• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
22 Қараша, 10:29:12
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

14 Қазан, 2019 NEWS

Қызойнақ па, "жынойнақ" па?

Қызойнақ па әлде жынойнақ па? Бұл күнде ұзатылар алдында қалыңдықтар құрбыларының басын жинап кеш өтізуді әдетке айналдырған. Әрине, мұндай шараны жаман дүние деуге ауыз бармайды. Бірақ шектен шығып, әдептен асатындарға қарап бұл жайлы бір сәт ойланады екенсің. Жаңадан белең алған шоудың артық-кемі жайлы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

"Қызойнақтар бұл күндерде көп дейді, Ойбай-ойбай, бола берсін көп. мейлі!. Артық шығын болса дағы қыздарға, Қосымша табыс бізге көптік етпейді". Иә, "девичник" ұйымдастырып жүргендердің бұл күнгі ұраны осы ма, дерсің. Қазақстандық қалыңдықтарға ұнап жатқан жаңа үрдіс, қомақты қаражаттың көзіне айналған.  

ЕКАТЕРИНА МИХЕЛЬ, МЕЙРАМХАНАЛАР ЖЕЛІСІНІҢ АРТ ДИРЕКТОРЫ:

– Девичникті ұйымдастыруды толық қолымызға алсақ, шамамен 90 мың теңгеден басталады.  Бағаға шектеу жоқ. Қалыңдық пен құрбыларының қойған талаптарына қарай миллион теңгеге дейін кете береді. Оның ішіне образдар ойлап табу, концерттік бағдарлама, жүргізушінің болуы, дастархан тағы басқалар кіреді. Біздің қыздар қазір өзін ханшайым сезінеді ғой. Лимузин керек, фотограф, видео қажет деп барлығын түгел қамтығысы келеді және барлығын таң қалдыруды да ойлайтындай.

Шоу дегеннен шығады. Жақында әнші Луинаның бойдақ күндерімен қоштасу кеші өтті. Айтары жоқ, ол шараны ерінбегеннің бәрі көріп, талқылады. Құрбыларының басын қосып өткізген қызойнақтың құны әжептәуір болғанға ұқсайды. Біреудің теңгесін талқылаудан аулақпыз. Дегенмен, осы патидің көпшілік көзіне ілігуіне мына жігіттер себеп болды. Уқалау-сипалаумен айналысатын мамандар деп таныстырыпты. Уқалады ма, жоқ әлде жәй ғана сипалаумен айналысты ма, бір Құдай біледі. Бірақ, мұндай ашықтық қоғам наразылығына тап болды.

«Бұл не деген қуаныш, бұл не деген бақыт!».

Біраз уақыттан бері түрлі шараларды ұйымдастырып жүрген мына Сымбат қыздардың талғамы таудай екенін айтады. Кейбірі тіпті стриптиз билейтін "батырлар" керек деп сұрайтын көрінеді. Бірақ, бұл кісілер "әдептен аспаймыз" деп бас тартып келеді екен. Ал стильдің түр-түрі бар.

СЫМБАТ ТЫНЫСБЕКОВА, ТОЙ ҰЙЫМДАСТЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ:

– Көбінесе заманауи еуропалық стильде, Мысалы еуропалық және шығыс стиліне еліктеп жатады қыздар. Түнде киетін сорочкалар және фаталар арнайы стильде тапсырыс беріп жатады.  Қыздың құрбылары басқа кештерге қарағанда ерекше болғанын қалайды.

Жақында желіде желдей есіп таралған қызойнақтардың бірін актриса, блогер атанған Айым Сейтіметова өткізді. Оның кешінің «мафия» стилінде болғанына мына видеолар дәлел. Араб, шығыс, тіпті, мына мафия былай тұрсын, жерлеу стилін таңдайтындар да бар екен.

ЕКАТЕРИНА МИХЕЛЬ, МЕЙРАМХАНАЛАР ЖЕЛІСІНІҢ АРТ-ДИРЕКТОРЫ:

– Бұл оқиғаны маған әріптесім айтып берді. Жерлеу рәсімі кезінде қосылатын әуен ойнаған. Сол сәтте қалыңдықты  табытқа салып кіргізеді. Яғни, құрбылары онымен осылай қоштасып жатыр екен   девичник кезінде.  Бұдан басқа да мысалдар жетіп артылады. Мысалы, мысық болып киінеді, ханшайымдар болып түрленеді. Айта берсең көп. Кейбір қыздар стриптиз билейтін жігіттерді де шақырады. Бірақ, өткізіп жатқан шаралары жайында тіс жармауын өтінеді. Біз келушілердің көңілінен шығу үшін кез келген талап-тілектерін орындаймыз.  

Жаңа өмірдің алдында қалыңдықтың жақын деген құрбыларын жинап отырыс жасауында тұрған не бар дерсіз? Әрине, біреудің жеке өміріне араласып, ақыл айтудан әрі жөн сілтеуден аулақпыз. «Әдептен аспаған, арманға бастаған, жан-жағым дос құрбы, жан-жағым жақсы адам» деп көңілді кеш өткізу ерсі дүние емес. Десе де қаракөздеріміз сол әдептен аспаса екен дейміз.

«Дүние қарап тұрсам шолақ екен, адамдар бiр-бiрiне қонақ екен. Барында оралыңның ойна да күл, қызығы бұл өмірдің сол-ақ екен».

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір