• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
14 Қазан, 10:00:16
Расул Жұмалы: Қандастардың «тау-тасты басып өттік» деуі қисынға келмейді

25 Қыркүйек, 2019 Аймақтар

Жамбылдық жампоз – әлем чемпионы!

Алматы қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты шымылдығын түріп, жарыстың алғашқы күні сүйінші хабар жетті. Әлемнің 64 елінің кіл мықты балуандары бақ сынап жатқан бәсекеде жамбылдық жампоз Нұрқанат Серікбаев алтыннан алқа тағып, абыройымызды асқақтатты деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

50 келіде бозкілемге көтерілген Нұрқанат ақтық айналымға дейін қарсылас шақ келтірмей, финалда францияның балуаны Ромэн Валадьемен күш сынасты. Негізгі уақытта бірін-бірі ала алмаған жекпе-жектің тағдырын соңғы минуттағы сәтті әдіс шешті. Ұрымтал сәтте қарсыласын еденге алып ұрған Нұрқанат оны сол бойы босатпады. Нәтижесінде жерлесіміз әлем чемпионы атанды.

Жарайсың, Нұрқанат! Жеңісің құтты болсын!

Жалпы 25-29 қыркүйек аралығы өтетін байрақты бәсекеде ел намысын 32 спорты қорғауда. Ұлдар арасында Ермахан Амандық (-50 келі), Нұрқанат Серікбаев (-50 келі), Қайыржан Жүнісбек (-55 келі), Аслан Лес (-55 келі), Әділ Марлен (-60 келі), Тілеген Тынарбай (-66 келі), Тайман Нұрғалиев (-66 келі), Атабек Тұрлыбаев (-73 келі), Серікбол Естай (-73 келі), Мұхамедәлі Мавлидов (-81 келі), Айдар Арапов (-81 келі), Нұрасыл Болат (-90 келі), Қайратбек Сәбит (-90 келі), Жұрқамырза Шүкірбеков (+90 келі) және Бақтияр Сүртебаев (+90 келі) ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді.

Қыздар сынында Әлима Жұмағалиева (-40 келі), Кұндыз Жылқыбай (-44 келі), Диана Буркеева (-44 келі), Аружан Ережепова (-48 келі), Балнұр Әбдешова (-48 келі), Айым Жұмағалиева (-52 келі), Аяна Сатқыналиева (-52 келі), Аяулым Қуанышева (-57 келі), Шапағат Даулет (-57 келі), Шынар Өзбекова (-63 келі), Диана Телбаева (-63 келі), Даяна Талғат (-70 келі), Сымбат Дүйсенбай (-70 келі) және Мадина Парағұлова (+70 келі) жүлде жолында барын салмақ.

Ал Mixteam. Командалық жарыста Нұрсултан Зайзағалиев (-60 келі), Рауан Назырханов (+90 келі) және Карина Такиева (+70 келі) көк байрағымыздың астында өнер көрсетеді.

Міне, осы сақа саңлақтарымызға еліміз сенім артып отыр. Әрине дүбірлі додаларда бірде бақ, бірде бап шауып жататыны белгілі. Алайда жарыстың алғашқы күні жамбылдық жампоздың жүзден жүйрік шығып жатқаны қалған балуандарға да жеңіске деген жігер береді деп үміттенеміз.

Алға, Қазақстан! Жеңісті жорықтарың жалғаса бергей!

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір