• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 00:25:59
Алматы
+35°

Жамбыл облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» бірлесіп ұйымдастыруымен «ашық есік» күні өтті. Шара шымылдығын Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев ашты. Мәдениет, өнер және архив қызметкерлері, БАҚ өкілдері және әлеуметтік желі белсенділері қатысқан іс-шараның басты мақсаты – басқарманың жұмысын көрсетіп, мәдениет сала мамандарының еңбектерімен таныстыру.

Келген қонақтар бірінші Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының ішін аралады. Алғашында кітапхана директоры Эльмира Абдинова ғимарат ішін таныстырып, ары қарай мекеме қызметкерлері атқаратын жұмыстарын көрсетті. Заманауи кітапхана өмірі қонақтарымызға қызықты болды.

Әдебиет пен театрдың, бейнелеу өнері мен музыканың көркемдік қасиеттерін ұтымды пайдаланатын көп салалы өнердің бір түрі – кино әлемі. Жоспар бойынша келесі нысан – облыстық кино орталығы. Осы бір қиын әрі қызықты жұмыс барысын Жамбыл облыстық кино орталығы директорының орынбасары Жеңіс Қалмұрзаев бағдарлап түсіндірді. Киноның кешегісін, бүгінгісін және болашағын, жалпы осы әлемнің жетістіктерін айтып, фильмдерден үзінді көрсетті.

Шараға қатысушылар ендігі кезекте Жамбыл облыстық қазақ драма театрына ат басын бұрды. Шара аясында, жақында көрермен назарына ұсынылатын жаңа қойылымдар хабарланып, қонақтарымызға арнайы шақыртулар берілді. Театр басшысы Болат Бекжанов қонақтарға театр тарихынан сыр шертіп, өз өміріндегі естеліктерімен бөлісті.

Архив – тарих айнасы екені өтірік емес. Өткенімізді білмей, қандай жәдігерлеріміздің барын білмей, алға қадам жасай алмаймыз. Осындай мақсатпен ашық есік күніне қатысушылар Жамбыл облысының мемлекеттік архивіне табан тіреді. Архив директоры Қалдыкүл Башенова бастаған мекеме қызметкерлері облысымыздың көне жәдігерлері мен құжаттары қалай сақталатынын, оларды кез-келген уақытта қалай көре алатынымызды жіті түсіндіріп берді.

Бәрімізге белгілі, ағымдағы жылдың 5 қыркүйегінде облыстық тарихи-өлкетану музейінде Елбасымыздың көшпелі қор көрмесі ашылған болатын. Ашық есік күнінің бағдарламасына сәйкес, музейге келген қонақтар көрмеге экскурсия жасап, Тұңғыш Президентіміздің тарихы мен жеке өмірінен сыр шертетін құнды дүниелерімен таныс болды.

Бағдарламаға сәйкес, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы. Сахнаның сыртында болып жатқан дүниелерді көру әр адамға қызықты. Өнер иелері тек ел алдында емес, сол елдің алдына шығудың қамын қалай жасайтынын әлеуметтік желі қолданушылары мен БАҚ өкілдеріне көрсетілді. Филармония өмірімен К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы директорының орынбасары Жандос Омаров таныстырды.

Ашық есік күніне келген қонақтар жалпы 6 мекемені аралап, әрқайсысымен танысып шықты. «Ашық есік» күні барысында өздерінің көкейінде тұрған сұрақтары қойылып, мәдениет саласының тыныс-тіршілігі туралы толық мағлұмат ала білді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір