• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
22 Қараша, 10:25:24
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

23 Қыркүйек, 2019 Ғылым-білім

"Шетелде оқу – өмірлік миссия мен қызметтік жолыңызды тануға көмектеседі"

Нұрдәулет Жұмабай – «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританиядағы «The University of Warwick» магистранты.

«Болашақ» бағдарламасына оқуға қалай қабылдандыңыз?

– Мектеп кезінде ауылға шет елде білім алған жастар келіп, кездесу өткізетін. Өзім Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылындағы жалпы орта мектебінде оқыдым. Жамбыл атындағы мектеп лицейін «Алтын белгіге» бітірдім. Болашақтық жастар өз тәжірибелерімен бөлісіп, өмірлік ақыл-кеңестерін бергенде қатты қызығатынмын. Осыдан кейін алдыма мақсат қойып, шетелде оқитынымды бейсаналы түрде елестете бастадым.

Оқуға тапсырар кезде ең маңызды дүние – ағылшын тілі. Мен ағылшынды екінші сыныптан бастап оқи бастадым. Ол кезде тілге деген қызығушылығым ерекше еді. Мен оқыған Алматыдағы Нархоз университетінде ағылшын тілін арнайы бағдарлама негізінде оқыдық. 3-4 курс кезінде шетелге кету мақсатында IELTS-қа тереңірек дайындала бастадым. Қолдау көрсетіп, бар білімін үйреткен өз ісінің мамандарының арқасында 7.0 балл алып шықтым.

Болашақ бағдарламасына тапсыру оңай әрі сайтында бәрі түсінікті етіп берілген. Талапкер үш кезеңнен тұратын сынақ тапсырады. Алғашқы кезеңдегі қазақ тілі бойынша өткізілетін тест маған ұнайды. Бұл қазақ тілін білетін интеллектуалды жастарға керемет мүмкіндік. Әрі қазақ тілін үйренуге ынталандырады.

Байқаудың барлық сынағынан сүрінбей өтіп, 2018 жылдың қыркүйегінде Ұлыбританиядағы «Warwick Business school university» студенті атандым.

Ұлыбританияда білім алу мен тұрудың қандай өзгешеліктерін байқадыңыз?

– Ұлыбританияда өмір сүру үшін бар жағдай жасалған. Бізбен салыстырғанда үй табу, бір зат сатып алу өте оңай. Көлік тасымалы керемет дамыған және сапалы. Уақытымен кез келген нүктеге оңай жете аласыз. Кішігірім ауыл мен қалада да жағдай бірдей.

Барлық нәрсе салыстыру арқылы туындайды ғой. Қазақстанда бакалавр оқығандықтан да Ұлыбританиямен айырмашылығы жер мен көктей деп айта аламын. Шетелде студенттік ұйым өте көп. Өз әлеуеті мен мүмкіндігін іске асыруға керемет жол ашылған. Халықаралық олимпиада мен конкурс та жиі ұйымдастырылады. Осы арқылы қазақ балалары көптеген мемлекеттерге барып, тәжірибе алмасуда.

Өмір сапасы мен медициналық қызмет көрсету де жоғары деңгейде. Барлығы заманауи техника қолдану арқылы іске асады.

Ұлыбританияда оқу сізді қандай трансформациядан өткізді?

– Алғашқы екі ай адаптация болды. Ағылшын тілі, жаңа ортада коммуникация құру жағынан аздаған қиындық туындады. Екі айдан соң үйреністім. Дүниетаным мен ортамен қарым-қатынасым өзгерді. Әлемнің түкпір-түкпірінен интернационалды студент жиналғандықтан да әр ұлтпен жақынырақ танысып, өз ұлтың, мәдениетіңмен салыстырып көптеген пайымдауларым өзгеріске ұшырады.

Келесі өзгеріске ұшыраған – сыни ойлау. Білім артқан сайын ақиқат деп санаған көп нәрсе өзгереді. Гарвард университетінің зерттеушілеріңнің сөзінше, шетелде оқу адамның өзін-өзі шынайы тануы мен өмірлік миссиясы мен қызметтік жолын тануға көмектеседі.

Желе мұрағат

Басқа мемлекетте оқуды мақсат еткен талапкер нені білуі, не нәрсені ескеруі керек?

– Шетелде оқитын студенттің эмоционалдық интеллекті жоғары болуы керек. Студент онда өзін жоғалтып алуы мүмкін. Жаңа орта, жаңа мемлекет, басқаша өмір сүру формасы түрлі адаптацияға түсіреді. Оқудың да стрессі жоғары. Бәріне бұрын төзімділік қажет.

Әр талапкер  20 миллион теңгенің өздерінің біліміне кепілдік ретінде беріліп жатқанын ұмытпау керек.  

Ең бастысы – дұрыс сала мен мамандық таңдау. Себебі шетелде оқу – «тисе терекке, тимесе бұтаққа емес», екінің біріне әрі күнде бұйыра бермейтін мүмкіндік.

Шетелде өткізген уақытыңызға қысқаша шолу жасап өтсеңіз?

– Магистратура бір-ақ жыл болғандықтан сәуір айына дейін оқумен, емтиханға дайындықпен өткіздім. Сәуір-қыркүйек айларында диссертация жаздым.

Сабаққа баспен кірсеңіз, «жанып» кетесіз. Түрлі ұйымға барған дұрыс. Қосымша спорт, шығармашылық ұйымдарға қатысамын.

Жыл сайын Ұлыбританиядағы қазақ жастарының балы өтеді. Сонда жүргізуші болдым.

Даму мен өсуіме саяхат жасаудың ықпалы зор. Саяхат білім алу кезеңімнің маңызды бөлігі болды. Музейге барғанды қатты ұнатамын. Ағылшын ұлтының ұлы тұлғаларының өмірбаянын зерттеп, оқығанды жөн көрдім.

Желе мұрағат

Шетелдегі мүмкіндік Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары деген түсінік қаншалықты дұрыс?

– Кәсіпкерлік пен бизнеске қатысты болса, қарапайым кафе, ресторан, түрлі өндіріс ашу Қазақстанда анағұрлым тиімді. Бізде нарық бос. Отандық өнімді сапалы түрде жасап шығарсаңыз, сырттан келген тауарға бәсекелес бола алатын дәрежеге жете отырып, жетістікке жетуге болады.

Ұлыбританияда қаржы нарығының қолжетімділігі өте жоғары. Бірақ маман ретінде дамимын дегенге мүмкіндік мол.

Саясат Нұрбек айтқандай, Шетелде оқуды аяқтай салып елге қайтудан бұрын, сол елде жұмыс жасап көру қажет. Шикі білімді жеке тәжірибеде қолдану маңызды. Сол уақытта Қазақстан экономикасына шикі студент болып қана қайтпайсыз. Қазақстан экономикасына да әлдеқайда зор үлес қоса аласыз. Осы ұстанымды берік ұстанғым келеді.

«Болашақ» өз миссиясын атқара алып жатыр ма?

– «Болашақ» миссиясы – әлеуеті жоғары жастарға әлеуметтік лифт болу. Бұдан артық дүниені қысқа уақытта күте алмаймыз. 1993 жылдан бері 13 мыңға жуық жас білім алды. Әрқайсысы мемлекеттің өзіне жаратқан әр тиыны халықтың ақшасы екенін, әр тиыны қарапайым орта мектеп, балалар үйі, емхана сынды қажетті орынға емес, өздерінің біліміне кепілдік ретінде беріліп жатқанын ұмытпау керек. Соны түсініп, жүрегімен сезіп ел үшін қызмет етсе, ұзақ мерзімде үлкен өзгерістің қайнар көзі бола алады деп сенемін.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір