• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 01:23:18
Алматы
+35°

Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы Ы.Алтынсарин орта мектебінде «Мектеп формасы: өзекті мәселелер» тақырыбында ашық әңгіме отырысы өтті, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Жасыратыны жоқ, бүгінде Білім және ғылым министрлігінің мектеп формасына қойылатын талаптары қоғамдық пікірге біршама қозғау салып отыр. Мектеп формасы «Білім туралы» заң мен арнайы бұйрықта «діни атрибуттар қолданылмайды» деген талап қойылған. Осыған сәйкес бірыңғай мектеп формасын енгізу қарастырылған. Дегенмен өңірдегі кейбір мектептерде оқушы қыздардың оған бой ұсынбай, хиджаб киіп жатқандары кездеседі.

Басқосуға аудандық білім бөлімінің мамандары, ақсақалдар кеңесінің, қамқоршылар кеңесінің мүшелері, ата-аналар комитетінің төрайымдары, құқық қорғау органдарының өкілдері мен қоғамдық бірлестік төрағалары қатысты. Шарада алғаш болып сөз тізгіндеген аудандық білім бөлімінің әдіскері Индира Спаналиева ұрпақ тәрбиесінде мектеп формасының алатын орны ерекше екендігіне тоқталды. Сондай-ақ ол өткен оқу жылында ауданда мектептің ішкі жарғыларын 10 оқушы сақтамастан хиджаб кигенін жеткізді. Дейтұрғанмен сала мамандарының жұмыстарының нәтижесінде олардың 1-і жекеменшік мектепке, 4-і Ресейге қоныс аударса, қалғандары бірыңғай мектеп формасын киіпті.

– Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту жөніндегі бұйрықты «дұрыс» деп қабылдаймыз. Шындығында, бірізділікті мектеп формасы болуы талап етілуі тиіс. Өйткені, оның да беретін тәрбиелік мәні зор. Балалардың бір-бірімен тең болуына, өзін оқушы сезінуіне, тиянақтылыққа, жауапкершілік қасиеттерге баулиды. Ауданда мектеп формасына байланысты ата-аналарға ескерту хаттары жолданды. Сондай-ақ аудандық газетте арнайы айдар ашылып, онда мектеп формасының қандай болуы керектігі жөнінде мәліметтер келтіріліп отырды. Көбіне діни атрибуттары бар формалар ережеге сай келмейтіндігі белгілі. Сонымен қатар кәдімгі белдемшелердің қысқа болуы да өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл тұрғыда біз белдемшелердің тізеден 2 сантиметр төмен болуын талап ретінде қойдық, – дейді И.Спаналиева.

Өз кезегінде Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры Қанатбек Байтек білім ошағында діни атрибуттары бар мектеп формасымен екі оқушының келгенін айтып, мамандардың жүйелі жұмыстарының арқасында олар бірыңғай мектеп формасына көшкенін жеткізді. Жалпы ол басқаратын мектепте 824 оқушы білім алады екен. Жаңа оқу жылы қарсаңында демеушілер 40 оқушыны мектеп формасымен қамтамасыз етіпті. Сондай-ақ аудандық қамқоршылар кеңесінің төрайымы Эльмира Смайлова оқушылардың бірыңғай форма киюі қажеттігіне тілге тиек етті. Ал облыстық

«Aq jol» газетінің тілшісі Есет Досалы имандылық сырт келбеттен емес жүректен болатындығын алға тартып, мектеп тәртібіне бағыну қажеттігін баса айтты. Жиналысқа арнайы келген «Асыл Арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаев мектеп формасының бірізділіктің жоғалуының себебін ұлттық тәрбиенің әлсіздігінен екенін айтып, салт-дәстүр мен мәдениетті ұрпақ бойына сіңіру қажеттігін атап өтті.

Басқосуда сондай-ақ облыстық дін істері басқармасының инспекторы Арман Сәрсенбаев оқушының мектепке келгендегі басты мақсаты білім алу екендігін және білім ошағының ішкі тәртіптеріне бағыну қажеттігіне тоқталса, аудандық ювеналдық полиция бөлімінің өкілі Мейірбек Жүнісбеков ата-аналар Заңға бағынбаса әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын баса айтты.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір