• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
18 Қазан, 10:15:03
Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің келесі кезеңіне 904 қатысушы өтті

09 Қазан, 2019 NEWS

Елдегі кедей-кепшікті бір ғана министрлік байыта алмайды, жаңаша тетіктерді қарастыру керек – сарапшы

БҰҰ-ның есебінше, Қазақстан өзін дамыған елдердің санатына қосу үшін қазіргі әлеуметіне көрсетіп отырған атаулы әлеуметтік көмек түрін 5 есеге арттыруы керек. Себебі Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмекке зәру, тұрмысы төмен отбасылардың саны ресми статистикаға қарағанда басқаша. Мамандардың байыптауынша, біздегі экономиканың жауы жалған есеп беру. Қазір біз "елде атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж 504 мың адам бар" деп есептеп отырмыз. Бірақ артынша қайсыбір дерек көздерінен мәлім болғандай, елдегі көмекке мұқтаж жандардың саны 2 млннан асып жығылды. Сала мамандары "2 млн мұқтаж адам бар" дегенді растайды.

– 2014 жылдан бері қалыптасып отырған әлемдік экономикалық ахуалдар бізге әсер етпей қоймады. Ресей мен Батыс арасындағы санкциялар салқыны бізге еш әсер етпейді дедік. Бірақ әсер етті. "АҚШ-тың ұстанған саясаты да Қазақстанды айналып өтеді" дегендер болды. Бірақ теңгеміз құнсызданып, доллар қымбаттағалы әлеуметтің жағдайы да абдырай бастады. 2019 жыл экономикалық дағдарыс тереңдей түседі. Доллар мен теңге қарым-қатынасындағы тұрақсыздық биыл да орын алады. Қымбатшылық дендейді. Сондықтан "біздің есебімізде атаулы әлеуметтік көмек алатын 504 мың адам ғана бар" деу ақылға сыймайды. Қазір деректер елде 2 млн-нан астам адамның әлеуметтік көмекке мұқтаж екенін көрсетіп отыр. Осы арада нақтылық қажет. Жалған  есеп жүргізуге болмайды, – деді "Аналитик" сараптау орталығының экономист-сарапшысы Тоғжан Шаяхметова.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанның халқы қазірдің өзінде 30 пайызға кедейленіп қалды. Бұл ретте маман "Қымбатшылық қысып жатқанмен жалақы көтерілген жоқ. Әлеуметтік төлемдерге аздаған үстеме қосылды. Теңгенің әлсіреуінен қазір зейнетақы қорындағы қаржыны да инфляция жеп қойды. Сондай-ақ халықтың теңгемен жинаған қаржылары да инфляцияға жұтылып жатыр. Мұны мойындау керек. Жәрдемақы мен әлеуметтік төлемге 2000-3000 теңгенің айналасында үстеме қосу халықты қымбатшылықтан алып шықпайды. Сондықтан бұл арада нақты-нақты шешімдер қабылдануы тиіс" дейді.

Қазір әсіресе ауылды жерде әлеуметтің жағдайы төмендеп тұрғанын алға тартқан маман "министрлік ауыл тұрғындарының қиыншылығын ескере отырып, ауыл тұрғындарына арналған бөлек әлеуметтік көмек базасын құруы керек" дейді.

– Ауылдық жерде өндіріс орындары жоқ. Ауылда бір сиырдың сүтіне қарап күн көріп отырған отбасыларды көзіммен көрдім. Сондықтан әлеуметтік көмек төлеген кезде ауылдық-аймақтардың қиыншылықтары ескерілуі керек. Олардың отын-суы, мал басына беретін жем-шөбі бар. Көмірдің бағасы бар. Осының барлығы ескеріліп, ауыл тұрғындарына әлеуметтік көмек түрін бөлек жасау керек, – дейді Тоғжан Шаяхметова.

Мамандардың айтуынша, әлеуметтік төлемдер мәселесіне келгенде мемлекеттік көмектен бөлек қосымша әлеуметтік-қоғамдық қорлар құрылғаны дұрыс.

Бұған қатысты экономика ғылымының докторы Жұмаділда Баяхметов "Тұрмысы төмен халықтың әлеуетін көтеруге қатысты дүниежүзінде көптеген тәжірибелер бар. Мысалы, Сингапур елінде тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қорлар арқылы бизнеске тарту жақсы жолға қойылған. Бұл елде жағдайы төмен отбасы сол қорларға барып тіркеледі.  Ол қор жаңағы отбасын қамқорлығына алып жұмыспен қамтуға, баласын оқытуға, тіпті микронесиемен қамтуға да жағдай жасайды. Осы тәрізді әлеуметтік-қоғамдық қорлар біздің елімізде де құрылуы қажет. Біздегі түрлі шағын несие ұйымдары әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға несие беру жағын мүлде ойға да алмайды. Ал Малайзия, Финляндия, Германия тәрізді елдерде 1% үстемақымен жағдайы төмен отбасыларға көпжылдық несие беру жүйесі қалыптасқан» деді Жұмаділда Баяхметов.

Маманның айтуынша, тұрмысы төмен адамға аз пайызбен несие беру оларға үлкен мүмкіндік ашар еді. "Қолына қаражат тигеннен кейін олар белгілі бір кәсіппен шұғылдануы да мүмкін" дейді ол.

– Тұрмысы төмен отбасыларды баспанамен қамту, арзан несиемен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру жағын сол қор мойнына алуы тиіс. Мәселе тек жәрдемақы берумен шектеліп қалмауы керек. Жәрдемақы ол отбасылардың мәселесін шешпейді. Ол құр жұбатудың бір түрі ғана. Аш қалдырмаудың болар болмас тетігі. Елдегі кедей-кепшікті бір ғана министрлік байыта алмайды. Сондықтан жаңаша тетіктерді қарастыру керек. Көнерген тәжірибенің ықпалынан шығу керек. Жаңаша заманауи тәжірибе енгізу керек, – деді Жүмаділда Баяхметов.

Осылайша мамандардың байыптауынша, әлеуметтік аз қамтылған топты әлеуметтік көмекпен қамтуды бір ғана министрліктің мойнына артып қою нәтиже бермейді. Сондықтан бұл арада әлеуметтік қоғамдық қорлар арқылы да көмек көрсетудің үлгісін қалыптастыру болашақта маңызды болмақ...

Қарлығаш Зарықханқызы

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір