10 Қазан, 2019 Дін
Дін мен еңбек: қазақ жалқау ма?
Бізде қатып қалған тағы бір қағида бар: “қытай, кәріс, неміс, татар, өзбек, әсіресе еврей және т.б. халықтардың генетикасында еңбекқорлық негізгі қасиет болып табылады.”
Өкінішке қарай, ел арасында (мүмкін шетелде де) бір өзекті өртейтін бірақ кең тараған жаңсақ пікір бар: Қазақ халқы – жалқау. Ең бастысы бұл пікір теріс идеологияға айналып кетпесе екен! Әрине, кезінде Абай Құнанбаев еріншектік пен мал шашпақтық қасиеттерді сынға алғаны белгілі. Алайда, ұлы ақын жалқаулықты қазақтың ең басты қасиеті деп айтпаған. Абай хәкім бір-екі сөзінде татар, өзбек, тіпті орыс халықтарын іскер, еңбекқор деп атап өткені рас. Ол бұл салыстыруды моральдік тұрғыдан гөрі әлеуметтік-экономикалық мағынада көбірек меңзеді. Ал сол қанатты сөздерді өз пайдасына бұрмалағандар “Қазақ жалқау” деген пікірді дүйім жұртқа таратып жіберді. Сол кезден бері маңдайшамызға ілінген тақтайша алынып тасталмай келеді. Керсінше, қазақтардың арарсында еріншек қазақ туралы анекдоттар мен әзіл әңгімелер күрт көбейіп кетті. Содан кейін сол қазақтар ұялмай-қызармай келесідей шағым білдіруде: Өзбекстандағы кейбір өзбектер өзінің салыстырмалы түрдегі жалқау балаларына “қазақ” деп ұрсады екен. Бұған ренжемес бұрын әуелі сол қауесетті кім таратып жібергенін естен шығармау керек. Әсіресе, соңғы 28 жыл бойы отарсыздандыру, ұлттық сана-сезімді нығайту және патриоттық рухты ояту, құлдық психологиядан айыру үрдістерін қолдағымыз келсе...
Бізде қатып қалған тағы бір қағида бар: “қытай, кәріс, неміс, татар, өзбек, әсіресе еврей және т.б. халықтардың генетикасында еңбекқорлық негізгі қасиет болып табылады.” Біріншіден бұған ешқандай ғылыми дәлел жоқ. Екіншіден, Ислам діні еңбектенуді протестантизм немесе конфуцианстводан кем насихаттамайды. Онда жоғарыда айтылған қазақ, қырғыз халықтары жалқау деген түсінік қайдан туды? Ең бірінші болжамым бойынша, Ресей Империясының отаршыл саясаты кезінде көшпенді халықтардың рухын басу үшін осындай жаңсақ және әділетсіз пікірлерді көптеп тудырған шығар. Ресей Империясы үшін татар, башқұрт, өзбек және қазақ халықтарының біртұтас күшке айналып кетуі тиімді емес еді. Сондықтан, алдыңғы сөзімнің жаны бар. Екінші болжам бойынша мыңдаған жыл бойы көшпенді және жартылай көшпенді мал шаруашылығы экономикалық дәрменсіздікті яғни еріншектікті тудыруы мүмкін. Әйткенмен, көшпенді мәдениеттің еліміздегі ең ірі зерттеушісі Ақселеу Сейдімбектің пікірі бойынша “көшпенді мал шаруашылығы отырықшы ашаруашылықтан күрделірек болмаса, жеңіл емес.” Демек, жаңағы болжамымыз күмән тудырады. Ал үшінші болжам бойынша Ислам дінінде мұсылман адам әрдайым жамағатпен бірге жүруі қажет. Оған қоса түркі халықтары әдетте туысқаншыл, бауырмал болып келеді. Осы екі қасиет бірігіп, біртіндеп-біртіндеп еріншектікке алып келген болуы ықтимал. Яғни, қиын сәтте адамға не бауыры, не көршісі, не алыс туысы, болмай бара жатса руласы, одан қалса көрші ауылдағы мұсылман бауыр тіпті қырғыз немесе өзбек жекжаттар көмек қолын созуы мүмкін еді. Бір естігенде құлаққа сыйымды болғанымен, бұл үшінші болжамның да өзіндік кемшін тұсы бар. О баста дәстүрлі Ислам діні бойынша еріншектік, жатып ішер жалқаулық, арамтамақтық деген қасиеттер қоғам тарапынан қатаң сөгіс пен жағымсыз қатынас тудырды. Оның үстіне “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарнын тіленбей”, “Еңбек түбі - береке”, “Ерте тұрған әйелдің бірі ісі артық” және т.б. көптеген мақалдар басқа көзқарасты меңзеп тұрған жоқ па?
Өзге халық діндерінде еңбек ұғымына қатынас қандай екен? Мысалы, протестанттар (ағылшандар, немістер, голландықтар және американдықтар) тек отарлаушы саяси қылмыспен ғана емес, қыруар еңбекпен де XIX ғасырда алып Империяларын және ғылыми техникалық прогресті ұстап тұрды. Тек қана бірінші және екінші алапат дүниежүзілік соғыстардан кейін ғана Британ империясы, Осман империясы, Австро-Венгрия империясы және Ресей Империясы толықтай ыдырады. Дегенмен, жүз мыңдаған үндістердің, негрлердің, арабтардың құл еңбектерінің арқасында сол империялар күн көргенін ұмытпау керек. Әлбетте, еврей халқы аса еңбекқор, бірақ көбінесе интеллектуалды еңбек, бизнес және администрация саласында. Олардың еңбегінің стилі пәлен пұт қап тұз өндіруде емес, өзінің дарын-қабілеттерін өмір бақи дамытуда. Осыған сәл ұқсас философияны кезінде Омар Хаям, Фирдуоси, Ибн Сина және т.б. ғұламар сопылықпен ұстанды, десек те, қара еңбектен де бас тартпады (шөлдалада кім сексеуіл отынын жарып берер еді!?). Керек десеңіз, бүгінгі Әлемдік капиталисттік (феодалдық емес деген мағынада), яғни жекеменшік экономиканың негізінің іргетасын Адам Смит пен Карл Маркстан бұрын, еврей кезбе көпестері қалаған. Ал Жібек Жолы ол халықаралық ірі сауданың бар жоғы бір географиялық аймағы ғана еді.
Корей, жапон, қытай халықтары турасында айтатын болсақ, олардың о бастағы байырғы пұтқа табынушылық философиясы бойынша ең үлкен игі амал - еңбектену болды. Олардың халық ертегілерінің басты кейіпкері – егінші, диқаншы. Ал қазақтардың негізгі кейіпкері – бай, батыр, хан, шешен, әрі кетсе дәулетті көршісі бар бір кедей. Соның өзі - Алдар көсе шығар. Яки, біз үшін еңбек өте маңызды болғанымен, өмірдің ең негізгі мәні болып есептелмеген. Ал Конфу Дзы, Лао Дзы, Легисттер ілімі және т.б. ілімдер бойынша, Еңбек – Адам ғұмырының іргетасы. Тек кейбір Үндістер мен кейбір арал тұрғындары Рухты ойлап, Тәнді мүлде ұмытып, өз асқазаны үшін күн көрмеуге бел буған еді. Сондықтан, Шығыс біркелкі емес.
Қысқасы, Ислам діні еңбекке қарсы болмақ түгілі мұсылманның бұл өмірде жалқау және пайдасыз болғанын құптамайды. Бидай тұқымын Алла берер, алайда, оны егетін, баптап өсіретін және жинап алатын пенденің өзі. Адам ата мен Хауа анаға егінге қара жер берілгеннен бастап, Ыбырайым пайғамбардан бері мал шаруашылығын жүргізуден бастап еңбек өмір сүрудің негізгі шарты әрі сәні болып келеді. Айтпақшы, арамтамақтық пен қылмыс арқылы күн көру – екеуі де күнәһарлардың жолы. Тіпті сауда кезінде шариғат бойынша пайыздан күнкөруге тыйым салынған. Өкінішке қарай, бүгінгі халықаралық нарықтық экономиканың жүйесі “процентная ставкаға” тыйым салмайды. Ал қазіргі Араб елдеріндегі Орталық Ислам банкі несиені пайызсыз береді. Солардың мемлекеттік заңдары шариғаттың шарттарынан алшақ кетпеген. Бәрақ, бұл - бөлек тақырып.
“Дін және Еңбек” тақырыбын қорытындылайық. Өздерің ойлап қараңдар көне Маңғыстау кенті, Тараз, Испиджаб, Сайрам, Түркістан, Отырар және т.б. сол заман үшін ірі-ірі қалаларды салып қана қоймай, оларды дамытып әрі жылдар бойы басқарып отыру үшін еңбек керек пе? Тағы Пекиннен Молдавияға дейін, Молдавиядан Пекинге дейін Ұлы Жібек жолының тауарларын әрі-бері тасымалдау үшін еңбек керек пе? Қалмақтарға, ноғайларға, жоңғарларға, оңтүстік әмірлерге төтеп бере алатындай темір қару-жарақ пен ат әбзелдерін жасау үшін еңбек қажет пе? Ең соңғы сұрақ: ғасырлар бойы мыңдаған жылқы үйірін, мыңдаған отар қойды бағып-қағу үшін еңбек керек пе?
Қазақ халқы расында да жалқау болғанда, Қазақ хандығы Жоңғар және Орыс жауынгерлерінің шабуылдарысыз-ақ өзінен-өзі ыдырап кетер еді. Десек те, күні бүгінге дейін Қазақстан мемлекеті сақталып қана қоймай, Орта Азиядағы негізгі дамушы мемлекеттердің біріне айнала алды. Ал жалқау халық мың жылдың ішінде әу бастан-ақ өркениетті ұлт ретінде жойылып кетер еді. (Келесі тарихи фактті ұмытпайық, еңбекқор католиктар Оңтүстік Американы жаулап алмас бұрын пұтқа табынушы инк, майя, ацтек тайпалары еріншектіктен қатты құлдырап үлгерген еді... Дегенмен, конкистадорлардың жауыздығын жақтап тұрғаным жоқ).
Риза Ысқақ
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір