• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 12:55:51
Алматы
+35°

Сарысу ауданы, Жайылма ауылындағы Бөрібек Тоғызақбаев атындағы спорт кешенінде «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан» газеттерінің жартылай ауыр салмақтағы жеңімпазы (1963 жыл) Бөрібек Тоғызақбайұлын еске алу мақсатында қазақ күресінен 2004-2005 жылы туылған жасөспірімдер арасында жарыс өткізу игі дәстүрге айналған. Биыл VI рет жалауын желбіреткен республикалық турнир екі күнге созылды. Палуандар бәсекесіне 5 облыс, 10 ауданнан 175 жасөспірім қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында Сарысу аудандық мәслихатының хатшысы Сағымбек Бегеев сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Елбасымыз алға қойған 30 пайызға жуық қазақстандықтардың бұқаралық спортпен шұғылдануы туралы тапсырмасының мән-маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Белдесулер қызықты да тартысты өтіп, жас палуандар өздерінің бақтарын сынады. Осы орайда жеткіншектер 10 салмақ дәрежесі бойынша жүлделерді сарапқа салып, бірқатар жетістіктерге қол жеткізді.

Мысалы, 35 келі салмақ дәрежесінде Шу ауданынан келген Е.Сағымбек қарсылас шақ келтірмей, бірінші орынды иеленді. Ал 38 келі салмақ дәрежесінде Шымкент қаласының спортшысы М.Алиев ешкімге дес бермеді. 42 келі салмақ дәрежесіндегі жарыс та тартысты болды. Бұл сында Түркістан облысының намысын қорғаған А.Бердіқұловтың асығы алшысынан түсіп, алтын медальға қол жеткізді.

Сонымен қатар 46 келі салмақ дәрежесінде де кіл мықтыдар сынға түсті. Бұл бәсекеде Түркістан облысының тағы бір спортшысы И.Қожамбек ешкімге дес бермей, жеңімпаз атанды. Ал Шу ауданының өкілі М.Қартайған екінші орынды еншілесе, үздік үштікті тараздық Е.Бизақ пен саудакенттік Ж.Қайратұлы түйіндеді.

50 келі салмақ дәрежесіндегі сайыс та жанкүйерлердің жіті назарында болды. Бұл сында Түркістан облысының спортшысы Қ.Кемелхан дара шауып, даңққа бөленді. 55 келі салмақ дәрежесінде болса Шымкент қаласының палуаны Б.Оралбайдың бағы жанды.

Сол сияқты 60 келі салмақ дәрежесінде Тараз қаласындағы №7 мектептің атынан қатысқан Ж.Жоспардың абыройы асқақтады. Ал Созақ ауданының спортшысы Ж.Ақаш 66 келі салмақ дәрежесінде бағы мен бабының қатар келісіп тұрғандығын айқын аңғартып, алтын медальды қанжығаға байлады. 73 келі салмақ дәрежесінде Түркістан облысының өкілі А.Махаматов топ жарса, + 73 келі салмақ дәрежесінде бозкілем иелері- Жайылма ауылының үкілеп қосқан үміті Н.Жұмабек 1-орынды иеленді.

Жасөспірімдер сайысы аяғынан ересектер арасында «Жайылма Барысы» түйе палуан бәсекесі өткізілді. Түйе палуан белдесуіне Жайылма ауылы тұрғындарының арасынан 10 палуан қатысып, бақ сынады.

Жарыс соңынан Сарысу ауданының әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің медальдары, грамоталары және ҚР Президентінің «Парыз»

сыйлығының жеңімпазы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Жеңіс Тоғызақбаевтың демеушілігімен кіші жасөспірім жеңімпаз палуандарға бағалы сыйлықтар және ересектер арасында өткен түйе палуан жеңімпаздарына бас жүлдеге мотоцикл, теледидар және қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір