• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 12:52:02
Алматы
+35°

Биыл елімізде атаулы әлеуметтік көмек алудың форматы өзгергені баршаға аян. «Е-Халық» ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, елімізде 21 мыңға жуық отбасы табысы төмен және мұқтаж отбасыларға ғана берілетін атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алу үшін өздерінің нақты табыстарын жасырған. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңын бұза отырып, рұқсатсыз төленген төлемдерді қайтару және қайта қарау, заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында әрбір анықталған факті бойынша жеке-жеке жұмыс жүргізуде деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Осы орайда Жамбыл облысы мен оған қарасты аудандар да заң шеңберіндегі жұмыстар жіті жүргізілуде. Мәселен Байзақ аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Арғынбай Сқақовтың айтуынша, заңсыз әлеуметтік көмекке құжат тапсырған бірқатар фактілер анықталыпты.

– Бүгінгі күнге Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Е-Халық» ақпараттық жүйесінің деректері арқылы аудандағы 1232 отбасының заңсыз жолмен атаулы әлеуметтік көмек алғаны анықталған. Яғни, табысын жасырған немесе аз көрсеткендер, отбасы мүшелеріндегі зейнетақы алатындарды жасырып, жалған құжаттар өткізгендер анықталуда. Осыған орай, табыстарын жасырғандарды анықтау жөнінде аудан әкімінің шешімімен арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеуде. Бүгінде орталық қызметкерлері атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алатындарды анықтау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Тексерудің алғашқы нәтижелері де бар. Қазірдің өзінде 175 отбасы жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін құжат тапсыратын кезде табыстарын жасырғандары анықталды. Оларды жаңа деректер базасы есептеп шығарды. Сонымен қатар, сала мамандары барлық үйлерге барып тексеруде. Адамдар жуырда автокөлік, басқа да мүлікті сатқанын немесе сыйлықақы алғандығын көрсетпейді.

Тексеру барысында кейбір отбасылардың кәсіпкерліктен түсетін табысын төмендеткені, жұмыстарын жасырғаны, комиссиялардың отбасылардың табысын анықтағанда дұрыс жұмыс істемегені белгілі болды. Сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған отбасылар ақшаларын мемлекетке қайтарулары тиіс. Әр отбасы үшін қайтарылатын қаражат әр түрлі. Орташа есеппен 300-400 мың теңге көлемінде. Алғашқы уақытта оларға алған жәрдемақыны қайтару керектігі ескертіледі. Егер 30 күн, яғни, бір ай мерзім аралығында алған қаражаттарын өз еріктерімен қайтармаған жағдайда, онда бұл ақшаны сот арқылы өндіріп алуға тура келеді. Қайта атап өтейін, белгілі болғандай, бұл адамдар көмекке мұқтаж болмаған. Бірақ, мемлекеттің көмегіне мұқтаж жандар да бар ғой. Сондықтан да тексеру нақты осы көмекке мұқтаж жандарды анықтауға септігін тигізеді деген ойдамыз, - дейді орталық басшысы.

Иә, атаулы әлеуметтік көмек қарапайым xалықтың табысынан түскен салық екені белгілі. Сондықтан бұқара түрлі құйтырқы әрекеттерге бармай, бәрін заң шеңберінде істегені абзал.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір