• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 14:45:08
Алматы
+35°

Үстіміздегі жылғы 24 қазанда елордадағы "Қазмедиа" орталығында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен "Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі" атты форум өтеді.

Онда алғаш рет ЗАҢ, БИЗНЕС, БІЛІМ, ҒЫЛЫМ, БАҚ т.б. саланың және "Жас Отан" жастар қанаты өкілдерінің қатысуымен латынграфикалы жаңа әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртудың өзекті мәселелері талқыланады.

Шараның мақсаты – жаңа әліпби негізінде жаңғырған қазақ тілінің қазіргі заман сұранысына сай өміршеңдігін арттыру жолдарын анықтау.

Айталық, Қазақстан Республикасындағы кез келген ЗАҢ мәтінін алдымен мемлекеттік тілде әзірлеуді ұйымдастыру, отандық бизнесті қазақшаландыру, білім беру жүйесін латын әліпбиіне көшіру, ғылымдағы қазақ тілінің қолданысын кеңейту, сапасын арттыру, БАҚ-тағы қазақтілді контент сапасын арттыру, жастар арасында қазақ тілін брендке айналдыру мәселелері қозғалады.

Форум барысында жаңа әліпби мен қазақ тілін оңай әрі тиімді жолмен үйрететін заманауи интерактивті құралдардың көрмесі өтеді. Мұнда "Тіл-Қазына" орталығы әзірлеген жаңа ІТ-жобалар таныстырылып, көпшіліктің қолданылуына ұсынылады. 6 секция бойынша жұмыс жасайтын ғылыми конференция өткізіледі.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен 14 өңірдегі тілдік ахуалды жақсарту бойынша үйлесімді жұмысты жоспарлауға арналған өңірлік Тіл басқармаларының басқосуы ұйымдастырылады.

Форумда жаңа әліпби емлесіне қатысты жұрт көкейінде жүрген сауалдарға нақты жауап беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің заңнамасын жетілдіру, бизнес, ғылым, білім, БАҚ-тағы қазақ тілінің қолданысын кеңейтуге, мәдениетін арттыруға қатысты нақты ұсыныстар көрсетілген қарар қабылданып, жауапты құзырлы органдарға жіберіледі. Қарар «Тіл-Қазына» орталығының ресми сайтында, БАҚ-та жарияланады.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір