27 Мамыр, 2013 Ұлы көш
Сапарбаев мырза, оларға оқ емес, тоқ керек!
Иә, олар. Олар – қазақтар. Өз жерінде оралман атанған ағайындар. 400 мың теңгенің тоғын әкім болған Сіз төлей аласыз немесе 71 миллиардты желкесіне байлаған...
Иә, олар. Олар – қазақтар. Өз жерінде оралман атанған ағайындар. 400 мың теңгенің тоғын әкім болған Сіз төлей аласыз немесе 71 миллиардты желкесіне байлаған эксәкім Бергей Рысқалиев төлей алады. Ал Сіз айтып отырған 42 миллион теңгені қарапайым қазақтың қалтасы көтермейді. Біздің білуімізше, олар күні-түні қызылды-жасылды шырақ жағып, дискотека жасаған жоқ. Қарт анасы мен жас баласын жылыту үшін тоқты пайдаланған. «Нұрлы көшке» арналып салынған үйдің қырық жамау «қырсық баспана» болып шыққаны ешкімге жаңалық емес... 42 миллион теңгені қайтарып алу керек болса, ең алдымен, «Нұрлы» ауылды қараңғы ауылға айналдырған жауапты шенеуніктен, тиісті құрылыс компаниясынан қайтарып алу керек. Бұл мың сан әкімнің ішінен жақсы аты бар Сізге сын!
Жасыратыны жоқ, Қазақстандағы көш мәселесі, оралман мәселесі тығырыққа тірелгелі қашан?! Мүмкін биліктің абыройын айрандай төккісі келген, Қазақстанның әлемдегі имиджін әдейі төмендкісі келген әлдебір топтың дегені жүріп тұрған шығар... Соны аңдайтын адам бар ма? Әйтпесе, тәуелсіздіктің жиырма жылында қазақтың санын 1 миллионға көбейткен қандастардың қандай кінәсі бар? Экономикасы қуатты, әлемдік көшбасшы елдердің қатарына ұмтылған біздің ел жыл бұрын әр оралманға берілетін 1000 доллар квотаны да тоқтатқан. Оның өзі бар кезінде біздің шенеуніктер жартысын тістеп, жартысын иіскеп, шекара аттап келген қара қазаққа жұрнағын ғана тигізуші еді... Ол да «Аллауакбар» болды. Шындап санақ жүргізсе, сол ақшаны алған адамнан алмағаны көп.
Енді міне, ақшасын бермесе де басқасын жақсы қылады деген үмітті ағайын панасыз қалған балапандай үрпиіп отыр. Шығыс Қазақстанға Сапарбаев барды дегенде «саңлақ саясаткер ғой, жағдайымыз жақсы болады» деп айтып отырғандарын құлағымызбен естігенбіз. Жарықсыз қалған жарым көңіл ағайынның алдынан мұздай қаруланған «сақшылардың» қарсы алғаны қай сасқанымыз? Әкімге мұңымызды шағамыз деген 300 адамның қолынан сынық сүйем таяқ көрсек көзіміз шықсын! Әлде «ол кезде оралман деп шатасып қалыппыз, міне нағыз оралман» деп «Жаңаөзендегідей» қырып салу керек пе еді?!
Отаным деп желпініп келіп, енді шыбын жандары үшін шыр-пыр болып жүрген ағайынның айтқандары да негізсіз емес.
Жұмыс деп іздеп қайда барса алдарынан орыс тілі дейтін «кәрі мыстан» қарсы алады.
Құжатын дұрыстайын десе өз қазағы «оралман» деп одырая қарайды.
Несие алып, кәсіппен айналысуға жоғары пайыз бен коррупция жар бермейді.
Егер біз Елбасы айтқандай «қалыптасқан мемлекет» болсақ, сол «қалыптасқан мемлекеттің» бір тізгіні Әкімдерде десек, ең алдымен осы мәселелерді неге шешпейді? Шеше алмаса несіне тізгін ұстап отыр?
Бұдан бұрын да жазылған, тағы да айтылсын. Дәнішпан билігіміз басқа әлеуметтік топтарды айтпағанда, «оралман» атанған «бір миллион» қазақты өзіне қарсы қоймағаны жөн. Аспандағы айды алып бер деп отырған ағайынды көргеміз жоқ. Әр қайсысы етік тігіп, көше тазалап, шаш қиып, егін егіп қолдарынан келгенін жасап жатыр. Олардың жалғыз арманы бар болатын. Әлі де сол армандары үшін күреседі. Ол – Тәуелсіз Қазақстанда өз тілінде сөйлеп, өз дәстүрінде өмір сүретін ұрпағын өсіру еді... Белін бекем буып, бабасынан қалса да, туған жерін тастап, ту тіккен мекеніне бет түзеген жұрттың шүперекке түйіп келгеніне жанына жара салмайық!
Біз Шығыс Қазақстандағы "Нұрлы ауылдың" қараңғылық жырын әрқашан назарымызда ұстаймыз.
Хазірет Әбділда
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір