• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 15:41:05
Алматы
+35°

Ел экономикасы әр іске икемі бар, білімді жастар арқылы дамиды. Кәсіп ашып, іс бастауға ешқашан кеш емес. Бірақ, ең дұрысы оған ертерек икемделу. Елбасы Н.Назарбаевтың азаттықтың алғашқы жылдарынан нарықтық экономикаға бет бұрып, кәсіпкерллік бейімделу туралы идеясының да мәні осында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұқараның бизнеспен айналысуына барынша жағдай жағдай жасалатындығын айтып отыр. Тіпті, Президенттің Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында осы салаға айрықша басымдық берілуі де тегін емес.

Тұрғындарды, оның ішінде жастарды кәсіпкерлікке баулудың маңызы қашанда зор. Осы орайда М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің бастамалары мақтауға тұрарлық. Мысалы, «START-U» студенттік бизнес-инкубаторының жастардың жігерін жанып, құлшынысын арттыруға тигізіп отырған септігі мол.

Себебі, мұнда жастардың тың бизнес идеялары туындап қана қоймайды, мақсатқа жетудің жолдары көрсетіледі, жан-жақты білім береді. Бизнес инкубатордың мақсаты – жастардың кәсіпкерлікке қызығушылығын арттыру, шағын кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасау, жастардың инновациялық және креативті идеяларын жүзеге асыруға қолдау көрсету.

–Бізге студент-көшбасшы қажет. Жанып тұрған жастарға мұқтажбыз. Мақсаты бар, арманы бар жасты қолдауға біз әрдайым дайынбыз, - дейді Enactus Dulaty командасының жетекшісі Әмина Уәлиқызы. – Мысалы, бүгінде Enactus Kazakhstan ұлттық офисіне жоба-менеджері қызметіне шақырту алған Карим Сүлейменов біздің командаға 1-курс оқып жүрген кезден қосылып, өзінің қабілетін, дарынын көрсетіп көшбасшы дәрежесіне жетті. Оның ізін басқан студентіміз Шахзод Кадырходжаев та биыл магистратураны тәмамдағалы тұр. Енді біздің командаға көшбасшы қажет. Қазан айынан бастап осы бағытта жұмыс істейміз. Жанарында от жалындаған жастарды әрдайым қолдауға дайын тұратын университет ректорына, Enactus Kazakhstan ұлттық офисінің директоры Альбина Ержановаға және басқа демеушілерімізге алғысымыз шексіз.

Иә, АҚШ-тың Сан-Хосе қаласында өткен Enactus Әлем кубогында ел намысын қорғап, үздіктер қатарынан табылған университеттің командасы шын мәнінде оқу ордасының мақтаныштары. Олардың ойлап тапқан жобалары әрмен қарай жалғасын тапса, әлеуметтік тұрғысынан да, экономикалық жағынан да тиімді, пайдалы болатыны рас. Жуырда гидро кешенде өткен бизнес форумда сөз сөйлеген Альбина Ержанова университет қабырғасында студент атанып, білім алып жүрген жастың алдында екі жол жатқанын айтты. Бірі қарапайым ғана күнделікті сабағын оқып, тапсырмаларды орындау болса, екіншісі оған қоса әр түрлі ұйымдарға мүше болып, белсенді жастардың қатарынан табылып, өз-өзін шыңдау. Бүгінде оқу ордасында екінші бағытқа екпін беретін жастаррдың көбейіп келе жатқандығы қуантады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір