• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 09:14:36
+35°

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына сай Тараз қаласынан 25 шақырым қашықтықтағы Атлах қаласының орнына археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл жайында облыс әкімінің Жамбыл ауданындағы жұмыс сапары кезінде белгілі болды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Ауданға жасаған сапары кезінде тарихи орынға арнайы ат басын бұрған өңір басшысы осы маңда болған Атлах-Талас шайқасының тарихи мән мазмұнына тоқталып, жауапты тұлғаларға бұл маңда археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуді кешіктірмей қолға алуға тапсырма берді. Өз кезегінде тарихшылар да біздің жыл санауымыздың 751 жылы мұнда болған Атлах шайқасының ислем өркениетінің қазақ даласына таралуында шешуші мәнге ие шайқас болғанын атап өтті. Сондықтан өңір басшысы бұл қасиетті орынды насихаттау, оның отандық тарихқа белгісіз қырын мейлінше таныту жұмыстарына жіті назар аудару керектігін атап өтті. Сәйкесінше бұл шаруалар кешенді археологиялық ғылыми-зерттеу мен барлау-қазба шаралар арқылы жүзеге асырылмақ.

Жамбыл облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы директорының орынбасары Сауран Қалиев Атлах қалашығын ғылыми зерттеу жұмыстарына жергілікті тарихшы-археолог ғалымдарды тартылатындығына баса назар аударды. Облыс әкімі өңір тарихқа көпке танытуды мақсат еткен мұндай шараға қаржы облыстық бюджеттен бөлінетіндігін айтты.

Айта кетейік, Атлах шайқасы біздің жыл санауымыздың 751 жылы Тараз маңындағы Атлах қалашығының маңында қытай және араб әскерлерінің арасында болған. Атлах қалашығы жайында деректер тарихи мәліметтерде молынан кездеседі. Мәселен атақты тарихшы Махмуд Қашқаридың өз еңбектерінде «Атлах – Тараздың маңындағы қаланың аты» деп атап көрсетеді. Тағы бір тарихшы А.Бернштамның жазбаларында Атлахтың қалдығы – Жуантөбе екендігі айтылады. Атлах маңындағы кескілескен ұрыста жеңіліс тапқан қытай әскерлері одан кейін түркі елдеріне шабуыл жасауды доғарыпты. Бұл шайқастың тағы бір маңыздылығы оның сол тұстағы геосаясатқа әсер етіп, қазақ жерінде ислам өркениетінің кеңінен өркен жаюына себеп болуымен байланыстырылады. Осы шайқастан көп өтпей қазіргі Қазақстан аумағында билік құрған Қарахан хандығы ислам дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдағаны тарихтан мәлім.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір