• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 07:16:48
+35°

Нақ қазір Қазақстан қор биржасында бір доллардың құны 389,50 теңгеге бағаланып тұр. Бірақ Алматыдағы валюта айырбастау пункттерінде қатарынан екінші күн бір доллар 392 теңгеден сатылып жатыр. Мұның себебі неде?

Экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябековтың айтуынша, бұл арада алыпсатарлар тағы да "пысықтық" танытып отыр. Маманның пайымынша, қазір валюта алыпсатарларының "жұлдызды" сәті туып тұр. Олар осы сәтті ұтымды пайдаланып, онсыз да қысым түсіп жатқан ұлттық валютаға одан әрі қысым көрсетуде.

– Валюта алыпсатарлары қазір долларға сұраныстың артып, ішкі-сыртқы экономикалық факторлардың құбылып тұрғанын біледі. Бұған қоса қолында қаржысы бар адамдар да доллар арзандаса доллар сатып ала қойып, қымбаттаса оны сата қойып, үстінен тиын-тебен табуға машықтанып қалды. Міне, осының барлығы валюта айырбастау пункттері үшін тиімді болып отыр. Сондықтан бірінші кезекте осыған қатысты заңды қатайту керек, – дейді маман.

Экономист-ғалымның бұл пікірін қаржыгер Арман Мусин де қуаттап отыр. Оның пікірінше, валюта бағамын жоғарылатып, төмендетіп ойнау бізде қалыптасқан құбылыс.

– Кешеден бері валюта айырбастау орындарының арасында бір долларды 392-393 теңгеге бағалағандары болды. Бұл арада ірі валюта алыпсатарларынан теңгені қорғайтын шаралар қарастырылуы керек. ТМД елдерінде, шет мемлекеттерде отырып алып кәсібін дөңгелетіп отырған валюта алыпсатарлары біз үшін қауіпті. 1992 жылы АҚШ-та "қаралы бейсенбі" орын алды ғой. Сол кезде АҚШ-тағы валюта алыпсатарлары биржадағы акциялардың құнын түсіріп жіберіп, АҚШ бір күнде 25 млрд доллар шығын көрген болатын. Бұл қазірше есептегенде – 320 млрд доллар. Сондықтан бізге болашақта "Валюта алыпсатарларына қатысты заңды да күшейтіп, мемлекеттік бақылауды реттеп алғанның да артығы жоқ", – деді Арман Мусин.

Бұдан бөлек мамандар қазір көк қағаз құнының "ұшып" тұрғанының себебін геосаяси және сауда тәуекелдерінің өршіп тұрғандығымен де байланыстырып отыр. Қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, шілде айынан бастап 2019 жылдың екінші жартыжылдығы үшін бірқатар салық түрлерін төлеу басталған болатын.

– Шілде айынан бастап экспортқа төленетін салық, қосымша құн салығы, рента салығы төленіп жатыр. Осыған байланысты Қазақстан қор нарығында долларға сұраныс артты. Сұраныс артқаннан кейін доллардың бағамы да көтерілді. Бұдан соң былтырдан бері АҚШ  тарапынан көрші Ресейге қарсы экономикалық блакадалар салынып жатыр. Неше жыл қатарынан санкцияның астында қалған Ресей экономикасына да ес жию қиынға соғып отыр. Осының барлығы айналып келгенде Қазақстанға ықпал етпей қоймады. Экономикалық аймаққа біріккен ел ретінде бұл да бізге әсерін тигізді. АҚШ пен Қытай арасындағы санкция, АҚШ пен Иран арасындағы экономикалық қиындықтар осының барлығы айналып келгенде бірқатар елдерге кері әсер етуде. Ал осы арада өзіміздің ішкі нарықтағы факторлар қосарланып теңгеге айтарлықтай қысым түсуде. Сондықтан бұл арада біз шамамыз келетін ішкі нарықтағы ахуалды реттеуге күш салу керек. Үкіметтің алдын алыпсатарлар орап кетпеуі тиіс. Мысалы, Үкімет жалақы, жәрдемақы, зейнетақыға үстеме қосса, алыпсатарлар дереу тауар бағасын өсіре қояды. Бұл да олардың қолдан жасап отырған қиындығы. Сол тәрізді валюта алыпсатарлары да бұрын сатып алып қойған долларларын ұтымды сәтті пайланып қымбаттата қойғанды доғару керек. Тиісті орындар осы жағын қадағалау керек, – дейді қаржыгер.

Қарлығаш Зарықханқызы




"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір