• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

17 Сәуір, 03:27:50
Алматы
+35°

Халық даналығында «Бидайдан бір тамғанда, тарыдан екі тамады», «Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деп тары дақылының маңыздылығын ерекше атап көрсеткен. Сонымен қатар тарыны «жауынгер дақыл» деп те атаған. Жесең тойымды, денсаулыққа ерекше пайдасы көп дақылды Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы Күшаман, Көкжелек, А.Назарбеков ауылдарының диқандары өсірумен айналысуда. Бұл ауылдарда негізінен «қызыл тары» деп аталатын түрі көп өсірілуде, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Тарыны дайындаудың өзі бір басқа болса, оның жинау жұмыстары да оңай емес. Дәл қазір Күшаман ауылындағы «Көркем» шаруа қожалығының тарысына орақ түсуде.

— Осыдан 2-3 жыл бұрын шаруаға қолайсыз жыл болып, тарыдан ойдағыдай өнім ала алмадық. Себебі ағын су тапшы болды. Қазір жағдай түзелді, ауданға жаңа басшы болып Мәден Мұсаев келгелі, қазылмаған каналдар қазылып, сүдігер көтерліп, шаруашылыққа барлық жағдай жасалды. Биыл суармалы әдіспен 4 гектар жердің 2,5 гектарына жоңышқа 1,5 гектарына тары ектік. Өсімі жаман емес, міне орақ салып отырмыз. Өнім жақсы шығады деген ойдамыз, - дейді Нұрлан Бұзаубаев.

Сонымен қатар тарының дәнін қырманға түсіріп жатқан Марал Томановтың да жұмысы жүйелі.

-«Дала жауынгері» аталған тары дақылын қырманға әкеліп, дәнін түсіріп жатырмыз. Биыл шаруашылыққа қолайлы жыл болды, су бар, арықтар, каналдар тазаланған, бәрі жақсы. Менде 4 гектар жерге тары егіп, мол өнім аламын деп отырмын. Келер жылы егістік алқабымды кеңейтсем деген ойым бар, — дейді Марал.

Сондай-ақ «Ынтымақ» шаруа қожалығының жетекшісі Мейірбек Шынжарбеков 11 гектар сурамалы жерін тиімді пайдаланып, оған жүгері, жоңышқа, тары, картоп, көкөніс және бақша дақылдарын егіпті. Мұнымен қоймай 4 гектар жерге ауылдағы 3-4 жігітпен бірігіп, тары дақылын өсіріп, мол өнімге кенелгелі отыр.

Аудан бойынша былтыр 3125 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімі егілсе, биыл 5074 гектар жерге жаздық арпа, дәндік жүгері, тары, күнбағыс, картоп, көкөніс және бақша дақылдары, көп жылдық жоңышқалар егілген. Ал Күшаман ауылының өзінде 129 гектар жерге жүгері, 72 гектар жерге тары егілгені көңілге қуаныш ұялатады.

Ал бұл дегеніңіз ауылдағы бос жүрген бірнеше адамға жұмыс болғанын да айта кеткен жөн.

Тары дақылының құндылығын айтар болсақ, тары сабанын жеген сауын сиырдың сүтінің құнарлылығы артады, дәнінен спирт жасалса, сабағынан қағаз шығаруға болады. Ал медицинада да емдік қасиеті бары дәлелденген. Демек, пайдалы дақылдың еңбегінің ауырлығына қарамастан өсірумен айналысып отырған шаруаларға, қырмандарыңыз дәнге толсын демекпіз.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір