• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
18 Қазан, 09:39:16
Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің келесі кезеңіне 904 қатысушы өтті

09 Қазан, 2019 NEWS

Жаңаөзендегі жұмысшылардың құқығын кім қорғайды?

Жаңаөзен қаласындағы жұмысшылардың наразылық үндеуі президант Қасым-Жомарт Тоқаевқа жетті ме?

Бүгін "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамына қарайтын "Кезби" мердігер компаниясының вахта ауысымына шыққан жүзден астам жұмысшысы Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдына наразылығын білдіруге жиналды. Олар жұмыс беруші компания жұмысшылардың құқықтарын таптайтынын айта келе, қызметкерлерді себептен-себепсіз жұмыстан шығаратын айтты. Одан өзге компанияда "Жұмысшылар құқығын қорғайтын кәсіподақ құрғанымыз үшін қудаланып жатырмыз" – деп шағымданды. Бұл туралы www.azattyq.org -ке сілтеме жасап, Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Наразы жұмысшылар Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаровтың бұл іске араласуын талап етті. Бірақ жұмысшылар алдына әкім емес, оның орынбасары Ғалым Байжанов шықты. Өздерінің әкімге үшінші рет келіп отырғанын айтқан жұмысшылар әкім өтінішімізге құлақ аспады деп ашуланды.

«Халық үшін тағайындалды емес пе?  Халық екі рет келді, неге тыңдамайды? Әкімді көрейік, мұң-мұқтажымызды тыңдасын. Менің өміріме де қауіп төніп тұр. Жұмыс беруші жұмысшыларға қысым көрсетіп жатыр. Кәсіподақ жұмысына заңсыз араласып отыр. Оларды қорқытып, арыз жаздырып, бригадаға барып, қорқытып жүр. Жеке меншік мекемеміз дейді. Сонда халық жеке меншік пе? Адам құрлы көріп отырған жоқ»  – дейді кәсіподақ төрағасы Азамат Жапаров.

Ғалым Байжанов жұмысшыларды "Кезби" компаниясының кеңсесіне барып, мәселені сол жақта талқылауды ұсынып еді, наразылар "Жұмыс беруші осы жаққа келсін" деп келіспеді.

Ал компания жұмысшысы Азамат Жапаровтың айтуынша, кейінірек жұмыс берушілер әкімдікке келіп, үш тарап болып мәселені талқылаған. Бірақ ортақ мәмілеге келе алмаған.

Жиыннан соң кәсіподақтарын қорғауға тырысқан жұмысшылар әкімдік алдында тұрып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, көмек сұрады.

"Біз, "Кезби" жұмысшылары, әріптестік әлеуметтікті нығайту мақсатында алғашқы кәсіподақ ұйымын ашқан болатынбыз. Алайда бізге жұмыс беруші тарапынан түрлі қысым көрсетіліп жатыр. Атап айтсақ, кәсіподақ мүшелерін кәсіподақтан қоқан-лоқы көрсетіп, шығарады. Кәсіподақ төрағасының өміріне қауіп төндіретін әрекеттерге барып жатыр. Мекеменің жоғары лауызымды басшылары қарапайым халықты кәсіподақтан шығуға үгіттеп жатыр"– дейді үндеуді оқыған "Кезби" жұмысшыларының бірі Айберген Аққозиев.

Жұмысшылар тәуелсіз кәсіподақсыз жұмысшылар құқығы мен олардың еңбек жағдайын жақсарту мүмкін емес екенін, оны сақтап қалу өте маңызды екенін айтты.

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір