдей көмектесуіміз қажет болады. Өз еліміздегі жарты миллион көп балалы анаға (бәрі дерлік қандас) берілетін 21 мың теңгенің жырын бітіре алмай жатқанда жер бетіндегі 18 миллион «қандасқа» Қазақстан қайтіп көмектеспек?

Менің бір «жаман ойым» айтады: билік «оралман» мәртебесін «қандасқа» ауыстыру арқылы бәлкім оралманды қалың қазаққа теңестіріп, оларға берілетін жеңілдіктерді сыпырып тастағысы кеп тұрған шығар. Сондықтан өз басым «оралман» мәртебесін омақастырудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

Жазушы-публицист Марат Тоқашбаев

Facebook парақшасынан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір