• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
20 Қазан, 19:48:56
Назарбаев: "Нұр Отан" халықты мазалайтын мәселелерге араласпайды

24 Қыркүйек, 2019 Саясат

Қытайдан келген зейнеткерлер Қазақстанға аз қаржы әкеліп жатқан жоқ

Қазақстан тәуелсіздік алғалы ұлт көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қалың елі қазағына жасаған абзал саясатының арқасында бір миллионнан астам қандасымыз тарихи отанына оралды. Қазақстанның құзырлы орындарының жеңілдіктер жасауының нәтижесінде азаматтық алу ісі де оңайлады. Құжаттары дұрыс болса, 6 айға жетпейтін уақытта Қазақстан азаматтығын алуға мүмкіндік бар. Бұған бүкіл қандастар дән риза. Әсіресе, Қытайдан келген қазақтардың Елбасына, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа айтар алғысы шексіз.

Дей тұрғанмен, соңғы кездері Қытай билігінің Шинжияңда жүргізілген саясатына байланысты Қазақстан азаматтығын алса да, Қытай азаматтығынан шыға алмай жүрген қандастарымыздың саны күн сайын көбеюде. Нақты айтқанда, Қытай билігі халықаралық заң мен өзінің заң-жарлықтарын белден басып, әдейі жолсыздық істеуінен осы мәселе туындап отыр.

Қытай Халық Республикасының азаматтық туралы заңының 3-бабында: Қытай Халық Республикасы кез-келген қытайлық азаматтың қос азаматтығын мойындамайды ,- деп белгіленген.

Осы заңның 9-бабында: Шетелде қоныстанған, өз еркімен шетел азаматтығын алғандардың қытай азаматтығы автоматты түрде жойылады ,- деп белгіленген. Алайда, өз заңында осылай жазулы тұрса да, өз заңын өзі мойындамай, өз еркімен Қазақстан азаматтығын алып, Қытай азаматтығынан шығуды талап еткен азаматтарды азаматтықтан шығармай, яғни Қытайдағы нопосын (тұрақты тіркеуін) өшірмей, паспортын қимай, түрлі сылтаулар айтып қинап отыр. Кейбір қандастарымыз Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін, Қытай азаматтығынан шығу үшін Қытайға барса, оларды «Қос азаматтық» қылмысымен ұстап, орынсыз сұрақтарға тартуда. Кейбірі түрмеге де қамалды. Жоғарыдағы заңның 10-бабында: Қытай азаматтары төмендегі шарттардың бірін әзірлесе, Қытай азаматтығынан шығуды өтініш етуіне болады,- деп анық жазылған.

  1. Олар шетел азаматтарының жақын туыстары болса;
  2. Олар шетелге қоныстанған болса;
  3. Басқа да үйлесімді себептер бар болса.

Қазақстан азаматтығын алған қандастырымыздың талабы осы үш шарттың үшеуіне де түссе де, Қытайдың оларды азаматтықтан шығармай, болмайтын сылтау айтатыны қалай?!

Қазақстан азаматтығын алып, бірақ Қытай азаматтығынан шыға алмай жүргендердің арасында зейнеткерлер де, Қытайда ешқандай қызмет істемеген азаматтар да, немесе қызмет істесе де, қызметінен Қытайдың заңды тәртібі бойынша шегінген, қазір Қытайдан ешқандай нәпәқа алмайтын азаматтар да бар.

Қытай билігі Қазақстан азаматтығын алған зейнеткерлерді де Қытай азаматтығынан шығармауы да өз заңына қайшы. Оған да дәлел көрсетелік.

2018 жылы 14 наурызда Қытайдың шетелдегі Қытай істері жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Тан Тянь Шиң Шетелдегі қытай азаматтарының «Шетел азамттығын алу», «Зейнетақы мәселесі» жөніндегі сұрақтарына жауап бергенде былай деген еді:

«Шет елдердегі қытай азаматтары және шетел азаматтығын алған қытайлықтар Қытай заңында белгіленген заңды зейнетке шығу жасына толған және зейнетке шығудың тиісті (кету) жұмыстарын бітірген болса, шетелге қоныс аударғаннан кейін мемлекеттің қатысты белгілемелері бойынша, зейнеткерлік мәміледен игіліктене береді, оның Қытай азаматтығынан шығуымен қатысы жоқ.

2015 жылдың 1 шілдесінен бастап тараптар «шетелде қоныстанған азаматтардың қарттар қамсыздандыру қаражатын алу толымдылығын тексеру анкетасына қатысты мәселелер жөніндегі хабарлама» және басқа да тиісті нормативтік құқықтық актілердің ережелеріне сәйкес, қамтамасыз етуді жүзеге асыратын әлеуметтік сақтандыру агенттігі шетелдегі қытай елшіліктері мен консулдықтары тиісті консулдық сертификаттаумен шығарылған «шетелде қоныстанған азаматтардың қарттар қамсыздандыру қаражатын алу толымдылығын тексеру анкетасын» куәландырады.

Елден кетуге рұқсат алған азаматтар, шетел азаматтығын алудан бұрын, зейнеткерлік жасқа толған болса және зейнеткерлік рәсімдерін өтесе, олар Қытайдағы зейнеткерлермен бірдей емделу саясатынан игілктенеді.

Негізгі медициналық сақтандыруға қатысқан және елден кетуге рұқсат берілген зейнеткерлер, шетел азаматтығын алсын, алмасын, жергілікті медициналық сақтандырудың тиісті ережелеріне сәйкес негізгі медициналық сақтандыру төлемдерін алуға құқылы». (Қараңыз: Қытайдың шетелдегі қытай істері сайты, 14.03.2018)

Міне мұнда «Зейнеткерлер шетел азаматтығын алса, Қытай азаматтығынан шығарылмайды немесе зейнетақысы берілмейді» деген сөз жоқ. Керісінше «Шет ел азаматтығын алған қытайлықтар Қытай заңы бойынша зейнеткерлік мәміледен игіліктене береді, оның Қытай азаматтығынан шығуымен қатысы жоқ» деп ашық айтып тұр. Ендеше Шиңжаңдағы Қытай билігінің ҚР азаматтығын алған зейнеткерлерді азаматтықтын шығармауы немесе "азаматтықтан шықсаң, зейнетақыңды тоқтатамыз" деуі Халықаралық заңға ғана емес, өз заңына да томпақ.

Бұл мәселе сырттай қарағанда, жай мәселе сияқтанғанымен, өте маңызды. Себебі бұл Қазақстан азаматтарының мәселесі. «Бұл Қытайдың ішкі ісі» деп жалтақтайтын мәселе тіпті де емес. Қазақстан азаматтарының мүддесін Қазақстан қорғамағанда, кім қорғайды? Сондықтан Қазақстан дипломатиялық жолмен, екі ел Сыртқы істер министрлігі диалог арқылы шешуді қолға алуы керек. Қытайдан келген азаматтар өз еркімен Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін, ол Қытайдың заңы бойынша автоматты түрде Қытай азаматтығынан шығарылып, «Қытай азаматтығынан шықты» деген анықтаманы еш себеп-сылтаусыз беруі керек. Қытайдың «Қарызы бар-жоқтығын, бұрын қылмыс жасаған-жасамағандығын тексереміз» деп екі-үш ай бойы күттіруі де жосынға сыймайды. Себебі Қытай заңы бойынша, қылмыс жасаған, көп қарызы бар адамдарға паспорт берілмейді, шекарадан шығуға да рұқсат жоқ. Ендеше, Қазақстан Қытайдың өз заңынан пайдалана отырып, Қазақстан азаматтығын жаңадан алған қандастардың мүддесін қорғауы тиіс.

Қытайдан келетін зейнеткерлер мәселесін үйлесімді шешу Қазақстанға да көп тиімділік әкеледі. Қытайдан келген зеинеткерлердің жалақысы жоғары, көбінің зейнетақысы 200 мың теңгеден артық. Бір отбасында бір зейнеткерден бар. Ендеше, Қытайдан келген 1000 зейнеткер бар деп есептесек, ай сайын Қазақстанға 200 миллион теңге қаржы құйылып тұр. «Тамшы тамса, көлге сеп». «Зейнетке шыққан соң Қазақстанға келемін» деп отырған зейнеткерлер қаншама?! Онымен бірге келетін немере-шөберелері де Қазақстан үшін байлық. Сондықтан бұл мәселені үйлесімді шешу Қазақстанға да көп тиімділік әкеледі.

Атажұрт АҢСАҒАН

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір