• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 08:36:51
Алматы
+35°

Бүгінде облыста білім саласын цифрландыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтар болсақ, өткен жылы өңір мектептері 161 робототехника кабинетімен жабдықталған болса, жаңа оқу жылында ол көрсеткіш 49-ға артып, 210 мектепке жеткен. Жыл соңына дейін тағы 20 кабинет ашу көзделіп, көрсеткішті елу пайызға жеткізу көзделген. Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында айтылды.

Басқосуда облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова білім беру мекемелерінде IT сабақтарының және робототехника үйірмелерінің ұйымдастырылу барысы туралы баяндады. Оның айтуынша бұл бағытта оқыту шаралары үйірмелер және таңдау курстары есебінен информатика пәндерінің мұғалімдерімен жүргізілуде екен. Жалпы, облыс мектептерінде барлығы 790 информатика мұғалімдері жұмыс істесе, олардың 62 пайызы «Робототехника негіздері», 46,8 пайызы күшіне «3D-притинг және бағдарламалау» тақырыптарында біліктілік курстарынан өткен.

Ол ғана емес, өткен жылы өңірде дарынды балаларға арналған мамандандырылған ІТ-лицей-интернаты ашылып, бүгінгі күні 7-9 сыныптарда 160 бала білім алуда. Сондай-ақ, аудандар мен Тараз қаласында былтыр 14 ІТ сыныптары ашылса, ағымдағы жылы ол санды 50 жеткізу жоспарланған. Бұдан бөлек, білім басқармасына қарасты ақпараттық орталықтағы штат саны оңтайландырылып, бюджет қаражаты үнемделуде.

Жиында аймақ басшысы Асқар Исабекұлы бұл бағытта жұмсалатын бюджет қаражатын тиімді жұмсалуына көңіл бөліп, сатып алынып жатқан техникалар мен жабдықтардың сапалы әрі заманауи болуына назар аудартты. Сонымен қатар, арнайы курстардан өткен ұстаздардың да білім сапасы шын мәнінде ойдағыдай бола бермейтінін баса айтып, осы тұрғыда зерделеу шараларын ұйымдастыруды тапсырды. Өңір басшысы ІТ-лицей мен сыныптарының және робототехника кабинеттерінің пайдалану тәртібі мен ережесін бекіту керектігін жеткізді.

Айта кетейік, бүгінде облыс оқушылары халықаралық, республикалық робототехника бойынша конкурстарға қатысып, жылдан-жылға жақсы жетістіктерге жетуде. Атап өтер болсақ, соңғы екі жылда халықаралық байқауларда 10 оқушы жеңімпаз атанса, өткен жылы республикалық жарыстарда 30, ағымдағы жылдың бес айында 54 оқушы жүлдегер атанған. Сондай-ақ, министрліктің «Ақпараттық талдамалық орталығы» дайындаған «ҚР Білім беру жүйесінің ахуалы мен дамуы туралы» ұлттық баяндамада орта білімнің сапасы және басқа да түпкі нәтижелердің индексі бойынша Жамбыл облысы екінші орынды иеленген.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір