• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 20:04:49
Алматы
+35°

Алматы облысы Ақсу ауданында жол салып жатқан Қытай мен Қазақстан жұмысшылары арасында болған төбелеске байланысты ұсталған күдіктілердің туыстары "Кімнен көмек сұрарымызды білмей отырмыз" дейді. Бұл туралы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылының тұрғыны, сол оқиғаға қатысы бар деп ұсталған Бейбіт және Нұрбол Мұхаметалиннің ағасы Ербол Мұхаметалин Қамшы тілшісіне айтып берді. 

Мұхаметалинның айтуынша, полиция қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" бабы бойынша ұсталған інілеріне қатысты  мәлімет бермей отыр. 

– Бізге ешқандай мәлімет берген жоқ. Олар қамауда отырған полиция бөлімшесіне де кіргізбей қойды. Бүгін Талдықорғанда сот болады дейді. Қалай соттайын деп жатыр, ол жағын айтпады. Кімнен көмек сұрарымызды білмей отырмыз, – дейді ол.

Мұхаметалин екі інісінің "Citic Construction" компаниясына (қазақ-қытай жұмысшылары арасында төбелес болған команпания) ешқандай қатысы жоқ екенін айтады. Оның айтуынша, екі інісі ресми түрде ешқайда жұмыс істемейді, үйде мал шаруашылығымен айналысады. 

– Менің екі інім ол компанияда жұмыс істемейді, Қызылағашта мал шаруашылығымен айналысады. Екеуінің де бала-шағасы бар. Бейбіттің жасы 32-де, ал Нұрбол 29 жаста. Олар Қытай жұмысшыларының қазақ жігітті жабылып ұрғаны намыстарына тиіп, сол компанияда жұмыс істейтін біздің ауылдың жігіттерімен бірге қытайлар жұмыс істеп жатқан жаққа барған. Қытайлар мен қазақтар арасында төбелес болған. Менің екі інім - Бейбіт пен Нұрболды және олардан бөлек біздің ауылдың (Қызылағаш-ред) үш жігітін полиция ұстаған, – дейді Ербол Мұхаметалин. 

Ал осы оқиғаға байланысты күдікке ілінген Берікбол Рысалдиновтың бауыры Амангелді Рысалдинов Талдықорған қаласында  осы оқиғаға байланысты ұсталған Қызылағаш ауылының бес азаматына қатысты сот басталғанын, бірақ сот залына олардың туыстарын кіргізбей қойғанын айтады. Оның айтуынша, құзырлы орган өкілдері сот залына "туыстарының не себепті кіруге болмайтынын" түсіндірмеген. 

7 қазанда Алматы облысы Ақсу ауданында жол салып жатқан "Citic Construction" компаниясындағы Қытайдың төрт жұмысшысы арасында жанжал басталып, кейін төбелеске ұласқан. Төбелестен Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсаты бар Қытай азаматы, этникалық қазақ жарақаттанған.  Келесі күні жергілікті тұрғындар мен "Citic Construction" компаниясында жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары Қытайдан келген жұмысшыларды ұрып-соққан".  Полиция "Бұзақылық" бабы бойынша тергеу басталғанын айтқан болатын. 

Бұдан бөлек, тексеріс кезінде "Citic Construction" компаниясында шетелдің 33 жұмысшысы заңсыз жұмыс істеп жүргені анықталған. Полиция қазір оларды Қазақстаннан депортациялаумен айналысып жатқанын мәлімдеді.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір