• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 17:26:07
+35°

Спортсүйер қауым биылғы қыркүйек айы спорттық жарыстарға толы болғанын жақсы біледі. Таяуда ғана Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовтың Кубогын сарапқа салған балғын балуандарымыз облыстық деңгейде өткен жарыста атой салса, халықаралық додаларда да дара шығып жүрген жампоздарымыз аз емес. Соның бірі – жерлесіміз, қаракемерлік 20 жасар Жансерік Жұмабай самбо күресінен Үндістанда өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанып, абыройымызды асқақтатты, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Байрақты бәсекеде еліміздің көк туын көкке көтеріп, Әнұранымызды шырқатқан Жансерікпен жарыстан кейін тілдесудің сәті түсті.

– Мұндай айтулы жарысқа алғаш рет қатысып отырмын. Қарсыластарым осал емес еді. Бәрі де чемпиондықтан дәмелі. Әрине, жарысқа ешкім жеңілемін деп келмейді. Сондықтан менде Азия чемпионатына үлкен дайындықпен келдім. 100 келіде озкілемге алғаш қырғыз балуанымен шықсам, екінші қарсыласым Ауған елінің алып жігіті болды. Үшінші қарсыласым Үнді елінің үміті. Бәрін де белгіленген уақыттан бұрын жеңдім. Ақтық бәсекені өзбектің балуанымен белдесіп, одан айламды асырдым. Менің биіктен көрінуім бірінші Алланың, екінші бапкерлерім мен жанкүйерлерімнің арқасы.

Менің түсінгенім, бап пен бақ қатар шапса, бағындыра алмайтын биігің болмайды екен. Барша қазақстандықтарға қолдаулары үшін айтар алғысым шексіз. Менің күреспен айналысуыма шектеу қоймаған әкем Жанболат пен анам Гүлнұрға, Төле би атындағы орта мектеп мұғалімдеріне, сынып жетекшіме рақметтен басқа айтарым жоқ.

Белдесуді мұнымен шектеу ойымда жоқ. Алдағы қазан айының 10-14 күндері Өзбекстанда самбодан жастар арасында өтетін әлем чемпионатына қатысып, бағымды сынап көрмекпін. Бұл додада да жүзден жүйрік шығуға барымды саламын, – дейді толағайымыз.

Айта кетейік Жансерік Қаракемер ауылының тумасы болғанымен, қазір Алматы қаласындағы Қазақтың туризм және спорт академиясының 4-курс студенті. Сондықтан да Алматы облысының атынан өнер көрсетуде. Алайда қай өңірдің атынан шықса да ең бастысы еліміздің атын әлемдік аренада танынып жүрген батыр ұлымыз.

Жансеріктің әлем чемпионатында да ел намысын абыроймен қорғайтынына бек сенімдіміз.

Балуанға оң-солы бір екенін дәлелдей білген Жансерік самбомен қатар қазақ күресі, дзюдоны да қатар алып жүр. Ол қазақ күресінен де, дзюдодан да Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионы.

Ағаға қарап іні өсер десек, Жансеріктің інісі Жантөре де қазақ күресінен ел чемпионы. 9 жастағы Қасымхан, Есімхан есімді інілері де күреспен айналысып жүрген балғындар.

Ендеше балуандар отбасының әрдайым айы оңынан тусын деп тілейік. Және алдағы әлем чемпионатында Жансеріктің жеңісті жорығы жалғаса түссін.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір