• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
23 Қазан, 23:56:23
Назарбаев: "Нұр Отан" халықты мазалайтын мәселелерге араласпайды

21 Қыркүйек, 2019 Аймақтар

"Еңбек" бағдарламасының шарапаты мол

Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен қабылданған «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының әлеуметтің әлеуетін арттыруға қосып жатқан үлесі мол. Мысалы, Жамбыл облысының Жамбыл ауданында аталмыш бағдарлама аясында шаруасын шалқытып жатқан азаматтардың қатары артқан. Бұл туралы Жамбыл аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Асқар Жанқоразов тарқата айтып берді.

– «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы ауданымызда жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мәселен, шағын несие алып, кәсібін дөңгелетемін дегендерге қазірде айрықша қолдау көп. Биылғы жылдың жарты жылдығының өзінде 74 адам шағын несиемен қамтамасыз етілді. Олардың 70-і несиеге «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы қол жеткізсе, қалғаны «Атамекен – Тараз» шағын несие ұйымынан алды, – дейді А.Жанқоразов.

Биыл мемлекеттен шағын несие алып, оған сауынды сиыр сатып алғандардың бірі– «Шадияр» жеке кәсіпкерлік иесі Жұбаныш Айниязов. Ол да «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамының облыстағы филиалы арқылы 4 миллион теңңге алып, оған 14 сиыр сатып алыпты.

– Несиені 6 пайызбен 5 жылға алдым. 14 мүйізді ірі қараның бесеуі сауын сиыр. Оны ауылдағы үйде қолда ұстап отырмын, қалғанын бір шаруа қожалықпен келісіп, ақыға бақтырып жатырмын. Мал шаруашылығымен айналысуыма ауылдастарымның ісі арқау болды. Нақты айтқанда, бұрыннан азық-түлік сататын дүкенім бар еді. Дүкеніме үйінде бір-екі сиыр ұстап отырған көршілерім сауып отырған сиыр сүтінің өздерінен артылғанын әкеліп қойып жүрді. Ал ол сүтті келген келгенінше тұтынушылар талап әкететін. Осы жайттар көз алдымда болып жатқан соң, несиеге болса да сиыр алып, сүтін сатуға бел будым. Қазіргі таңда күніне суылған 25-30 литр сүттің әр литрін 130 теңгеден өткерудемін. Табысымыз өзімізге жетеді. Алдағы уақытта қосымша жұмысшылардың көмегімен мал шаруашылығының өрісін кеңейтіп, өз алдына ауыл сыртынан шаруашылық ашсам деген ойым бар, – дейді Жұбаныш Қуанышбайұлы.

Расында да тынбай тірлік еткендердің ғана табысы артады. Бұл тұрғыда дана халқымыз «Еңбек етсең-емерсің» деп тегін айтпаса керек.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір