• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 21:56:25
Алматы
+35°

1939 жылдың 14 қазанында Жамбыл облысы құрылғаннан кейін ондағы қоғамдық-саяси қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік мекемелер де құрыла бастады. Соның бірі облыстық архив мекемесі болатын. Аталған мекеме Қазақ Советтік Социалистік Республикасы Ішкі істер халық комиссарлары облыстық басқармасының бұйрығымен құрылды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

«Облыста мұрағат бөлімін құру туралы» Ішкі істер халық комиссарларының №1875 бұйрығы 1939 жылдың 22 желтоқсанында шықты. Ал мұрағат бөлімі ішкі істер халық комиссарлары облыстық басқармасының жанынан 1940 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс жасай бастады. Жалпы өңірдегі мұрағат жүргізу ісі 1918 жылдан қолға алынған. Дәл осы жылы «Мұрағат ісін қайта ұйымдастыру туралы декрет» шығып Түркістан Автономдық Советтік Социалистік Республикасы Сырдария облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы құрамындағы барлық аудандарда мұрағат ашу мәселесі күн тәртібіне қойылды. 1933 жылы Әулиеата, Жуалы, Қордай, Меркі, Шу аудандарында мұрағаттар құру туралы бұйрыққа қол қойылды. Кейіннен аудандық мұрағаттар Әулиеатадағы ауданаралық мұрағат бюросына бекітілді.

Негізінен өңірдегі мұрағаттандыру ісі өткен ғасырдың екінші онжылдығында басталғанымен бұл жұмыста бірізділік болмаған. Кейіннен мұрағаттық мәліметтер аудандық атқару комитетінің жеміс-жидек, астық сақтауға арналған жертөлелерінде сақталып келгендігі де әшкереленді. Тіпті бастапқыда аудандық мұрағаттардың материалдық-техникалық базасы 1 үстел мен 1 орындық және сия сауытынан тұрғандығы туралы да деректер айтылады. Алғашында мұрағатшы қызметін аудандық атқару комитетінің машинисткаларының атқаруы да бұл салаға әу баста тиісті көңіл бөлінбегендігін айғақтайды.

Алайда арада өткен 80 жыл Қазақстандағы архив саласымен бірген Жамбылдағы мұрағаттандыру ісіне соны серпіліс әкелді. Өткен жылы Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында бұл салаға арнайы көңіл бөлініп, «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасының қолға алынатындығы айтылады. Қазір облыстағы архив қызметі цифрландыру жүйесіне көше бастады. Сәйкесінше бұл жүйе жергілікті тұрғындардың архив саласындағы сұранысын жедел өтеуге жол ашты.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір