• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 11:04:57
Алматы
+12°

Экс-сәләфит: Қара түнектен түрлі-түсті әлемге тап болғандай болдым

Мен қара түнектен шықтым. Осыдан бірнеше жыл бұрын дін жолына түстім. Ата-анам намаз оқитын. Есейген кезде мені діни лагерьге жіберді. Осылай дін жолындағы алғашқы қадамдарым басталды. Алғаш рет дәрет алып, намаз оқыдым. Лагерьден кейін менің жанымдағы адамдар маған намазды қалай оқыған дұрыс екенін, дәрет алудың шарттары мен ережелерін үйрете бастады. Олар айтқан Назратулла мен Қуаныш Башпаевтың уағызын күні-түні тыңдайтынмын. Кейбір түсінбеген уағыздарды қайта қарап шығудан жалыққан емеспін. Уақыт өте келе ата-анам менің намаз оқуымда ерекшелік бар екенін байқап, діни сауаты бар адамдармен кездестірді. Бірақ сәләфи ағымындағылардың айтқан уағыздары менің санамнан шыққан емес.

Алғашында сәләфиттер маған керемет тақуа адамдар болып көрінетін. Өйткені олардың арасында иманжүзді, мейрімді жандар да жоқ емес. Бірақ сирек кездеседі, жүзден бірі десем қателеспеймін. Біраз уақыт өткеннен кейін мен намазды үйдегілер секілді оқитын болдым. Яғни тәкбір алмай оқып жүрдім. Шынымды айтсам, мәжбүрлі түрде оқыдым.

Бірақ сенімім өзгермеді. Қанша діни білімді адамдармен сөйлестім. Олар 100 пайыз дәләл көрсетіп тұрса да, өз сенімімнен айныған емеспін. Неге екенін білмеймін. Дәстүрлі діннен сенімді хадис келтірген адамға күмәнмен қарап, айдаладағы адамның нақты дәлелі жоқ хадистеріне имандай сенетінмін. Мен тек ақыретті ойлап өмір сүрдім. Өмірім тек қара мен ақ түстен ғана тұрды. Осындай тіршілік 3 жылға созылды. Кейін сәләфи ағымындағылардың мен ойлағандай мейрімді, адал адамдар емес екенін түсіндім. Көзім ашылғандай болғанымен, жүректегі сенімімді өзгерте алмадым. Менің бірнеше рет тұрмыс құрған танысым бар. Ол да сәләфилердің құрбаны болды. Күйеулері некесі қиылып, бірнеше ай өткен соң талақ айтқан. Тіпті кейбірі бірнеше күн өткен соң талақ айтыпты. Осы секілді оқиғаларды көріп, тәубеме келе бастадым. Әрине бәрі бірден бола салған жоқ. Жанымдағы ханафи мазхабын ұстанатын құрбыларымның әсері де болды. Сәләфи сенімін ұстанған кезімде "харам" деген сөзбен ғана өмір сүрдім. Біраз уақыт түнгі намазға тұрып, Алладан тура жолға салуын тіледім. Дұға жасадым. Алланың қалауымен дұғам қабыл болды. Сөйтіп жүрегі қара таңба секілді басылған күмәннан да арылдым. Қара түнектен түрлі-түсті әлемге тап болғандай болдым.

Бұл бұрын сәләфизм сенімін ұстанған қыздың оқиғасы. Оқып отырып бір қатерден аман қалды ма дерсіз?! Бұл ағымның дертінен айығуға болады. Бірақ оңайға соқпасы анық. Қазіргі таңда заңның шеңберінен шықпауға тырысатын, тіпті ақидасын жасыратындар да кездеседі. Ал енді біреулерінің "ешқандай мазхабты ұстанбаймын, Құранмен, сүннетпен ғана жүремін" деп ашық айтып жүргенін де құлақ естіп, көз көріп жүр. 

"Сәләфизмге толықтай тыйым салу – кезек күттірмейтін мәселе"

Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы "сәләфизмге ағым ретінде толықтай тыйым салыну керек" деп есептейді.

"Бұл мәселеге жан-жақты қарау керек. Осы уақытқа дейін біраз жұмыстар жасалды. Сәләфизм ағымына заң жүзінде толық тыйым салынбаған. Десе де осыдан 5-6 жыл бұрынғы жағдайға қарағанда, ағымның алдын алуға байланысты бірқатар мәселелер шешімін тауып келеді.

Біріншіден, қазір интернеттегі теріс насихаттарға шектеу қойылған. Бұрынғыдай емін-еркін, ойларына келгенін жазып, насихаттап жатқан жоқ. Осы жағы бір жүйеге келіп қалды деп айтуға болады. Дегенмен толықтай жойылды деп те айта алмаймыз.

Екіншіден теріс ағымды насихаттап жүрген Ділмұрат, Ибрахим Халил секілді адамдар депортацияланып, үстінен қылмыстық іс қозғалып, түрмеге жабылды. Бұл да ауқымды жұмыс. Жат ағымның басты серкелерін қамауға алғаннан кейін біраз адам ойланды деген ойдамын.

Үшіншіден, ағым ретінде толықтай тыйым салуға әлі де кеш емес. Тіпті кезек күттірмейтін мәселе деп есептеймін. Бұған қазіргі таңда ешқандай кедергі жоқ. Тек қана бізге саяси шешім мен батылдық қажет. Мысалы, таблиғи жамағатқа заң жүзінде тыйым салынды. Тыйым салынғаннан кейін олардың радикализмге айналып кеткенін байқамадық. Керісінше тыйылды. Ал Қырғызстанда бұл жамағатқа тыйым салынбады, кейін олар кеңінен етек жайып, көбейіп кетті. Сондықтан мен сәләфизмге ағым ретінде заңмен тыйым салыну керек деп айтып жүрмін. Әрине, сәләфилердің бәрін түрмеге қамау міндетті емес. Шартты түрде жазалауға немесе белгілі  бір әкімшілік жазаға тартуға болады. Жасаған насихатына қарай, қоғамның бірлігін бұзуға қарай түрмеге дейінгі біраз жазаларды қолдану керек", – дейді Қайрат Жолдыбайұлы.

Дінтанушының айтуынша, қазіргі діни зерттеу орталықтарына көбірек қаражат бөліп, бір жерге шоғырландыру керек.

"Қазіргі таңда ағартушылық жұмыстар да жасалып жатыр. Бірақ бізге бұдан бөлек ғылыми-зерттеу институтына көбірек көңіл бөлу қажет. Елімізде бірнеше ғылыми-зерттеу институттары бар. Дегенмен оларға жеткілікті қаражат бөлінбегендіктен, жұмыс қажетті деңгейде атқарылып жатқан жоқ. Өздерінің шама-шарқына қарай әр жерде кітап шығарып, жұмыс істеп жатыр. Бірақ сол институттарды бір жерге шоғырландырып нақты ғылыми фактілермен жауап беретін, видео, аудио және түрлі ғылыми кітаптар шығаратын ғылыми зерттеу орталығы керек. Сондай-ақ бұған қыруар қаржы бөліну керек, – деп пікір білдірді Қайрат Жолдыбайұлы.

Сондай-ақ ол ұлттық құндылықтарымызды ширкке балап, харамға шығарып жатқандар заң жүзінде жауап беруге міндетті деп есептейді.

"Қоғамның бірлігін бұзып, ынтымағына сызат түсіретіндердің барлығы қауіпті деп ойлаймын. Қазір қазақтың ұлттық санасына шабуыл жасап жатқан заман. Сондықтан ұлттық құндылықтарды жоққа шығаратын, тарихи дініміздің ерекшелігін ескермей, кінә артып, халықтың наным-сенімі мен тарихына тіл тигізгендердің бәрі емін-еркін жүрмеуі керек. Заң алдында олар жауап беруге міндетті", – деп сөзін аяқтады Қайрат Жолдыбайұлы.

Сәләфизмге неге заңмен тыйым сала алмаймыз?

Бұл сұраққа теолог Мұхан Исахан былай деп жауап берді:

"Мысалы, Шешенстанда, Өзбекстанда сәләфизм ағымына заң жүзінде тыйым салынбаған. Бірақ аталмыш елдерде бұл ағымды ұстанатындар жоқтың қасы. Себебі, мемлекет заңмен тыйым салмай-ақ, олармен күресте жеңіске жетті. Меніңше заңмен атап көрсету шарт емес. Жалпы, сәләфилік бірнеше тармақтарға бөлінеді. Соның ішінде – "Тәкбір әл Хижра" атты ұйымына 2014 жылы заңмен тыйым салынды. Одан өзге жиһадқа шақыратын "Ән-Нусра", сосын ДАИШ-қа заң жүзінде тыйым салынған. Яғни, сәләфизмнің ішінде өзіне қосылмағандарды кәпірге шығаратындар, хижра жасауға үндейтінтер және жиһадқа шақыратындарды, сондай-ақ, сәләфилік идеологияны насихаттайтын бірқатар діни әдебиеттерге, атап айтар болсақ, "Үш негіз" атты кітапқа тыйым салынды. Қазақстанда сәләфилерге тыйым салынбаған деген пікір – қате. Себебі біз олардың идеологиясы мен қауіпті болып саналған жиһадқа шақыратын ұйымдарға тыйым салдық".

Мұхан Исаханның айтуынша, мемлекет Құдай аспанда деп айтуға тыйым салып, заң шығара алмайды. 

"Заңмен тыйым салу үшін сәләфизмнің қателіктерін нақты көрсетуіміз керек. Әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, қауіппен күресудің екі құқықтық жолы бар. Бірі – мемлекеттік, екіншісі – әлеуметтік. Мемлекеттің шығарған заңдары БҰҰ қабылдаған адам құқығы жөніндегі деклорациясына қайшы келмеуі керек. Яғни «Құдай аспанда деп айтушыларға» тыйым салып, заң шығара алмаймыз. Бұлай етсек діни сенім бостандығына қол сұққан боламыз. Себебі БҰҰ, ЕҚЫҰ және өзгеде халықаралық ұйымдар барлығын қадағалап отыр. Олар мүлт кетсек бірден өз наразылықтарын білдіреді. Шынтуайтында, мұндай мәселелер әлеуметтік институттардың ережелерімен, ықпалымен шешіледі. Мысалы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – еліміздегі 70 пайыздан астам мұсылмандардың басын біріктіріп отырған үлкен әлеуметтік күш. ҚМДБ-ның жарғысы бар және әрбір мешіттің ішкі ережесі мен тәртібі бар. Пәтуа шығаратын арнайы ғұламалар кеңесі де жұмыс істеп тұр. Уағыз-насихат жасайтын РАНТ және ЖАНТ секілді арнайы топтар бар. «Құдайға мекен беріп, ағзасы бар» дейтіндердің сенімі діни басқарманың ұстанымына қайшы келеді. Яғни, онымен әлеуметтік институт – ҚМДБ күресуде. Біз Қазақстанның  зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Зайырлылық деген дінге еркіндік жариялау, діни сенім бостандығын беру деген сөз. Мемлекет діни ағымдардың заң шеңберінен шыққан (жихадқа шақырған, өздеріне қосылмағандарды кәпірге шығарғандарды) әрекеттеріне ғана тыйым сала алады.

Біздің діни басқармамыз дәстүрге негізделген Әбу Ханифа мазхабын ұстанады. ҚМДБ сәләфи ағымының сенімі дұрыс емес екенін айтып, өз ұстанымдарын жариялады (пәтуа шығарды). Сондықтан елімізде сәләфилермен тоқтаусыз күрес жүріп жатыр. Дегенмен, мемлекеттің сәләфизмге басы бүтін тыйым сала алмауының себебі, "мадхалидтік сәләфизм" Сауд Арабиясының ресми діни идеологиясына жатады. Біріншіден, біз Сауд Арабиясымен халықаралық келісімшарт жасасқанбыз.  Қазақстан мен Сауд Арабияның арасында достық мәміле бар. Егер  мемлекеттің ресми деп тапқан сенімін экстремистік деп танитын болсаңыз, Сауд Арабиямен жасалған келісімшарттарды қайтадан қарауға тура келеді. Екі мемлекеттің арасында экономикалық байланыстар бар, қажылық миссияны атқаруға байланысты келісім-шарттар бар. Екіншіден, бір дүниені қылмыс деп атау үшін нақты құқықтық негіз болуы керек. Заңгер ретінде айтатын болсам, бір іс-әркетті қылмыс деп тану үшін қылмыстық құрамның 4 элементі, яғни объектісі, объективтік жағы, субъектісі, субъективтік жағы болады. Осы төрт элементтің бірі болмай қалса, оны қылмыс деп атай алмайсыз. Яғни, «Үш негіз» діни идеологиясына иланып, бірақ, заңға қайшы әрекет етпеген азаматты мемлекет қылмыскер деп тани алмайды. Сол себепті Сауд Арабиясының қолдауына ие мадхалидтік сәләфизмге біздің еліміз ашықтан ашық тыйым сала алмай отыр. Есесіне, ҚМДБ мен Дін мәселелерін зерттеу орталықтарының теологтары және өзгеде әлеуметтік институттар мадхалиттік бағыттың Әбу Ханифа мәзһабының ұстанымына қайшы келетінін айтып, олармен ұдайы күрес жүргізіп келеді", – дейді теолог.

Сондай-ақ Мұхан Исахан бұл мәселені әлеуметтік институттардың әлеуетімен күресіп жеңуге болатынын айтты. 

"Мемлекет ештеңе істеп отырған жоқ деген пікірден аулақ болуымыз керек. Барлығын халықаралық саясат тұрғысынан, құқықтық жағынан қарап, бақылап отыр. Батыл қадам жасаудың да екінші жағы бар. Оны жоғарыда айтып өттім, мәселені әлеуметтік институттардың әлеуетімен күресіп жеңуге болады. Осы бағытта РАНТ, РААТ, ҚМДБ, дін мәселелерін зерттеу орталықтарының теологтары жұмыс жасап жатыр. Олар сәләфизм сенімі мен "Үш негіз" атты идеологиясының қате екенін жеткізу үшін бар күшін салуда. Біз сәләфизмнің қате сенім екенін айтып, оған өз тарапымыздан дәлелдер келтірумен шектелеміз" – дейді Мұхан Исахан.

P.S: Ислам діні бүлікті емес, бейбітшілікті насихаттайды. Бірнеше жыл бұрын уахабистер деп үрке қарағандар болса, қазір сәләфилер деп шошып жүргендердің қарасы көп. Сәләфилердің арасында қой терісін жамылған қасқырдай сенімін жасырғандар барын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ тыйым салып, соттай да алмаймыз. Қолдан келетіні жастарды жат ағымның жетегінен еруден сақтау. "Сақтансаң, сақтаймын" деген. Әр отбасы діни тұрғыдан сауатты болып, ақ пен қараны ажырата алатын болса, білгенін үйретіп, білмегенін үйренетін болса жат ағымның жетегіне ермейміз.

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір