• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 12:35:13
Алматы
+35°

Өмір ағымына қарай адам кейде өзгергісі келеді. Өзін жетілдіріп, жаңа нәрселерді үйренуге деген қызығушылығы туады. Сондай шақтарда бәрі бірден бола қалса екен, ойлағаным әп-сәтте жүзеге асса ғой деп қиялға берілетініміз де бар. Оның құдды бір құпиясы болатын сияқты соны іздеп түрлі кітаптарды парақтап кететініміз де жасырын емес. Алайда ғажайыпты өзіміз ғана жасайтынымызды ұмыт қалдырамыз. Әрі ол үздіксіз еңбек пен талаптың арқасында ғана келетіні бұлтартпас шындық. Жер жаһанға танылған жапондық кайдзен жүйесі де осындай көпке белгілі, бірақ қаперге ала бермейтін қарапайым тәсілдер арқылы ойды іске асыруға көмектеседі.

Өзіңді дамытуға арналған кітаптардың санында бүгінде есеп жоқ. Алайда ешқайсысынан да бір сәтте өмірді түбегейлі өзгертерлік тәсілді таппайсыз. Өйткені ондай тәсіл табиғатта болмайды. Оның орнына назарыңыз бен күш-жігеріңізді өзгеріске бастайтын күнделікті іске бағыттаңыз.

Бұл жолда серік болатын кайдзен ұсынатын кеңестердің бірі – мақсатқа күн санап жақындай түсу. Адамның тиімділігі мен істі ақырына дейін жеткізу қабілеті ми жұмысымен тікелей байланысты. Үлкен мақсаттар миды жасқандырады. Ал мида қорқыныш болса, онда оның жұмысы нашарлай бастайды. Соның салдарынан үлкен мақсаттарға бірден жетем деген ойдан түк шықпай жатады. Қолыңнан келмеген іс үшін өзіңді жегідей жеген сайын адам күйзеліске түскіш келеді. Ол денсаулыққа зиян.

Мәселе алдыға мақсат қоюда емес, сол мақсатқа жету жолында неге дайын екендігіңде. Егер қалағаныңызға қол жеткіңіз келсе, күнделікті атқаруға тиісті майда жұмыстарға баса назар аударыңыз. Кайдзеннің құпиясы да осында. Күнделікті жетілу. Әрі үлкен секіріс жасау маңызды емес. Бастысы бүгін кешегіге қарағанда, ертең бүгінгіге қарағанда үздік бола түсуің керек.

Сондықтан өзіңіз табысқа жеткіңіз келген салада күніне 1 пайызға жетіле түссеңіз, жаңа нәрсе үйренсеңіз, қабілет-машығыңызды арттырсаңыз, мақсатыңыз жақындай береді. Басында өзгеріс сезілмеуі де мүмкін. Бірақ уақыт өте келе олар жиналып, артып, бірнеше ай, бірнеше жыл өткенде нәтиже өзінен өзі көрінеді. Сонда сол күнге қалай жеткеніңізді байқамай қаласыз. Сол үшін күн сайын не істей алатыныңызды ойлап, соған мықтап кірісіңіз. Бүгінгі еңбек – ертеңгі табыстың кілті екенін ұмытпау аса маңызды.

Мұндай тәсіл өзгеріске деген үрейді жеңуге көмектесіп, жұмысты жеңіл қылады. Осылай үздіксіз дамудың арқасында келген табыс сізге өмір бойына азық болады.

Жетілу үрдісінің соңы болмайтынын да ұмытпаған жөн. Адам өмір бойы үйреніп өтуі мүмкін. Есесіне үздіксіз үйрену – адамды қажетті біліммен байытып, керек кезде оны қолдануға, мәселелерді оңай әрі оңтайлы шешуге ықпал етеді.

Маңыздысы – бастай білу. Ең абзалы қол қусырып отырғаннан гөрі, аздан болса да өзгеріске қарай қадам басу.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір