• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 10:11:06
Алматы
+12°

Бірі үйіне, бірі тойға, енді бірі басқа да жұмыстарымен ауыр сөмкені арқалап, чемодандарын сүйрелеп, пойызға мініп жатыр. Мен асығып-аптығып мен міндім де, жолсерікке өзімнің билетім мен төлқұжатымды көрсетіп, вагонға кіріп кеттім. Жарты сағаттай ертерек келіппін. Жинақталып, өз орныма жайғастым. "Жанымдағылар қандай адам болар екен" деп пойызға мінген сайын ойланатын әдетім бар. Пойыздың жүруіне аз ғана минуттар қалды. Шілденің қақ ортасы. Күн ыстық еді. Біздің пойыз қаншалықты заманауи дейсіз, желдеткіші тұрмақ, ұялы телефон қуаттайтын жері де істемейді. 58 сағат бойы қиналатынымды ойлап, ұшаққа билетті ертерек алмағаныма өкіндім. Солай отырған кезде қызын жетектеген, бет-аузын тұмшалаған әйел кіріп келді. Бірақ қара емес, қызыл түсті ниқаб киген. Туысқан ағасы болуы керек, сөмкелерін реттестіріп, қош айтысып, шығарып салды.

Амандастық... Бір кезде бетін бүркемелеген матаны шешті. Сары өңді, қазақ келіншек екен. Бірақ қазақша-орысша араластырып сөйлейді. Қызы да өзінен аумайды. Ұзақ жолды қысқартқым келіп әңгімеге тарттым. Өзі де ашық-жарқын келіншек екен. Сөйлесе келе өзімнің журналист екенімді ескертіп, шағын сұхбат алғанмын. Алайда жариялауға қатысты ұзақ ойландым. Бірінші ойыма келгені – ниқабты насихаттау болып кетер ме екен деген күдік болды. Алайда олардың да өздерін сөз етіп жүргендерге жауабы барын түсінгеннен кейін Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырмандарының назарына ұсынуды жөн санадым.  

– Намазды бала күніңізден бастап оқисыз ба, әлде белгілі бір оқиға түрткі болды ма?

– Жоқ, бала кезімнен бастап намаз оқу маған бұйырмады. Оқу бітіріп, жұмыс істеген кезден бастап намаз оқуға ниет еттім. Менің намаз оқуыма ерекше жағдай әсер етті десем де болады. Бір күні түсімде аян беріп, намаз оқуым керек екенін көрдім. Бір түсті бір емес, қатарынан үш рет көрген соң ойлана бастадым. Ол кезде мен намаз туралы, дін туралы көп нәрсе білмейтін едім. Аз уақыт ішінде өзгердім. Сүрелер мен дұғаларды жаттап, намаз оқуды бастап кеттім.

– Ата-анаңыз қалай қабылдады?

– Әрине, қарсы болды. Мен аз ғана уақыттың ішінде 360 градусқа өзгеріп кеттім ғой. Жұмысымнан да айырылдым. Менің мамандығым — есепші. Сол мамандықпен жұмыс істедім, бірақ маған жұмыс немесе орамалды таңдауға тура келді. Ойланбастан орамалымды таңдадым. Ал қазір көбісі көнді, үйреніп кетті. Саудамен айналысамын. Күйеуге шықтым. Бір қызым бар. Шүкір! Анам қазір намаз оқып бастады. Мен себепкер болдым. Менің намаз оқығанымды көріп, қызығушылық таныта бастаған соң, мен қағазға жаттау қажет сүрелер мен дұғалардың сөздерін жазып кеткенмін. Кейін жаттап алғанын айтты. Мен "уақыт оздырмай намаз оқуды бастаңыз" деп кеңес бердім. Ал әкем болса әлі күнге дейін қарсы. Қазір мен бұрынғыдай орамал тақпаймын ғой. Күйеуге шыққаннан кейін, ниқаб кидім. Бір өкініштісі, әкем менің жанымда жүруге ұялады. Сол ғана жаныма батады.

– Ниқабты не үшін киесіз?

– Біріншіден, күйеуімнің өтінішін орындау үшін кидім. Екіншіден, өзіме ыңғайлы. Өзімді осы киіммен жайлы сезінемін. Қазір пойыздың іші ыстық болған соң күйеуім ниқабты шешуіме рұқсат берді. Ал бекетке түскен кезде қайтадан киіп аламын. Сынға да етім үйреніп кетті.

– Ниқаб киіп жүргенде келеңсіз жайттарға тап болған кезіңіз болды ма?

– Әрине, қазіргі қоғам бізді адам құрлы көрмейді ғой. Бізге құдды қанішер немесе террорист ретінде қарайтындар жоқ емес. Иә, киіміміз бізді ерекшелеп тұрады. Кейбіреулері қолдарын шошайтып кетеді. Енді біреуі "қазақтың жерінде жүрсіңдер ғой" деп сынап-мінеп жатады. Бірақ бұл – біздің таңдауымыз. Біздің ішкі қалауымыз. Бір күні Алматыдағы мешіттің жанында тұрсам, бір үлкен кісі келіп "бізде мұндай киіммен жүруге болмайды" деп ұрысты. Мен "бізге қатысты қатты сөйлейді екенсіздер, ашық-шашық киініп жүрген қыздарға ұрысуға шамларыңыз келмейді" деп айтқым келді. Бірақ менің сөзімді тыңдамайтынын білдім. Сол үшін үнсіз қалдым. Біз кісі өлтіріп жатқанымыз жоқ. Жай ғана өз сенімімізбен өмір сүргіміз келеді. Бізден қорқудың қажеті жоқ.

– Қызыңызға да орамал тағуды үйретесіз бе?

– Неге үйретпеске?! Мен оған жаман нәрсе үйретпеймін ғой. Себебі ол менің қаным, оны мен дүниеге әкелдім. Сол үшін менің туған қызыма неге көшедегілер ақыл айтып, теледидардағы жұлдыздар өнеге болуы керек? Мен туған қызыма жаманшылық жасай аламын ба? Тіпті ойлай да алмаймын ғой. Мен оның білімді болғанын қалаймын. Бірақ шариғатқа сай әуретін жауып жүргенін құп көремін. Қазір әрине ерте. Бірақ бала үйдегі әке-шешесінің істегенін қайталайды емес пе? Менің қызым да үйге ер адамдар келсе, "орамалым қайда" деп жүгіреді. Бұл – біз үшін қуаныш. Қызыма зорлап орамал тақтырмаймын. Жай ғана дұрыс, бұрысын айтамын. Бір күні қалада отбасымызбен серуендеп жүрсек, бір әйел өзінің қызын суретке түсіріп тұр. 14-15 жастағы қыз кіндігін ашып, қысқа белдемше киіп алған. Шошыдым. 14-15 жасында ашық-шашық жүрген қыз кәмелет жасқа толған кезде не істейді? Қандай болады? Сонымен бірге, ата-анасы оған ұрсып, "ашық-шашық киінгенің дұрыс емес" деп айтпаған қыздың болашағы қандай болады?

Әңгімеміз осылай тәмәмдалды.Туған жеріме жеткен кезде бір-бірімізге жақсылық тілеп, қоштастық. Мен оған "ниқаб кию дұрыс емес" деп айтпадым. Себебі әр адамның өз таңдауы бар. Әрі ниқабтағы келіншекке "менің кеңесімнің, дәстүрім мен ұлттық құндылығымның қажеті шамалы-ау" деп те ойладым. Кім білсін?!

Дәстүрлі Ислам ниқабқа қандай үкім шығарған?

Әрине, қара жамылу – ұлттық құндылығымыз үшін жат дүние. Ал мемлекет рұқсат еткен дәстүрлі Ислам дінінде ниқабқа қатысты не делінген?

"Кейініректе өмір сүрген Ханафи ғалымдарының арасында: "азғындаған заманда, нәпсіқұмарлық кең етек алған шақта бойжеткендерді беттерін ашудан тыйған дұрыс" дегендер болған. Дегенмен, Ханафи  мәзхабында "ниқаб" киіп, бетті жабу шарт емес", деп жазылған Islam.kz сайтында.

Ал Әбу Ханифаның шәкірті Имам Мұхаммед өзінің "әл-Асл" деген кітабында былай деп жазған:

"Азат әйелдерге келетін болсақ, некелеспеген немесе махрамы болып саналмайтын, неке түсетін бөтен еркектің оның ашық жеріне қарауына болмайды. Тек жүзі мен білезікке дейінгі қолына қарауына рұқсат. Әйелдің жүзі мен қолына қараудың еш ағаттығы жоқ. Одан өзге жерлеріне қарамауы керек".

Сондай-ақ беделді Ханафи ғылымы Хасан ибн Аммар әш-Шүрнубүләли былай дейді:

"Әйелдің денесі түгелдей әурет (жабылуы тиіс жерлер). Тек жүзі мен білезікке дейінгі екі қолы әурет емес. Қолдың үсті де, алақаны да солай. Ең дұрысы әрі таңдаулы пәтуа осы".

Дәстүрлі дініміздегі ниқабқа берілген үкім осындай. Дініміз бен дәстүрімізден ажырамасақ қана ұлтымызды сақтап қаламыз. Екі таразының басын тең ұстаған жөн. 

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір