• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 17:54:49
Алматы
+35°

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарының ізі суымай жатып, 21-25 қыркүйек күндері Қытай парламентінің жетекшісі Ли Чжаньшу Қазақстанға келді. Қазақстандағы БАҚ-та Чжаньшу сапарының мақсаты анық айтылмағанымен, Қытайдың Хinhua агенттігі Ли Чжаньшу сапарының басты мақсатын сол күні-ақ ашық жазған.

Хinhua агенттігінің жазуынша, Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Дариға Назарбаева мен парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулинның шақыруымен Қазақстанға келген Ли Чжаньшу Назарбаевамен және Нығматуллинмен кездескен кезде, "екі елдің парламенті мемлекет басшыларының келісімін бірлесе жүзеге асыру керектігін" айта келіп, қазақ-қытай арасындағы инвестицияны қорғау, кедендік рәсімдеу және жұмыс істеуге рұқсат беру, қолайлы инвестицияға мүмкіндік жасау келісімдерінің жаңарған нұсқасын тез арада ратификациялауды өтінген.

Қазақстан парламенті палаталарының спикерлері мен Қытай парламентінің жетекшісі қандай келісімге келгені жайлы қазақстандық ресми басылымдар нақты ештеңе жазбады. Қазақстан парламентінің ресми сайтында да Ли Чжаньшудың не айтқаны жайлы ақпарат жоқ.

Қазақстан билігі соңғы кездері елдегі "Қытайға қарсылықтың" күшеюіне байланысты мәселенің тіпті өршіп кетуінен алаңдап, бұл кездесудегі келісімдерді құпия ұстағанды құп көрген сыңайлы.

Соңғы жылдары бүкіл әлем Қытайдың қаржы салу, қарыз беру сияқты жұмсақ тәсілмен басқа елдерді жаулап алу саясатынан тіксініп жатқанымен, Қазақстан билігі "Қытайдан ешқандай қауіп жоқ" деп айылын жияр емес. Керісінше, Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" жобасына белсене үн қосып, елде Қытай зауыттарының  салынуына мол мүмкіндік жасап жатыр.  Бұл жөнінде, Қытай қауіпі жөнінде Қазақстандағы БАҚ-та аз айтылған жоқ. Ендеше, бүгін біз айта - айта жауыр болған бұл тақырыпты қоя тұрып, Қытай сипкері не үшін қазақ-қытай арасындағы инвестицияны қорғау, кедендік рәсімдеу және жұмыс істеуге рұқсат беру, қолайлы инвестицияға мүмкіндік жасау келісімдерінің жаңарған нұсқасын тез арада ратификациялау мәселесін көтергеніне үңіліп көрейік.

Халықаралық қоғамдағы аумалы-төкпелі жағдайларға және Қытайдың шетелдегі компаниялары мен онда жұмыс істейтін азаматтарының бас амандығына кепілдік ету қажеттілігінің артуына байланысты Қытай билігі соңғы кездері инвестицияларын қорғауды желеу етіп, көптеген елдермен келіссөздер өткізіп, келісімдер жасаса бастады. Ауғанстан, Сирия, Ирак, Ливия және Африка елдерінде Қытай жұмысшыларына қастандық жасалғанын және көптеген мемлекеттерде жергілікті халықтың Қытайға қарсы наразылығының өршуіне байланысты Пекин шетелдегі Қытай компаниялары мен азаматтарының мүддесін қорғайтын жеке күзет компанияларын көптеп құрып жатыр. Қытайдың шетелдегі фирмалары да жеке күзет компанияларын өздерінің қызметкерлері мен активтерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа нұсқасы ретінде қарастыра бастады. Мәселен, 2009 жылы Қытай билігі ресми түрде жеке күзет компаниялары нарығын ашты. Содан бері 5000-ға жуық қытайлық жеке күзет компаниялары күзет қызметтерінің сан алуан түрін дайындап үлгерді. Бұл компаниялардың бірі бөлігі ішкі деңгейде қауіпсіздік қызметін көрсетсе, негізгі жетекші топ шетелде жұмыс істеді де, олар үшін Африка елдері өз тәжірибелерін, жұмыс әдістерін қолданып көретін тамаша сынақ алаңы болды.

Қытайдың жеке күзет компанияларының қазір екі түрі бар. Оның бірі -  шетелдің жеке күзет компанияларымен бірлескен күзет компаниясы болса, екіншісі -  кілең қытайлық күзет компаниялары. Қытай жеке күзет компанияларының бағасы тиімді, шетелдік компаниялардан он есе арзан болғандықтан, болашақта қытайдың шетелдердегі жеке күзет компаниялары барған сайын көбеюі әбден мүмкін.

Ал инвестицияны қорғау мәселесіне келсек, Қытай қазірге дейін АҚШ пен Еуропа одағынан бөлек, 130-дан аса мемлекетпен инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім жасасқан. Қытай сауда минстрлігі сайтының дерегіне сүйенсек, Қазақстан мен Қытай бұл келісімге - қос ел үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге 1992 жылы қол қойған. Содан бері бірнеше толықтырулар мен өзгерістер жасалған. Әрине, мемлекеттің дамуы үшін және көптеп инвестиция тарту үшін бұл келісімнің керегі де бар шығар. Алайда, соңғы кездері әлем елдері Қытайдың осы келісімді көлденең тартып, "Өз компанияларымызды өзіміз қорғаймыз" деген желеумен "Жеке күзет компанияларын" кіргізуіне алаңдай бастады.

Соңғы жылдары Қытай Орта Азия елдеріне инвестиция салу қадамын жеделдетті. Қазақстан да Қытайдан қыруар қарыз алды. Қытай қаржысымен салынған нысандар да аз емес. Қазақстанның жер қойнауындағы байлықтарды ашық пайдаланып жатқан Қытай компаниялары да көп. Болашақта бұл көрсеткіш тіпті көбейе түсетіні анық. Оның үстіне Қытайдың қаржы салу ауқымы ауыл шаруашылық, құрылыс, өнеркәсіп саласына қарай кеңейіп барады. Әрине, қазіргі заманда шетел инвестициясынсыз бір ел экономикасының ойдағыдай өркендеп кетуі қиын. Қазақстан биілігі де осы мәселені алға тартқанымен, Қазақстан халқы қытайлар елдегі жемқорлық жүйені жақсы пайдаланып, өз ықпалын барған сайын кеңейтіп, болашақта ел егемендігіне ауыр қатер төндіре ме деп алаңдайды. Ол алаңдаушылық негізсіз де емес. Өйткені бұған дейін Тәжікстан Қытайға жер бөліп берген, Шри-Ланка Қытайдан алған қарызын қайтара алмай, амалсыздан Қытай қаржысымен салынған портын ұзақ мерізімге Қытайға жалға берген, Пәкстан мемлекеті де сондай жағдайға түскен.

Ал Қытайдың инвестицияны қорғауды мақсат етіп, инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді жаңартуға бел шеше кірісуінің астарында Қазақстандағы Қытай компанияларын және Қытай жұмысшыларын қорғау желеуімен қытайлық жеке күзет компанияларын біздің елге кіргізуді мақсат етіп отырғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Өйткені Қытай соған мүдделі. Қытай да Қазақстанға салған қыруар қаржысының текке кетуінен немесе халықтың толқып, билікке күш бермей, Қытай зауыттарын қиратып, Қытай жұмысшыларын елден қуып шығуына алаңдайды. Сол үшін де Қытай Қазақстан үкіметімен келісе отырып, елдегі өз компанияларын, мұнай-газ құбырларын қорғаудың жаңа жолдарын іздеу үстінде. Қытай үшін оның ең ұтымды жолы - жеке күзет компаниялары арқылы Қазақстандағы қытайлардың мүддесін қорғау. Айтылуында "Жеке күзет компаниялары" болғанымен, бұл компания мүшелерінің негізгі құрамы Қытайдың әскери жаттығуынан өткен, сайдың тасындай іріктелген әскери азаматтар. Олардың күнделікті қызметі өз қамқорлығындағы компаниялардың қауіпсіздігін қорғау болғанымен, ең басты міндеті өзі барған елдің жалпы жағдайы туралы әскери жол картасын жасау болуы әбден мүмкін.  Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан үкіметі Қытайдың инвестицияны қорғау деген желеуімен айтқан әрбір талабына өте сақтықпен қарағаны жөн. Оның үстіне Қазақстанның қазіргі қоғамдық жағдайы өте жақсы, террористік әрекеттермен айналысатын ләңкестер де жоқ. Тек Қазақстан халқы Қытайдың жұмсақ тәсілмен ірге кеңейту сынды жымысқы саясатына қарсылық танытқаны болмаса, елде Қытай азаматтарының бас амандығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Ондай қауіп төнген күннің өзінде, Қазақстан билігінің шетел инвесторларының бас амандығын, мал-мүлкін қорғауға қуаты жетіні анық. 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір