14 Қазан, 2019 Әлеумет
Қара даланың иесі мен киесі
Жуырда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және отандық туризмді қолдау мақсатында бір топ қазақ журналистері Алматы облысына қарасты Ұйғыр ауданында болып қайтты. Аудан аумағындағы тарихи тәбәрік жерлерді аралап-көру осы өңірдің тумасы, белгілі әнші-композитор Сәдіқожа Мошанұлының туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатқа орайластырылды.
Екі күнге жоспарланған саяхат-сапардың алғашқы күні тарихи және табиғи кәделі жерлерді көруге арналған екен. Ол осы тізімнің шалғай нүктесі, Нарынқол мен Кегеннің етегін басып, шығысқа бет түзеген керуен жолдардан сәл бұру орналасқан атақты Шарын шатқалынан басталады. Осы жолдардың авторы биыл көктемде бұл жерге француз театр режиссері, өнертанушы, продюсер Эдуард Фламэнсты алып келген-ді. Сонда әлемнің талай бұрышын аралаған, Колорадо үстіртіндегі әйгілі Гранд-каньоныңды көріп тастаған кезеген саяхатшы алып аңғар, қызғылт қамал, мыстан сайларды көріп қабағат қайран қалған, мұндай кереметтің басқа жерде жоқтығын мойындаған. Сондағы бір сөзі есімде қалыпты: C'est magnifique! («Бұл неткен керемет!»). Француздар бұл сөзді бір нәрсеге аса таң болғанда айтады.
Шарын... Айтқандай, бұл жерге әлемдік деңгейдегі мәшһүр әншіміз Димаш Құдайберген түсірілім тобымен келіп, өзінің жаңа сән желісі – DQ парфюмінің жарнама ролигін түсірген көрінеді. Құдайшылығын айтайық, сол шамада Ирландияда, сарқырама жанында түсірілген әншінің жеті минуттік «Знай» бейнебаянынан Шарында және Көлсайда түсірілген 46 секундтік промороликтің әсер-қуаты әлдеқайда жоғары. Оның себебі, әлгі түсірілімде әншіге күш сыйлаған туған жердің биоқуаты, сөзбен айтып жеткізу қиын әлдебір сиқырлы магиясы бар. Роликті ютубтан тамашалап, Шарынға ғашық болып қалған Димаш талантына табынушы мыңдаған шетелдіктер осыны айтып отыр. Өткен жолғы осындай саяхаттарымыздың бірінде ішінде сексеннен асып селкілдеген американ қария бар солардың бірқатарын Есік музейінен ұшыратып едік, енді солар Шарында да өріп жүр. Былтыр мұнда он бес мың адам келсе, биылғы тоғыз айда 18 807 турист ат басын бұрған.
Шарынның шатқалына кісі басына 750 теңге төлеп кіресің. Тамаққа орта есеппен екі жарым мың теңгені шытырлатып тұрып санап бересің. Топ болып келіп, 45 мың теңгеге киіз үй жалдап, түнеп кетуге де болады. Шетелдіктер ол жағына қысылмайды. Олардың түсінбейтіні басқа жайлар. Мысалы, бұл жерде Шарындай алапат көркем, мәшһүр орын тұрғанда ол орналасқан ауданның неге Ұйғыр ауданы аталатынын сұрайды. Әлде бұл тарихи ескі ат па, ұйғырлар осы жердің аборигендері (байырғы халқы) ма дейді. Не дейсің, тарихтан құлатып жауап берген боласың, бірақ соған өзің де сенбей тұрасың. Себебі, осы кісілер келген Солтүстік Америкада үндістер резервацияларының өзі сол аборигендердің атымен аталмайтынын, ең бастысы аудан ат қылып тағынып отырған этнонимнің дәл осы өлкеге қатысы шамалы екенін жақсы білесің. Білесің де «Апыр-ау, Шарын деген ат осы жердің аумақтық-әкімшілік бөлінісіне әбден сұранып тұрған жоқ па, әрбердесін Нарын, Шарын деген жер аттары жаңаша жыл санауымыздан да әрірек кететін көне түркі сөздері ғой, яғни қазағыңа да, ұйғырыңа да ортақ жер-су атаулары емес пе?!», – деген ойға кетесің. Шарын ауданы... Қандай әдемі, тарихи мағыналы, айтуға да жеңіл. «Ұйғыр» деп тіліңді бұрап жатпайсың.
Осындай ойлардың қоршауында ерен ағаштарға жылжыдық.
Жер жәннаты Жетісудағы табиғат жауһарларының бірі – «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан Ерен тоғайы. Мұнда бірінші болуым. Осында бүкіл Орталық Азия мен Еуразияда теңдесі жоқ, бес млн жылдық тарихы бар ерекше ағаш өседі дегенді естуім бар-ды, соны көріп, құмардан шықтық. Биіктігі – ұшар басына қарасаң қалпағың жерге түседі, қима беті екі метрден асады, қандай зор адамның да құшағы жетпейтіні түсінікті, ал басының дудары жиырма бес метрге дейін жайылған. Мұхиттың арғы жағында секвойя дейтін осы әліптес аса зор ағаштар барын білуші едік, құдая тоба, мына ағаштар солардан бір де кем түспейтін шығар. Айырмашылығы, секвойяны әлем біледі, ал ғылым Fraxinus sogdiana Bunge дейтін «соғды шетенін» («шаған ерені») пәлен жыл іргесінде тұрып біздің өзіміз енді кеп көріп, көзайым боп жатырмыз.
Ұлттық парк аумағындағы ерен ағашты алқап 1015 гектар жерді алып жатыр. Күтіміне сөз жоқ, алайда білетіндердің айтуынша, соңғы жылдары Мойнақ су электр стансасының салынуымен Шарынды бойлап келетін су мөлшері күрт азайып, соның салдарынан тоғайды суландыру мәселесі қиындап кеткен екен. Бүйте берсе Шарыннан басқа Колорадоның Гранд шатқалында ғана өсетін бұл таусыншақ (реликт) тоғайдан айырылып қалуымыз да мүмкін. Себебі, зәйтүн тұқымдас шаған ағаштары ылғалды аса жаратады.
Тоғайда ереннің ел Ақсақал ағаш дейтін аса ерен түрі де бар екен. Жай көлік бара алмайды. Журналист емеспіз бе, көлігімізден түсіп жаяу тарттық. Үш шақырымға жуық жолды көріп барған еңбегіміз әбден қайтты. Қайтпағанда ше, ойбай-ау, еріншектер көре алмағанды біз, авантюрист тілшілер көрдік. Манағы екі метрліктерің мынаның қасында ойнап қалады: сізге өтірік, маған шын, Ақсақал ағаштың (өздері үшеу) жуандығы сонша, жеті адамның құшағы әрең жетеді. Діңі темірден берік, тастан қатты. Неге екенін, сол жерде менің ойыма Досқан Жолжақсынов ағамыз айтатын: «Құрыштан құйған құдірет, қарттарым, аман-саумысың?!» деп келетін ән жолдары оралды. Алыста қалған балдәурен балалық шақ, Балабиге барар жолда, Бәйгеқұмды бойлай Асан ата, Досбол датқа, Оқшы әулиелердің қорымында мәңгілік тыным алып жатқан ерен ата-бабаларым еске түскені ерен ағашты құшақтап, қап-қатты қабығына алақанымды тигізіп отырғанымда. Сол жерде оқылған Құран сүрелері де ағашқа емес, сол ағаштай алып әруақтардың рухына бағышталды деп ойлаймын...
Одан әрі... Ие, одан әрі іштей «Жансыз дей бер ағаштан жасалғанды, ал ағашта өмір бар, анық мұным», – деп алып, тізгінінде Нұрсұлтан отырған атымыздың – кертомпақ автобусымыздың басын тұмса табиғаттың тағы бір мүйісіндегі Арасанға бұрдық. Ерен тоғай бізге ауасымен қуат сыйласа, терең жер қойнауынан түрлі түзілістер мен химиялық айқасулар әсерімен қайнап шығып жатқан термал өзінің қайнақ суымен бізді шипаландыруы тиіс. Өзімнің де көптен асыға күткенім де осы ыстық су. Бұл сапарды ұйымдастырушы Ұйғыр ауданы әкімдігінің қызметкерлері құрған жоспар солай, бізді бастап келе жатқан ауданның ішкі саясат басқармасы бөлімінің басшысы Гүлжахан Кəкішқызы мен аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы Талант Ахметовке де оны өзгертуге болмайды.
Арасанның бойы құжынаған шипажай. Бірақ әдеттегі санаторий-шипажайлар емес, мұнда олардағыдай стандартты емшара жүргізілмейді, себебі, Арасанның суы процедурасыз, жай шомылып, ішкеніңмен-ақ ем. Арнаулы әуітте шомылған адамның қан айналымы жақсарады, бұл – судағы минералдардың тері арқылы сіңіп, метаболизмді жеңілдетуінен. Иә, бар гәп минералда – химиялық компоненттер, органикалық заттар, газдар отыз градустан асыңқы жоғары температурамен келіп ағзаңды алып, буыныңды құртып, басыңды қаңғытса, онда шипаның дәру болып, бойыңдағы физиологиялық, артрит, жүйке, тері ауруларын қуып шығарып жатқаны деп біліңіз.
Түнде қатып ұйықтадық. Таңертең тұла бойым жеп-жеңіл болып, сергек ояндым. «Жол ұзақ әлі, жер шалғай» демекші, шипажайда азырақ ауқаттанып алғаннан кейін сапарымыздың мәнді де дәмді түйіні өтетін Кетпентау етегінде орын тепкен Кетпен ауылын бетке алдық. Мұнда Сәдіқожа атамызға ас берілмекші. Кетпен аудан орталығы Шонжы кентінен шығысқа қарай жүз шақырымдай жерде, Кетпен (Ұзынқара) жотасының солтүстік бөктеріндегі Үлкен Кетпенсай өзенінің аңғарында, бозғылт-қоңыртопырақты тауалды жазығында орналасқан. Қарадала деп аталады, айтса айтқандай, жарықтық, қазақтың кәдімгі қара даласы. Ақын, сазгер, әнші Сәдіқожа Мошанұлы 1917 жылы осы Қарадаланың төрі Сарбұлақ деген жерде дүние есігін ашқан. Тағдырлы тұлға. Отызыншы жылдарғы күштеп ұжымдастыру кезінде ағайын-аумағымен Қытай асып, сол жақта 1946 жылы отыз бес жасында дүние салған. Сүйегі Құлжа қаласының маңында жатыр. Көзі жұмылғанша «Біздің ауыл Кетпеннің етегінде..» деп аңырап өткен...
Сәдіқожа атамыз өкілі болып табылатын қожбанбет-ағымсары, жалпы албан елі республикалық көлемде атап өтіліп отырған шараға мықтап дайындалғаны көрініп тұр. Әдеттегідей ат шаптырылды, балуан тұрғызылды. Астың алдында Кетпен ауылында құрмет иесінің кеуде мүсіні ашылып, оның шығармашылығына арналған ғылыми конференция, «Сәдіқожа саздары» ән байқауы өткізілген. Ал салтанатты шараның өзі осы аймақтың тумасы, ақын Бақыт Беделханұлының «Мұң жайлату: Сәдіқожа Мошанұлының рухына» дейтін өте әсерлі театрландырылған қойылымымен ашылды. Тойдың көркі – ән ғой. Оның үстіне ас дауысы алты қырды адақтаған әншіге беріліп отырса, ол ән-күйсіз өтер ме?! Сәдекеңнің соңында жеті ән қалған екен. Әрине, біз білетін, кезінде Дәнеш Рақышевтай мақпал дауысты әншінің, әрі әдебиеттанушы ғалым, әрі әнші Құныпия Алпысбаевтың (Сәдіқожаның ұрпағы) айтуынан нотаға түсіріліп, ән жинақтарына енген «Сары бидай», «Ахау, қалаулы-ай», «Ахау, айым», «Сағынсаң, қалқа, өзің кел», «Еркем-ай», «Бекзатым», «Ақ қаз едің, дариға-ай» іспетті жеті ән өнерпаздың мол мұрасының бір кесегі ғана болуы мүмкін, жастай кетпегенде одан да молырақ болар ма еді дейсің. Бірақ сол аздың өзі Сәдіқожа атамыздың дәстүрлі ән өнерінде алатын орнын айқындап тұр деуге лайық. Шара үстінде соларды Рамазан Стамғазиев, Тілеулес Құрманғалиев, Нұржан Жанпейісовтер құлақ құрышын қандыра орындаған шақта Сәдіқожа Мошанұлының дәстүрлі ән өнеріміздің уызына жарыған өнерпаз болғанына анық көз жеткіздік. Сәдекең әнінің шоқтығы – «Сары бидай». Он төрт жасында елден кетіп қалуы себепті жасында атастырып қойған Әбзелхан қызды аңсағанда туған дүние. «Сары бидай, сағындым қалқам, ауылыңды-ай» деп келіп, жас жүректің ынтызарлық үнімен жер мен көктің арасында қалықтап тұрып алып, соңында жұтылып кеткендей болатын аса эмпатиялы бұл композицияны Тілеулес Құрманғалиев шырайын шығара орындады. Бастан-аяқ долэнтеге, соспирандоға құрылған шығарманың музыкалық тақырыбына айналып тұрған «сары бидай» сөзінің өзі дәстүрлі әндегі жаңалық – Сәдіқожа шығармашылығын арнайы зерттеген әдебиетші ғалым С.Медеубекұлы мен белгілі дәстүрлі әнші, әрі музыкатанушы Р.Стамғазиев осылай деп жазады. Әдетте қазақ әні «Қыз емес, қыздың аты қызыл бидай..» деп келсе, Сәдіқожа бабамыздың «Сары бидайы» тосын теңеумен өрнектелген. Онда басқа дәстүрлі ән өңірінен бөлек Жетісу аймағына тән иірім бар. Әнді тыңдаған кезде көз алдыңа бірден сап-сары масағын көтере алмай сабағынан иіліп, теңіздей толқыған егіс алқабы, соған теңелген бидай өңді, көркемниет Қазақ қызының бейнесі келіп тұра қалады. Ал «Ахау, қалаулы-айдың» дыбысқатарын жоғарыдағы зерттеушілер мажорлы пентатоникалық ладқа жатқызады. Дауыс көлемі қазақтың дәстүрлі әндеріндегідей секста интервал көлемінде, бірақ сол көлемнен аспай тұрып-ақ әнді динамикалық вариацияларымен құбылту, жоғары регистрді бұзбай-ақ филировка және альтерациямен (дыбыстарды қалауынша бәсеңдетіп, күшейту) ажарландыру, зады, қазақ әншілерінің ғана қолынан келетініне (қазір сахнада Димаш қолданып жүргендей) Сәдіқожа Мошанұлының ән айту стилі турашы. Ал пентатоника жөніндегі әңгіме тіпті бөлек: бұрынғы зерттеушілер қазақ әнін диатоникалық дыбысқатарға телігенімен, кейінгі зерттеулер онымен аралас пентатоник лад та кездесетінін көрсетіп отыр. Мұның өзі диатоника ән өнерімізге кейініректеу, ежелгі пентатониканың орнын баса келгенін айғақтағандай. Олай болса қазақ музыкасы әу баста Шығыстың бес ноталы пентатоникалық модальдық сазы негізінде түзілгені аныққа шығады. Осы орайда Сағатбек, Рамазан ағаларымыздың Сәдіқожа әндерін пентатоника басымдау болып келетін Арқа әншілік дәстүрімен ұқсастыруы әбден құптарлық. Не десе де, айналайын халықтық музыкамызда аймақтық дәстүрлер, жекелеген әншілік мектептер болғанымен, жалпы қазақ әні еншісі бөлінбеген біртұтас кесек дүние екенін айту жөн. Ендеше С.Мошанұлының әншілік шеберлігі, композиторлық мұрасы осы тұрғыдан да зерттелуі керек-ақ...
Қарадаланың Кетпенінен біз осындай ойлармен аттандық. Иә, Интернет жағалаған жаман емес, ал ел аралаған одан да жақсы екен. Әттең, екі күн аздық қылды. Қазақ даласының қай қойнауы да құт қана емес, өнердің, киенің де кеніші ғой. Қара даламыздың иесі де, киесі де бар. Осы шындықты және бір ұқтырып, арнайы пресс-тур ұйымдастырған аудан әкімдігіне, бізді айрандай ұйытып апарған Б.Жөкенқызына, сондай-ақ осы тұрғыда Көлсай, Түрген сапарлары жолында жұмыстанған Қазақ журналистері чатындағы Е.Азанбек пен А.Қожамамбетоваға алғыстан басқа айтарым жоқ.
Гүлмира АСЫЛБЕКҚЫЗЫ
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір