• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 10:48:13
Алматы
+35°

Мемлекет кәсіп ашып, ырзық табуға ықыластыларды қашанда қолдап келді, қолдай да бермек. Президент өз Жолдауында шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқаратындығын атап өтіп, ол ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс беріп, жұмыссыздықты азайтатындығын баса айтқан болатын.

Айта кету керек, бұл тұрғыда «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының іскер азаматтарға тигізер пайдасы мол. Биыл аталмыш бағдарлама аясында Жамбыл облысы бойынша осы жылы 11,6 миллиард теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 7,4 миллиард, жергілікті бюджеттен 4,2 миллиард теңге бөлініпті. Сондай-ақ 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 22906 адам тартылса, оның ішінде ваканттық бос жұмыс орындарына – 8842 адам, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға – 3081 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 1440 адам, жастар практикасына 2108 түлек жолданып, ақылы қоғамдық жұмыстарға 4609 жұмыссыз тартылған. Ал 1208 адам «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқыса, «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 575 адам оқуға жолданыпты. 597 адам шағын несие алып, кәсіп бастап кеткен.

Сондай қолдауға ие болып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтардың бірі- Мұратбек Нысанбеков.

Ол 2013 жылы Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылынан өз күшімен халыққа ең қажетті техникалық жөндеу орталығын ашқан. Көлік саны күн санап артып келе жатқан қазіргі шақта оның ашқан орталығын кеңейту қажеттігі туындаған. Әрине, мына заманда қаржысыз шаруаңды тіктеу мүмкін емес. Сондықтан жеке кәсіпкер аудандық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қайырылыпты. Ондағы мамандар кәсіпкерге «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алуға мүмкіндігі бар екендігін айтқан. Осылайша, орайы келіп тұрған жеңілдіктен қағылғысы келмеген Мұратбек Нысанбеков 2017 жылы 3 миллион теңге несие алып, «Әсем» техникалық жөндеу орталығын қайта ашыпты. Сөйтіп онда көршілес Қытай елінен жаңа қондырғылар сатып әкеліп, көлік жуу, мотор жөндеу, дөңгелек түзету, компьютерлік тексеру, көліктің қозғалтқыш бөлігін жөндеу сынды қызмет түрлерін бір сәтте ұсына бастапты. Бүгінде жұмысы жанданып, аудан орталығындағы біршама тұрғындардың көліктерін жөндеп беріп, алғыс арқалап жүр.

– Бүгінгі заманның талабы – кәсіп ашып, жұмыссыздарға жұмыс тауып беру. Бұл орайда, мен де өз күшіммен кәсіп ашқан едім. Бірақ сұраныс артқаннан кейін кеңейту мүмкін болмады. Осы тұрғыда мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын сезініп, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы несие алдым. Мұның тиімділігі – 6 пайызбен 5 жылға дейін береді. Әрі қаржы қолыма тигеннен кейін 6 айлық каникул берді. Яғни, тіршілігім алға басқанша банкке ешқандай қаржы құймадым. Жарты жылдан кейін ғана кесте бойынша ай сайынғы ақшамды сала бастадым. Қазір жұмысым алға басып келеді. Қосымша дәнекерлеу цехының іргетасын құйып, қабырғасын қалап қойдым. Алдағы уақытта ол да іске қосылмақ. Бүгінде техникалық жөндеу орталығында 12 адам тұрақты жұмыс істеп жүр, – дейді М.Нысанбеков.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір