• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 04:55:38
Алматы
+12°

15 Қазан, 2019 NEWS

Сайлау қарсаңында "жоғалып кеткен" актер Шри-Ланкадан сәлем жолдады (видео)

14 қазан күні әлеуметтік желіде жарық көрген шағын видеода актер осы уақытқа дейін не себепті елден тасада жүргені және өзіне қандай қауіп төнгені туралы баяндады.

Маусым айында Қазақстандағы президент сайлауы қарсаңында белсенділігімен көзге түсіп, кейін іс-түссіз жоғалып кеткен актер Әнуар Нұрпейісов 14 қазан күні You Tube-тағы жеке арнасына видео жүктеді.  Шағын видеода актер осы уақытқа дейін не себепті "елден тасада жүргені" және өзіне қандай "қауіп төнгені" туралы айтты.

Нұрпейісовтың айтуынша, ол қазір Шри-Ланкадағы аралдардың бірінен демалыс орнын 3 жылға жалға алып, тұрып жатыр. Аталмыш видеода ол өзін "билікке сатылып кетті" дегендерге де жауап берді.

– Біздің адамдарға не болған? Мені билікке сатылды деп ойлайды. Олар әр нәрсеге анализ жасап, ақ пен қараны ажырата алмайды. Қайдағы бір өсекке сенеді. Ал мен болсам қызметім мен өмірімді қауіпке тіктім. Негізінде маған бастапқыда үндемеуім үшін ақша ұсынған болатын, – деді актер. 

Нұрпейісов "саясатқа араласқаны қате болғанын" айтып, алдағы уақытта тек шығармашылықпен айналыстан  жеткізді.

– Саясаттың ойынына аралассаң, шынайы бақыттан алыстайсың. Енді тек шығармашылықпен айналысып, саяхаттағым келеді.  Мен президент таңдай алмасам да, мемлекет таңдай аламын, – деді ол.

 

Актер Нұрпейісов бастаған жастардың ұйымдастыруымен жасалған #Менояндым деген флешмоб Қазақстандағы президент сайлауы кезінде қоғамда қызу талқыланып, көптеген жастардан қолдау тапқан болатын. Сайлау қарсаңында жарияланған видеода жастар елдегі билік жүйесін сынға алып, халықты "оянуға" шақырды. Актердің өзі билікке қарсы «соғыс» жариялап, "Қазақстанда демократия жоқ, еліміз Солтүстік Корея ұстанған саясатқа қарай бағыт алып бара жатыр" деп мәлімдеген еді. Алайда саяси белсенділігімен көзге түсіп, жастардың қолдауына ие болған Нұрпейісов сайлауға төрт күн қалғанда – 5 маусым күні жоғалып кетті. Оны іздеген достары мен туыстары "саяси белсенділігіне байланысты актердің өміріне қауіп төнуі мүмкін" екенін айтып, дабыл қаққан.  

Кейін, 29 маусым күні Нұрпейісов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында "Жеке бас қауіпсіздігім мен орналасқан жерімді жасыру үшін  әлеуметтік желіге кіретін ұялы телефонымды қалдырып, басқа жаққа кетуге тура келді. Сіздермен байланысқа шығу үшін аз күш жұмсамадым. Мен аманмын, алайда екі адам болмағанда бәрі мүлдем басқаша болар еді. Оларға 5 маусым күні кешке көрсеткен көмектері үшін алғысымды білдіремін. Мен қазір Қазақстандағы қауіпсіз жердемін. Оның қайда екенін жақындарым да білмейді. Менің қайда екенімді туыстарым арқылы анықтағысы келетіндерге бұдан түк шықпайды деп айтамын, – деп жазған болатын. 

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір