• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 00:16:06
Алматы
+12°

12 Қазан, 2019 Сұхбат

Мақсат Халық: Мемлекеттің халыққа жасап жатқан көмегінің де бір шегі болу керек

Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан әлеуметтік көмек, несиенің кешірлуі ел экономикасына қаншалықты тиімді? Жақын арада бюджет тапшылығы орын алмай ма? Неліктен Қазақстан экономикасы тұрақталмай келеді? Қамшы тілшісі осы және басқа да сұрақтарды экономист, Мақсат Халыққа қойып көрді.

– Жуырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен елдегі көп балалы отбасылардың, мүгедек азаматтардың және тағы да басқа әлеуметтік осал топтағы азаматтардың кредитінің белгілі бөлігі кешірілді. Бұл кешіру жәрдем бе, әлде наразы халықтың көңілін аулау саясаты ма?

 Әлеуметтік жағдайы төмен халықтың несиесін кешіру – мемлекет тарапынан көрсетілген жәрдем. Халықтың төлем қабілеттілік деңгейі, нақты табысы қысқарды. 2015 жылдан бері негізгі макроэкономикалық көрсеткіш нашарлады. 2015 - 2016 жылдарда ЖІӨ 1% ғана өсті. Ал инфляция  деңгейі 2015 жылы 13,6% болса, 2016 жылы  8,5% құрады. 2017 жылы инфляция деңгейі 7,1 %  болса, өткен жылы ғана 5,3%-ға түсті. Бұл көрсеткіштер айналдырған 3-4 жылдың ішінде 35%-ға жуық халықтың қолындағы қаражатты құнсызданғанын аңғартады. Ал елдің нақты жалақысы өткен жылы ғана 3 %-ға өсті, оның алдындағы жылдары тек төмендеген. Салыстыруға келе ме? Жоқ, әрине. Осы процестің барлығы халық қолындағы қаражаттың жұтауына әкеліп соқты. Бұл – халықтың қолындағы қаражаттың нақты құнсыздану көрсеткіші, ал девальвацияны айтпай-ақ қояйық. Сол себептен соңғы жылдары халық несиеге өмір сүруді дағдыға айналдырды. Неміс ғалымы Энгельдің тұтыну заңы бар. Сол заңда халықтың табысы төмендеген сайын демалысқа арналған шығындары азайып, азық-түлік шығындарының артатыны айтылады. Ал қазір елімізде соңғы жылдары азық-түлік шығынына да қаржы жетпей жатқанын байқаймыз. Бұған дәлел – бізде салынып жатқан "Роллтон" кеспелерінің зауыты. Демек, елімізде сол зауыттың өзіне сұраныс бар. "Магнум" сияқты гипермаркеттерде азық-түлік ақысын бөліп төлеу қызметтерінің іске қосылып жатқанын да халықтың айлығының шайлығына жетпейтінін аңғартса керек.  Осы тұста мемлекеттің кредитті кешіру әрекетін халыққа жасалып жатқан жәрдем деуге болады. Бір жағынан "бұл – халықтың көңілін аулау" деген сыни пікірлерде айтылып жатыр. Ол – орынды сын. Әрине, көмек көрсетудегі мақсат олай болмауы мүмкін, бірақ көрініс солай болып тұр.

– Елдегі түрлі әлеуметтік көмекке, несиенің кешірілуіне қаржы ұлттық қордан алынып жатыр. Егер дәл осылай жалғаса берсе,  ұлттық қордағы қаражат тауысылып, елде бюджет тапшылығына орын алмай ма?

– Қай мемлекет болмасын нарықтық капитализм заманында өмір сүруде. Бұрынғы кеңестік социалистік жүйе қазір тек Куба мен Солтүстік Кореяда ғана. Ал басқа мемлекеттер нарықтық қатынастар жүйесіне көшкен. Нарықтық жүйенің үлкен кемшілігінің бірі – қоғам бай мен кедейге бөлінеді. Қазақстан 30 жыл бұрын тәуелсіздік алған кезде мақсатын айқындады. Біз нарықтық экономиканы құрамыз деп мақсат еттік. Дәл осы ұстанымдағы мемлекет халықтың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлуі тиіс. Азаматтар жұмыссыз жүрген жағдайдың өзінде ай сайын белгілі бір көлемде қаржы беріледі. Алайда көмек алатын адамдарда  масылдық пайда болады. Сондықтан да мемлекеттің халыққа жасап жатқан көмегінің де бір шегі болу керек. Әрине мемлекеттен әлеуметтік көмектің болғаны дұрыс. Дегенмен оның шегі белгілі мөлшерден асып кетпеуі тиіс. Мемлекет тарапынан берілетін көмек екі жақты өлшенген және ойластырылған болуы маңызды. Қазіргі таңда халық әлеуметтік көмекке шынайы зәру.

Қазақстандағы мәселенің бірі – бізде әлеуметтік көмек  ең төменгі күнкөріс деңгейімен анықталады. Деңгейі шектік межеден төмен болса, халық кедей болып саналады. Екінші мәселе – күнкөріс деңгейі дұрыс есептелмейді.

Негізінде әрбір азаматтың күнкөріс көрсеткіші бір айлық тұтынушы себет бойынша есептелінеді. Осы себетте 50 тауар енгізілген. Оның ішінде нан, қарақұмық, көкеністер, ет, май, жұмыртқа сынды адам күнкөрісі үшін қажет деп табылатын өнім енгізілген. Біздегі сол бұл тауардың тізімі өте аз. Мысалға көрші Ресейде бұл себетке тұрмыста қолданылатын тазалық заттары, оқуға қолданылатын құрал-жабдық, дәрі-дәрмек қосылады. Бізде бұлар да жоқ. Сол үшін де күнкөріс деңгейі төмен болып бекітілген. Елімізде бір азамат күніне 1000-ге өмір сүре алады деп көрсетілген.  Әлемдік стандарт және БҰҰ ұйғарымы бойынша әлемдегі ең кедей халықтың өзі күніне 5 доллар, яғни  2000-теңгеге өмір сүріп жатыр деп бекітілген. Бұл ең кедей елдердің деңгейі. Сонда біздегі көрсеткіш ең кедей елдің деңгейіне жетпей тұр ма деген сұрақ?

Бұл Ұлттық Экономика Министрлігі мен Тағамтану Академиясы бірге отырып жасалатын жұмысы.

Қазақстанда өмір сүру деңгейі ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болса кедей елдің қатары құрайды. Бізде қазір ол  4,3% . Әлемдік көрсеткіште Қазақстан кедей елдің қатарында көрінгісі келмейді. Алайда әлемдік рейтинг қуалаудың қажеті жоқ, бізге халықтың жағдайын ойлау маңызды.

- Жақында ғана үкімет жиналысында бюджет қаржысы игерілмей, бөлінген ақша есепсіз кетіп жатқаны үшін Мәжіліс төреағасы Нұрлан Нығматулин атқамінерлерді сынға алып, ескерту жасады. Бұл мәселе жылда қайталанады. Бұған не себеп, кім кінәлі?

 

Кез-келген тиімді менеджментте 4 түрлі функция бар. Бастапқыда жоспар құрып, оны ұйымдастырып, кейін ынталандыру және тұрақты бақылауда ұстап отыру.   

Біздегі билікте бір жүйелілік жоқ. Елбасы жолдауы мен үкіметтің ұсынып жатқан бағдарламасының жақсы екенін көреміз. Үкіметтің халыққа көмектескісі келетін ықыласы бар екен ғой деп ойлап қаламыз. Алайда мүлдем басқа сипат орын алуда. Әкім болса көп жағдайда халықпен келісе алмай жатады.  Аяғы дауға ұласып жатқанын да білеміз. Жол саламыз дейді, жолдың ақтарылып жатқанын көреміз. Жергілікті атқа мінердің жауапкершілігінің жоқтығы мен мемлекеттен бөлінетін қаржының талан таражға ұшырауы басты мәселе.

Көп ұсыныс айтып жүрген азаматтар бар. Арнайы блокчейн технологиясын мемлекеттік бюджеттің бөлінісіне енгізіп, қандай қаржының қай жерге кетіп жатқанын көрейік, жұмыс барысын халықпен ақпараттандырып отырайық деп. Сол кезде ақша айналымында тазалық орнайтын болады.

- Жыл сайын елімізде Президенттің жолдауы негізінде немесе үкімет басшыларының бастамасымен біраз бағдарлама енгізіліп, бастау алады алайда белгілі межеге жетпей, нәтижесіз түрде тоқтап қалады. Алайда бөлінген қаржының да аз емес екені айқын. Осы бағдарламалардың жүзеге асыруда қандай олқылық жіберілуде?

Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2003 – 2015 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы болған.Ол үш кезеңге бекітілді. Жүзеге асқан жағдайда тап-тамаша жемісін беретін еді. Шындығына келсек біз бағдарлама қорытындысы бойынша индустрияланған, экономикасы, өнеркәсібі дамыған мемлекет болуымыз керек еді. Өкінішке орай ол жердегі көрсетілген мақсаттар мен қойылған міндеттердің әлі күнге орындалмай жатқанын көреміз.  Жоғарыдағы аталған стратегияның жалғасы ретінде жаңадан Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың 2010– 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы тағы қабылданды.

Шенділерге осы мәселе жөнінде сұрақ қойған болатынбыз. Осы стратегияның басы-қасында жүрген Қайрат Келімбетов мырза: «Біз 2007-2009 жылдары болатын дағдарысты білмей қалдық. Дағдарысқа көп қаражат керек болды. Біз үдемелі түрде даму үшін жаңа стратегияны қабылдауға мәжбүрміз»деп жауап берген еді.  

Алайда қазіргі стратегияның өзі орындалмай жатыр. Жауапты адам соңына дейін жеткізбейді. Белгілі бір себеппен басқа жерге ауысып кетеді.

Бөлінген қаржыға нақты сұрау болмай тұр. Жазалау болмағандықтан кейін де жобаға селқос қарау басымырақ.

2007-2010 жылдары еліміз мұнайға тәуелділіктен құтылып, басқа да табыс көздерін қарастыруға кірісеміз деп бел буған еді. Алайда араға он жыл салып әліде теңгенің құнсыздануы мен ел экономикасының тұрақсыз болуы мұнайға тікелей байланысты. Бұл тәуелділіктен не себепті арыла алмай отырмыз? 

Қазақстан экономикасының гүлденуі мұнайдың арқасында. Мұнай болмағанда бұндай нәтижеге жетпес едік. Сол кезеңдерде шенділер арқасын кеңге салды. «Самұрық Қазына» құрылып, қарамағында істейтін азаматтар еншілес компания құрды. Бұның да мақсаты шенділердің балаларының жұмыс істеуіне жағдай жасау үшін. Тамаша айлық, жетістіріп  жұмыс істеу жоқ. Сол жерде істесек болды деген тенденция ғана қалыптасқан болатын.

Нақты айтсақ 20%  қызметкері ғана тер төгіп еңбек жасайтын еді. Кейін мұнай бағасы құлдыраған кезде біздегі еңбек өнімділігі төмен екеніне көзіміз жетті. Экономика дамымай отырудың бір себебі нарықта мемлекеттік монополия үстемдігі көбірек.

Теңгенің құнсыздануына әлемдегі экономикалық ақуал, мұнай бағасы, алпауыт елдер арасындағы сауда соғыстары сынды сыртқы фактор әсер етуде. Ал ішкі факторға келетін болсақ ішкі нарықтағы өндірістің болмауы, экономиканың нақты секторының дамымауы, ұлттық банк араласуы сынды дүниелер ықпал етеді.

Дамушы елдерде валюта тұрақсыздығы бар. Бұл халықтың тұрмысының түзелмеуіне зор ықпал етеді. Қолдағы қаражат тез құнсызданып, төлем қабілеттілігі төмендейді.

- Қазіргі таңда қызу талқыға түсіп жатқан тақырыптың бірі: Қытайдың Қазақстанға инвестиция құюы. Қазақстанда жүзеге асырылатын Қытайдың 55 жобасы. Халыққа үрейленуге негіз бар ма?

 Бұл мәселеге жан-жақты көзқараспен қарап көрдім. Қытайдан инвестиция тартып жүрген азаматтардың сөзінше, біз Қытайдан инвестиция тарту үшін біраз тер төккен едік. Қытайдан енді инвестиция тарта берген кезімізде халық дүрлігіп, алаңдаушылық білдіруде.  Халықты да түсінуге болады. Негізгі себеп үкіметке деген сенімнің жоқтығы.

Заң бойынша егер де шетелдік компания бізде жұмыс жасайтын болса қызметкерлер арасында (яғни басқарушы топ менеджерлер) шетелдіктердің үлесі 30%-дан  аспауы керек. Қарапайым жұмысшылар үлесі 10%-дан аспауы керек. Мейлі бір компанияда  100 адам бар десек 10 жұмысшы ғана Қытай азаматы бола алады. Егер ол сақталмай жатса, ол әшкерелену керек.

Мемлекет тарапынан бұндай заңдар қарастырылған. Ендігі мәселе бұл заңдардың орындалуын толыққанды қамтамасыз ете ме, кейбір өз құлқынын ойлаған жергілікті шенділер аттап кетпей ме? Қытай инвесторлары келіп осы сала бойынша жауапты тұлғаларды сатып алмай ма?  Бұл жерде халықтың мемлекетке деген сенімі айтарлықтай маңызға ие.

Өткенде Жеңіс Қасымбек Қытайдың 55 жобасы бойынша есеп беруге дайын екенін айтты. Ол әрине жақсы тенденция. Империялық ойы бар ықпалды мемлекетпен байланысқа түсіп, жасалған мемарандум мен келісімдер жайында халықты ақпараттандырса, әр жоба жайлы жан-жақты айтылып, жасырын болмаса ел көңіліндегі күдік  те арылады.

– Алдағы уақытта Қазақстанның экономика саласында қандай олқылықтар түзетілуі тиіс деп ойлайсыз?

 Үкімет тарапынан халыққа көмектесуге деген леп, ықылас байқалады. Әрине, қабылданып жатқан заңдар мен түрлі жобалар соңына дейін нақты жүзеге асса деймін. Барлығы түптеп келгенде халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруді мақсат етеді. Сонда да бізде көбінесе сандар әдеміленіп тұрғаны көрінеді. Ол жұмыссыздық, инфляция деңгейіне қатысты болсын.

Елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8%  деп статистика әдемі көрсетіп тұр. Жұмысбастыларды есепке алғанда 2 млн-нан астам халық өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырғандар деп келтіріледі. Олардың ішінде қаншасы нақты жұмыс жасап отырғаны да белгісіз. Енді ғана осы мәселе қозғалуда.  Өзін-өзі жұмыспен нәтижелі қамтамасыз етіп отырған және нәтижесіз қамтамасыз етіп отырғандар деп бөлінуде.

Елдегі жұмыссыз адамдарды нақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп, қолға алынса.  Сыбайлас жемқорлық, көлегейлі экономиканы жартылай болсын жеңіп, жасырын емес ресми нарық қалыптасса біраз мәселе шешіліп, халықтың сенімі де артар еді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Көгершін Тілеген

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір