• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 03:54:16
Алматы
+35°

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Соңғы уақытта болған қайғылы оқиғалар ұйымдасқан қылмыстың тағы бір түрі – браконьерлік проблемасының бетпердесін ашты. Бүгінде браконьерлер сақадай-сай жабдықталып, қаруланған және өздерінің жазалана қоймайтынына сенімді. Биылдың өзінде жануарлар әлемін қорғап жүрген екі инспектор браконьерлердің қолынан қаза тапты. Жақында Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл көлінде браконьерлердің қылмыстық тобы ұсталды. Бұл тек бір ғана мысал, алайда браконьерліктің тамыры тереңге жайылған, соның ішінде бұл құқық қорғау органдарының салғырттығынан болып отыр. Браконьерлер ұлттық байлығымыз – табиғатымызға аяусыздықпен орны толмас зиян келтіруде. Үкіметке екі ай ішінде тиісті заңнаманы қатайту үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын», – деп, нақты міндеттер жүктеген болатын.

Бүгінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы браконьерлермен күрес шараларын жандандыра түсуде. Аталған мекеменің аңшылық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрғали Ниязқұловтың айтуынша, былтыр аумақтық инспекция заңсыз аң аулаған 60 заңбұзушылшық дерегін анықтаса, биылғы жылдың 8 айында рұқсатсыз аң аулап жүрген 25 браконьер қолға түсіпті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында жануарлар дүниесін қорғау бойынша Үкіметке арнайы тапсырма берген болатын. Алдағы екі ай ішінде браконьерлерге қатысты заң күшейтілетін болды. Соның арқасында арқаны кеңге салған заңсыз аң аулаушыларға нақты тиым болады деп күтілуде. Қазірдің өзінде инспекторлардың жұмысын күшейту бойынша және заманауи материалдық базаны жаңарту жөнінде министрлік тарапынан нақты жұмыстар жүргізу қолға алына бастады.

Браконьерлермен күрес жүргізу о бастан шешімін таппай келеді. Десе де елімізде орын алған соңғы қайғылы жағдайдан кейін заңсыз аң аулаушылармен күрес айтарлықтай күшейтіле түсті. Бұл тұрғыда жергілікті атқарушы орган және облыстық полиция департаментімен бірлесе отырып, жануарлар дүниесін қорғау бойынша арнайы жұмыс жоспары бекітілген болатын. Бүгінде сол жоспарға сәйкес нақты жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің осы жылдың маусым айындағы №144- өкімімен облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемелерінің қызметіне ішкі бақылауды және облыс аумағында броконерлікпен күресу, күзету жұмыстарын жүзеге асыру үшін жедел топ құрамы бекітілген.

Топтың құрамына орман шаруашылығы мекеме қызметкерлері енген, – дейді Нұрғали Жұмаділұлы.

 

 

 

Біз сөз етіп отырған инспекцияның шттаттық саны – 32. Мемлекеттік инспекторлардың қауіпсіздігі үшін оларға 20 қару-жарақ бекітіліп беріліпті. Іс сапар кезінде инспекторлар міндетті түрде мемлекеттік қарумен қамтамасыз етіледі екен. Егер инспекцияның материалдық базасы жақсы болса, заңсыз аң аулаушылармен күрес жүргізу айтарлықтай жеңілдей түсетіні анық. Мәселен инспекция иелігінде 16 мемлекеттік автокөлік бар. Соның ішінде 7 «УАЗ», 1 «Газел» мен 6 «Нива – Шевролет» және «KIA Sportage», «Toyota Fortuner» көліктері браконьерлерді құрықтауға жарап тұр.

Жалпы, облыс аумағында 49 аңшылық алқап орналасқан болса, оның ішінде 44 аңшылық алқап 27 табиғат пайдаланушыға бекітіліп беріліпті. Мұнан өзге 5 аңшылық алқап резервтік қор есебінде екен. Бекітіліп берілген аңшылық алқап 107 қорықшының қарауында көрінеді. Ол аумаққа тиесілі 88 автокөлік бөлініп, 54 кордон және 20-дан аса қонақүй орналасқан. Сондай-ақ «Андасай» секілді мемлекеттік табиғи зоологиялык қорықтарды күзетумен «Охотзоопром» іспетті республикалық мемлекеттік мекемелер де айналысады екен. Олардың да міндеті –Қызыл кітапқа енген аң құстарды қорғау және өсімін молайту.

«Алакөл» аңшылық шаруашылығының директоры Владимир Гришин Ақмола, Қарағанды облысында орын алған оқиғалардан хабардар екенін, Браконьерлермен күрес жүргізуде заңды күшейту жөнінде Президент берген пәрмен орынды екенін айтады.

– Менің аңшылық шаруашылығымның аумағы 34 мың 170 гектарды алып жатыр. Ол Мойынқұм ауданында орналасқанымен Балқаш пен Алакөл көлінің оңтүстік – батыс шеттерін қамтиды. Өзім аңшылық шаруашылық жүргізіп отырған аумақта әзірге заңсыз аң аулау дерегі кездескен жоқ. Бұған сол аумақты қоруда республикалық «Охотзоопром» мемлекеттік мекемесінің мамандары, облыстық қорықшылар, егерлердің қол ұшын тигізіп жүргені сеп болып отыр деп нық сеніммен айта аламын. Оның үстіне біздің аумақта аңшылардың күз айында маусымдық жолдама алып, аң аулауына құқығы бар. Десе де бұл белгілі бір шектеумен ғана жүзеге асырылады. Мәселен аңшылық алқабымдағы өзен-көлдерде жергілікті тұрғындардың қармақпен 5 келіге дейін тегін балық ұстауына мүмкіндігі бар. Мұны айтып отырған себебім, егер аңшылық шаруашылық иелері жұртшылыққа аң аулау маусымында жолдама беруді ойластырмаса, не болмаса ол тым қымбат болса, олардың заңсыздыққа баратыны анық. Ал біз сөз етіп отырған мәселе киік атуға құнығып, соның бағалы мүйізін саудалау үшін немесе басқа да рұқсат етілмеген аң-құсты аулау үшін қолына қару алғандар жайлы болса онда әңгіме басқа. Мұндай қадамға барғандарды қатаң жазаламаса болмайды, – дейді Владимир Павлович.

Рас, аңшылық – ата кәсіп. Десе де халқымыз кезінде күнкөріс көзіне балаған осы кәсіп түрін аңшылыққа ебі барлар саят құру арқылы ит жүгіртіп, құс салу секілді бекзат өнермен игерген. Олар аң-құсты қай кезде аулап, әлде аулауға болмайтыны секілді табиғат заңынан аттап өтпеген. Ендеше аң аулауды заңды белшеден басу, көзге түскен аң-құсты Қызыл кітапқа енген тізімде бар-жоғына қарамай жаппай қырып-жою деп ұғынған браконьерлерді сабасына түсіретін кез жетті. Ол үшін қатал заң, ал қорықшылар тарапынан қырағылық қажет-ақ.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір