12 Қазан, 2019 Сұхбат
azattyq.org
Күні кеше Қастер Мұсахан, Мұрагер Әлімұлы атты екі этникалық қазақтың Қытай елінен қашып, Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткені белгілі болды. Бұл тіркеліп отырған алғашқы жайт емес. Сайрагүл Сауытбайдың ісі де дәл осы жағдай бойынша қозғалған. Аталған деректер тек жұртшылыққа жеткені ғана. Көпшілік білмейтін, астыртын жүріп жатқан әрекеттер қаншама. Бұл ретте «Қазақстанның мемлекеттік шекарасы қалаған адам кесіп өте алатындай қорғаусыз жатыр ма» деген сауал ойға еріксіз келеді. Осы және өзге де сұрақтарды белгілі саясаттанушы Расул Жұмалыға қойған болатынбыз.
– Шетелдік азаматтар мемлекеттік шекараны қалай заңсыз кесіп өтіп жатыр деп ойлайсыз?
– Бұған қатысты нақты мәліметті шекара қызметінің басшылығындағы, ҰҚК-дағы адамдарға қойған дұрыс болар. Өзім аталған саланың маманы болмағандықтан нақты тап басып бірдеңе деу қиындау. Десе де...
– Сөзіңіз аузыңызда. "Қамшы" порталы бүгін ғана осы сұрақты Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми хат етіп жолдады. Ал сізге сауалды былай деп қойсам: бұл елдің шекара шебінің әлсіздігін білдіре ме, әлде бұны жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен байланыстырасыз ба?
– Мен екінші нұсқамен келісер едім. Білуімше, шекара екі жақтан да толықтай жабылған. Кешенді түрде күзетіледі. Әсіресе, қытайлық тараптың шекара қауіпсіздігіне келгенде техникалық, адами ресурсы мол. Әрі олардың заңы да қатал. Демек шекарадан жайбарақат өту – оңай шаруа емес. Сондықтан оның себептерінің бірі – ауыз жаласу, жемқорлық, пара беру, алу сынды дүниелер шығар. Кез келген мемлекетте жемқорлық, көрсе де көрмеген болу, пара алып өткізу деген бар нәрсе.
– Сонда шекара асып келген жігіттердің «тау-тасты басып өттік» деуі қисынға келіңкіремейді дейсіз бе?
– Меніңше, қисынға онша келмейді. Себебі біз шекаралас жатқан бес мемлекеттің ішінде толықтай демаркация жасаған ел – Қытай. Карта жүзінде ғана емес, нақты жерде, мекендерде тиісті шекара бөгеттері, тексеріс орындары орнатылған. 2 мың шақырымға созылып жатқан Қытаймен шекарада толықтай тікенек сымдар жүргізілген. Ауыз жаласуы мүмкін деп тұспалдауымыздың себебі – осы. Ауық-ауық Қорғаста ірі контрабандалық деректердің әшкереленіп тұратыны өзіңізге де белгілі шығар. Бұл – әшкере болғаны ғана.
– Қытаймен ғана шекараның толықтай бекітілгені туралы айтқандарыңыз, өзге елдермен шекараның түбегейлі демаркацияланбауы қатер төндірмей ме деген сұрақты тудырып тұр...
– Меніңше, қатер төндіреді. Көршілермен достық қарым-қатынас құру маңызды. Бірақ қауіпсіздіктің жалғыз ғана кепілі бұл емес. Өз қауіпсіздігінің мызғымастығын ойлаған ел шекарасын толықтай бекітіп алуы тиіс. Біздің үкімет мәселеге жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмей отыр. Істі қазіргіден де тезірек шешуге болар еді. Бірақ бұл біртіндеп жасалынатын жұмыс. Оған үлкен қаржы, техника қажет. Тіпті бақуатты АҚШ сияқты елдің өзінде де шекара мәселесінде проблемалар бар. Трамптың Мексикамен шекараға қабырға салғысы келіп жүргені содан. Бүгінде ішінара Ресеймен, Өзбекстанмен демаркация бар. Бұл мәселенің шешілуі уақыт еншісіндегі шаруа деп ойлаймын.
– Шекара бекіту дегенде қайбіржылы депутат Бекболат Тілеуханның «Қазақстаннан басқа Қытаймен шекарасын бекіткен ешбір ел жоқ» деп айтқаны еске түсіп тұр. Бұл рас па?
– Бұл жерде 90 жылдары осындай келісімге алғаш болып келген Қазақстан екені рас. Қателеспесем, 1996 жылы шекараның бір бөлігі бойынша, одан кейін 1998 жылы екінші бөлігі бойынша қол қойылды. Сонымен Қытаймен делимитация мәселесі жабылды. Қырғыздар бұған сәл кештеу келді. Бірақ 2010 жылға дейін ТМД елдеріндегі Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан бәрі Қытаймен шекара бойынша келісімге қол қойып алды.
– Қоғамда «шекараны қандастарымыз заңсыз кесіп өтіп жатқанда қытайлар да кірмегеніне кім кепіл?» деген алаңдаушылық жоқ емес. Бұған не дейсіз?
– Қытайлар ондай бір үлкен көлемде өтіп жатыр деп ойламаймын. Өйткені қытайларға заңсыз келгеннен гөрі заңды түрде, қандай да бір құрылыс компаниясының қызметкері ретінде келуге мүмкіншілік мол. Біздің үкімет оларға көп жағдай жасап отыр. Тайраңдатып, қазақ жұмысшыларынан көп жалақы алуына мүмкіндік беріп отыр. Бұған бірінші кезекте қытайларды емес, әкімдерді, министрлерді, лауазымды тұлғаларды айыптау керек. Қытаймен қарым-қатынас жасайтын еуропалық елдер көп. Бірақ олар қытайларды тырп еткізбейді. Өйткені о баста келісімге келгенде өздерінің мүдделерін жақсы ескерген.
Ал шекарадан заңсыз өтіп жатқандар арасында қырғыз, өзбек азаматтарының үлесі жоғары. Бұл белгілі бір дәрежеде жұмыс орындарын иемдену, өз азаматтарымызды жұмыссыз қалдыру сияқты келеңсіздіктер тударады. Заңсыз мигрант тұрғысынан Қытайға қарағанда Қырғызстаннан, Өзбекстаннан келетін қатер көбірек.
– Қытайдағы аз ұлт өкілдерінің, оның ішінде этникалық қазақтардың жағдайына қандай баға бересіз?
– Саяси лагерьлерде отырған қандастарымыз әлі де бар. Бірақ жағдай 2017-2018 жылдағыдай күрделі емес. Қазақстандағы Қытайға қатысты көзқарасты олар көріп отыр. Әлеуметтік желілердегі қарсылықты байқап отыр. Бәлкім содан да болар, кезінде Сайрагүл ісінде қытайлық тарап үзілді-кесілді талап қойған жоқ. Тағы бір жағынан олар экономикалық серіктес болғандықтан Қазақстанмен ара-қатынастың нашарлауына емес, керісінше реттелуіне, жандануына мүдделі.
Айта кетерлік нәрсе, бұл істе сыңаржақтылыққа бой алдырып, бар жауапкершілікті мемлекетке артып қоюға болмайды. Қытайдың ішкі заңының, тәртібінің өзіндік ерекшеліктері бар. Кейбір шектеулер, діндік, ділдік, тілдік мәселелер бар. Қазір қытайландыру саясаты қатты жүріп жатыр. Ал ол жөнінде кезінде айтылды ғой. Шекара айқара ашық болып, квота берілген тұста саясаткерлер, саясаттанушылар ондағы жұртқа «атамекенге қайтыңдар» деді. Қабдеш Жұмаділов, Мұрат Әуезов сынды Қытайды іштей білетін зиялылар Қытайдағы жағдай түбі нашарлауы мүмкін екенін, қытайландырудың жүру ықтималдығын, Қытайлар күшіне енетінін айтты. «Ұрпақтарыңыз қытай болып кетеді, отанға оралыңдар» деді. Бірақ қозғалғандар көп болған жоқ. Қазақстанға келгендерді қарасақ, Қытайдан келгендер салыстырмалы түрде көп емес. Оларды сол кезде ол жақтағы жағдай қанағаттандырды.
Бірақ кезінде сөйтті екен деп біз ол қандастарды өзекке теппеуіміз керек. Мәселенің араздасу емес, өркениетті жолын табу маңызды. Ол үшін билік сондағы 1 жарым млн қазақты әкелуге белсені кірісу қажет. Сондай-ақ біз – азаматтар қайтып келген бауырларымызды қабылдап, бауырымызға басуымыз қажет. Қағазбастылыққа салмай, құжаттарын дереу реттеп, жұмыс орындарын тауып, әлеуметтік қолдау білдіруіміз керек. Қазақстанда оралмандардан шыққан неге депутат, министр жоқ. Оларды шеттетпей, жұмыс істеуіне, мәнсаптық жолда өрлеуіне мүмкіндік тудыру қажет. Бұған қол жеткізу үшін мемлекеттің алдында үлкен істер тұр.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір