• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 14:34:56
+35°

Жуалы ауданы Ә. Жүргенұлы ауылының маңында орналасқан Берікқара қорымы облыстық және республикалық дәрежедегі мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне алынған. Топографиялық түсірілімдер нәтижесінде Берікқара өзенінің қос жағалауынан барлығы 411 оба тіркеуге алынған, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Жалпы бұл қорым Қаратаудың теріскей беткейіндегі Берікқара шатқалынан Билікөл көлінің жағалауына дейін 3,5 шақырымға созылып, оңтүстіктен солтүстікке қарай тізбектеле орналасқан обалар тобынан тұрады. Ал қорымның орталық бөлігінде құрылысы ерекше «патша» обалары шоғырланған. Мұндағы кейбір ірі обалардағы тас үйінділердің көлемі 50-53 метрге жетсе, биіктігі 6-7 метрді құрайды. Обалардың құрылысы да әртүрлі, оның көпшілігі тас үйінді күйінде кездессе, енді бірі тас пен топырақ аралас немесе айналдыра таспен қоршалған. Жалпы бұл орындардың ғұрыптық дәстүрлерді орындауға арналған орын болғаны анық.

Берікқара қорымдары ғылымға ХХ ғасырдың 30 жылдарынан бастап танылды. 1939 жылы мұнда тарихшы ғалымдармен ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұл зерттеулердің нәтижесінде қыш құмыра, алтын, қола және мыстан жасалған әртүрлі бұйымдар, сырғалар, салпыншақтар, аузына құс тістеген жолбарыстың басы түріндегі қола айылбас, темір пышақ, жебенің екі және үшқалақты ұштары, қылыштың сабы сияқты құнды жәдігерлер табылды. Аталған заттай деректер мен жерлеу рәсімдерінің ерекшелігін ескере отырып ғалымдар бұл қорымның жыл санауымызға дейінгі II ғасырддан – жыл санауымыздың V ғасырына жатады деп топшылайды. Яғни бұл еліміздегі алғашқы мемлекеттік құрылымдардың қалыптасу кезеңімен тұспа-тұс келді. Ал қорымдарда сақ заманын бастап түрік дәуіріне дейін жерлеу рәсімдері ұйымдастырылған. Әсіресе сақтардың қоғамынан басталып, ортағасырлардағы мемлекеттік құрылымдарға дейін жалғасқан ұлықтаудың айрықша дәстүрі болған. Бұл дәстүр қайтыс болған билеушінің немесе оның туыстарына, жақын адамдарына арнап патшалық обадан ескерткіш орнатудан көрініс тапқан.

Тарихшылар Берікқара қорымының да осы дәл мәнге негізделіп тұрғызылғанын айтады. Көне дәуірлерде мұндай қорымдар орналасқан жерлер қасиетті саналған. Ол жерлерде түрлі ғұрыптық дәстүрлер жиі өткізіліп, құрбандық шалынған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір