• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
18 Қазан, 08:32:37
Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің келесі кезеңіне 904 қатысушы өтті

02 Қазан, 2019 Аймақтар

Жетітөбе сақтардың рулық қорымы болған

Шындығында қазақ даласында Жетітөбе атауы өте жиі кездеседі. Әрі оларға бұл атаудың таңылуының астарында әрқилы тарихи оқиға жататыны жасырын емес. Ерте темір дәуіріне жататын Жетітөбе археологиялық ескерткіші Жамбыл ауданы, Ақбұлым ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 5 шақырым жерде орналасқан. Нысан жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне алынған, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл қорым қатар жатқан екі тізбекте орналасқан обалар тобынан тұрады. Шығыс жақтағы тізбекте көлемдері ірі келген жеті оба жатыр. Ғалымдар ескерткіш атауы осы обалардың саны байланысты аталуы мүмкін деп топшылайды.

Жетітөбе қорымы ғылымға ХІХ ғасырдың орта шенінен бастап белгілі. Мұнда әр жылдары түрлі ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді. Археологтар қорымнынан алтын және басқа да металдан жасалған әшекей қалдықтары мен бөлшектері тапты. Ол жәдігерлер сақтардың «аң стилімен» үндеседі. Әрі бұл бұйымдардың жасалу технологиясы мен ондағы металл беріктігі сақ дәуіріндегі металл өңдеудің жоғары дәрежеде дамығандығын көрсетеді. Ал ондағы әр түрлі белгілер мен өрнектер сол замандағы адамдарды таным-түсінігінен хабар береді. Тіпті кей әшекейлердің сыртына салынған аң аулау, күнге табыну сияқты көріністер сол дәуірдегі халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігін танытады. Ғалымдар да сақ заманында кен ісі мен руда шикізатын өңдеу оған дейінгі дәуірлермен салыстырғанда едәуір ілгерілегенін мәлімдейді.

Жалпы сақ қоғамында діни нанымдары мен ғұрыптарының негізгі сипаты ата-баба аруағына сиынудан көрінді. Сондықтан дүниеден қайтқан кісіні арнайы рулық қорымдарға дүние-мүлкімен қоса жерленіп отырған. Рулық қорымдар негізінде қыстаулар мен тұрақтардың маңында болған.

Сол секілді Жетітөбе қорымы да сақ дәуірінен жеткен осындай тарихи маңызы жоғары ескерткіш кешені болып табылады. Ерте көшпелілер түсінігінде қорымдар қасиетті орындардың бірі саналған. Ал бүгінгі ғылым үшін бұл қорымдар өз заманындағы қоғамдық қатынасты, діни наным сенімді ең ақыры өңдеу ісінің қай деңгейде жүргізілгенін бағамдаудың орнына айналып отыр.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір