• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 16:29:14
Алматы
+35°

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы-қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі» атты халыққа арнаған Жолдауында «Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті. Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек»,– деп атап көрсеткен болатын.

Бүгінде Жамбыл облысында өз ісін ашып, жеке кәсіпке бет бұрғандардың қатары көбейіп келеді. Солардың бірі- Жамбыл ауданы, Аса ауылының тұрғыны Динара Бибазарова. Жеке кәсіпкер осыдан 3 жыл бұрын «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамының облыстағы филиалы арқылы 6 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, ол қаржыға 18 сиыр сатып алады. Осынау қаржылай қолдаудың нәтижесінде тірлігін тіктеп, шаруашылығын дұрыс жолға қойды.

– Несие алу үшін қаптаған құжат жинаудан шаршайтын, әр мекемеге бір сабылып, орта жолға келгенде қолын бір-ақ сілтеп, алған бағытынан кері шегінетін адам мен емес. Сондықтан өзіме «Өз алдыңа бір істі бастауға назарың ауды ма, ендеше сол істі соңына дейін жеткіз» деген биік мақсат қойдым. Міне, соның арқасында қазір өз ісімді дөңгелетіп отырмын. Осы ретте мемлекеттің көмегіне, аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандарына айтар алғысым шексіз.

Жалпы мал шаруашылығымен айналысатын адам сатылатын малдың бағасына емес, оның дені сау болуына, барған жерін жерсіне алатын артықшылығына қарау керек. Шаруашылығың сүт бағытында болса сүтті, ет бағытында болса етті мал алуға басымдық берілуі қажет. Өйткені мен әйел адам болғандықтан, істің көзін табу оңай болған жоқ. Күйеуім мен енем күндіз жұмыста болғандықтан, мал-жанға қарау өзіме жүктелді. Сиырды сатып алған жылы 5-еуі белгісіз жағдайда өліп, айтарлықтай шығынға баттық. Десе де қалғанын бағып-қағу, жем-шөп үшін тығырықтан шығудың жолын жолдасым Нариман екеуміз бірге қарастырдық. Шынын айтқанда, біразын бордақылап саттық. О бастағы мақсатым, ірі қараның басын төлі есебінен көбейту болған еді. Алайда мүйізді ірі қараның кейбірін бордақылап сатып, одан түскен қаржыны несиені жабуға, сауын сиырлардың жем-шөбін алуға, сатылған малдың орнын толтыруға жұмсау арқылы тығырықтан шықтық. Бүгінде сиырларымның есебі түгел. Күніне екі мезгіл 5-6 сиыр сауамын. Өзім ашқан «Айару» жеке кәсіпкерлігі қазір Аса ауылына қарасты бала бақшалар мен бірқтар ауыл тұрғындарын сиыр сүтімен қамтамасыз етіп отырған жайы бар, – дейді Динара Шералықызы.

Жалпы, Жамбыл жерінен мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттер аясында жандана түсетін болады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір