• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 10:21:21
Алматы
+35°

Жамбыл облысы бүгінде тұқым шаруашылығы бойынша өзгелерден көш ілгері келеді. Шаруалар жаңа тұқым түрлерін шығарып ғана қоймай, тәжірибелерімен бөлісуде. Міне сондай алқалы жиынның бірі сапалы тұқым сататын «Sygenta» және «AG Agro» компанияларының ұйытқы болуымен Сарыбұлақ ауылдық округіндегі «Самғау» шаруа қожалығының алқаптарында өтті. Онда Қордай ауданы диқандары бас қосып, жүгерінің жаңа гибридтік тұқымы таныстырылды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.  Бүгінде өңіріміздің шаруалары өнімділікті арттыру үшін тиімді тәсілдерді пайдаланып, сертификатталған тұқым егіп, жаңа технологиялар мен өсімдіктерді қорғау әдістерін көптеп пайдалануда. Осылардың қатарына «Самғау» шаруа қожалығын жатқызуға болады. Жүгері өсіруде аудан, қала берді облыс көлемінде көшбасшылар қатарынан табылатын «Самғау» ШҚ заманауи технологияларды тиімді пайдаланудың арқасында жылдан жылға өнім көлемін арттырып, бұл істе алдына жан салмай келеді. Мұнымен қоса, Евгений Трубников басқарып отырған агроқұрылым өзге шаруалармен табысқа жетудің жаңа жолдарымен, оның тың тәсілдерімен бөлісуді дәстүрге айналдырған. Оған дәлел ретінде қожалық аталған «Sygenta» компаниясының өкілдерін шақырып, «дала аруын» баптаудың қыр-сырын үйрететін іс-шара ұйымдастырды. Семинар барысында гибридті тұқымдарды дұрыс таңдау, топырақты қоректендіру, пайдалы тыңайтқыштардың түрлері, оларды таңдау ерекшеліктері мен қолдану қағидалары жайында кеңінен әңгіме өрбіді. Айта кетсек, семинар өткізу орталығы ретінде «Самғаудың» егін алқаптары бекер таңдалған жоқ. Мұнда өңірдің топырағы мен ауа райы жағдайына келетін сұрыпты анықтау мақсатында жыл сайын 15-тен 20-ға дейін жүгерінің гибридті тұқымдары егіледі екен.

Іс-шара барысында «Syngenta» компаниясының өкілдері мол өнімге қол жеткізу тәсілдерін қарапайым тілмен жеткізіп берді. Биыл аталмыш егіс алқабына «СИ Атомик ФАО 550», «СИ Кобальт ФАО 320», «СИ Джульен ФАО 600», «СИ Антекс ФАО 700», «СИ Гелиум ФАО 700», «СИ Зефир ФАО 360», «СИ Маями ФАО 660» сұрыптары және биылғы жылдың жаңалығы «СИ Гидро ФАО 700» сұрыпы егілген. «Syngenta» компаниясының сарапшысы рет-ретімен әр сұрыптың ерекшелігін атап өтіп, жүгері собығын үзіп, арнайы құрылғымен ылғалдылығын тексерді. Себебі, ылғалдылық жоғары болса, өнім кептіргеннен кейін ғана қамбаға түсіп, сатуға жарамды болады. Ал, бұл қосымша шығын, оған қоса уақытты талап ететін іс екені айтпаса да белгілі. Заманауи сұрыптар болса қажетті ылғалдылыққа тез жетіп, дәнектерді кептіру сатысынан жылдам өтуге мүмкіндік береді.

Осы орайда, семинар барысында компания өкілдері қатысушылардың назарына жүгері өсіру тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді бағдарламаларын ұсынды. Компания ұсынған гибридтер арнайы Жамбыл және Алматы облыстарына бейімделгенін атап өткен жөн. Мәселен, «СИ Маями ФАО 660» гибриді мол өнім беретін сұрып ретінде танылып үлгерген. Пісу және жинау кезінде қажетті ылғалдылыққа тез жету аталмыш тұқымның ерекшелігі болып табылады. Мамандардың айтуынша, бұл сұрып 2018 жылдың қорытындысы бойынша 14 пайыз ылғалдылықта 130 центнер өнім берген. Бұл өңірдің ауа райының қолайсыз жағдайы мен өңір топырағының құнарлылығын есепке алғанда тамаша көрсеткіш.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір