• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 14:00:45
Алматы
+12°

"Fly Arystan" әуе компаниясының қызметкерлері кеше Нұр-Сұлтаннан Шымкентке ұшпақ болған Оғыз Доғанды "компанияның қара тізіміндесіз" деген уәжбен ұшаққа отырғызудан бас тартқан. Оғыз Доған есімі көпшілікке 2017 жылы "Air Astana" компаниясына тиесілі ұшақта бортсеріктің қазақ тілінде қызмет көрсетуін талап еткен оқиға бойынша таныс. Бұл жағдай Оғыз Доғанның "Air Astana"-ны сотқа беріп, жеңіп шығуымен аяқталғаны белгілі. Осыдан кейін компания аталмыш азаматты өздерінің "қара тізіміне" енгізіпті. Даудың басы осыдан шығып отыр. Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Оғыз Доғанға хабарласып, жағдайдың барысы туралы білді.

– Кешегі оқиғаға қатысты компания тарапынан қандайда бір ресми жауап, я түсіндірме болды ма?

– Ресми жауап та, түсіндіру де болған жоқ. Менің "қара тізімде" екенімді растайтын құжат, түсіндірме сұрағанымда оны да тауып бере алмады. Жалпы компаниялар клиентіне күлімсіреп қарап, мән-жайды түсіндіріп, көмектесуге тырысып жатушы еді. Кеше ондайдың бірін де көрмедім.

– Сіз "қара тізімде" екеніңізді білмеген болып тұрсыз ғой.

– Білмедім. Маған оны хабарлаған емес. Тек 2 жыл бұрынғы сот кезінде менің электрондық поштама компанияның сұр тізіміне енгізілгенім жөнінде хабар алдым. Сұр тізімге енгендерге ұшақта сусын, тамақ берілмейді екен. "Бермесе, бермей-ақ қойсын. Тек қазақша сөйлесе болды" дедім де, қойғанмын. Ал "қара тізім" туралы маған ешқандай ақпарат, мәлімет берілген жоқ. Мен оны білсем, "Fly Arystan"-ның билетін алып қайтем. Әйелімді, кішкентай баламды сабылтып қайтем. Маған жанжалдың керегі не?!

– Компанияның PR менеджері Ләззат Нәбиеваның "ондай адамдар қандай да бір тізімде екенін өздері білуі керек" дегені негізсіз бе, сонда?

– Әлбетте негізсіз. Маған хабарламаса, айтпаса қайдан білейін. Қайдан білуім мүмкін?! Бір жарым ай бұрын билет аларда аты-жөнімді, төлқұжаттық деректерімді енгіздім ғой. Егер "қара тізімде" болсам, сол кезде неге бірден бас тартпайды. Меніңше, бұл – әдейі жасалған әрекет. Мені қор қылу мақсатында кезінде масқара болғандары үшін алған кегі деп есептеймін. Бұл енді ұят қой. Осы ұлттық компания деген атқа лайық іс пе? Олардың өз абыройларын өздері түсіріп, не көздеп отырғаны тіптен түсініксіз.

– Мәселеге қатысты сотқа шағымданатыныңызды айттыңыз. Заңгер Абзал Құспанның аты аталды. Компанияның ішкі тәртібіне қатысты заң не дейді екен? Кеңесіп, сұрап көрдіңіз бе?

– Әбекеңмең (Абзал Құспан) жаңа  ғана сөйлестім. Егжей-тегжейлі ештеңе айтқан жоқ. Сотқа дейінгі процесс бойынша компания басшылығы Питер Фостердің атына хат жазылатынын білдірді. Оның мазмұнын заңгер болмағаннан кейін білмеймін. Хат мәтіні қалай қолға түседі, сол кезде оқимын.

– Іс сотқа жетер болса, бұл жолы 1 теңгемен құтылмайтынын айттыңыз. Моральдық, материалдық шығынның өтеуі ретінде нақты сомадағы ақша талап етпексіз бе?

– Нақты сома туралы әлі ойламадым. Оны Әбекең, заңдық жағынан өзі айта жатар. Қазақ тіліне қатысты екі жыл бұрынғы сотта 6800 теңге көлемінде айыппұл салғаны болмаса, менен ешқандай материалдық шығын шыққан жоқ. Бірақ осы жолы мені материалдық жағынан да, моральдық жағынан да қиын жағдайға түсіріп отыр. Отбасымдағы екі адамның билеті күйіп кетті, бүгін ұшу үшін басқа әуе компаниясынан 3 есе қымбат бағаға 3 билет сатып алуымызға тура келді. Баратын жердегі жоспарымыздың бәрі өзгеріске ұшырап, қосымша мәселелер туды. Бірінші жағдайда тіл ақшамен өлшенбейді деп, ең минималды сома – 1 теңге сұрағанымыз содан. Қазір жағдай басқаша. Заң қанша сомаға рұқсат береді, сонша талап етеміз. Бұлармен осылай ғана сөйлесу керек сияқты.

– Сіздің билетіңіздің ақшасын қайтарып берді ме?

– Әрине қайтарып берген жоқ.

– Ең болмағанда мерзімін айтып жатыр ма?

– Әзірге айтпады. Біраздан кейін "Air Astana"-ға хабарласамын. Менікін қайтарамыз деген.

– Фейсбукта 100-ден астам адам хабарласып, моральдық көмек білдіріп, қолдап жатқанын жаздыңыз. Ал материалдық қолдау білдіріп жатқандар бар ма?

– Материалдық қолдау жасау туралы ұсыныс жасағандар болды. Мен әзірше ешкімнен ақша алмадым.

Р.S. Қамшы тілшісі заңгер Абзал Құспанға хабарласқанында "Air Astana"-ға хат жазып жатқанын, соның жауабына қарай әрекет ететінін жеткізді. Оның айтуынша, Оғыз Доған "қара тізімге" ішімдік ішіп, бұзақылық жасағандықтан еніп отырған жоқ, қазақ тілін қорғап, "Air Astana" компаниясы қызметкерлерінің әрекетінің дұрыс еместігін заң жүзінде дәлелдеп, сотта жеңіп шыққандықтан "қара тізімге" еніп отыр. Сондықтан ішкі тәртіп, ішкі ереже деген әңгіме қозғалуы мүмкін емес. "Air Astana"-ның әрекеті заңсыз! Заңгер бұл істе ақырына дейін бармақ ниетті.

Оқи отырыңыз!

♦ Абзал Құспан: "Қазақ халқы алдында кешірім сұрауды талап етем!"

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір