• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 17:37:18
Алматы
+35°

Жемқорлық – індет, жою –міндет. Бүгінде бұл қағидат тәуелсіз мемлекетіміздің басты ұранына айналды. Алайда сыбайлас жемқорлыққа қанша қарсы тосқауыл қойсақта, түп тамырына балта түспеуде. Тіпті жең ұшынан жалғасқан жемқорлық ең жауапты салалардың да тамырына батып отыр, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Расында қазіргі таңда жемқорлық деген індеттің дендеп кірмеген жері қалмады. Бұл кесел Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар саласын да айналып өтпей, жыл ішінде Меркі ауданында бір маман құрықталды. Адам өміріне жауапты сала бұған қалай жол беріп қойды? Бұл сауалға жауап табу үшін облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығы Бағдат Даниловты тілге тартқан едік.

- Жемқорлық деген қазіргі таңда ең үлкен кесел болып тұрғаны ақиқат. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жұмыла соққы жасауға шақыруда. Рас, департаментке қарасты Меркі ауданындағы бөлімімізде пара алу фактісі бойынша бір оқиға тіркелді. Бұл бүкіл құрылым үшін таңба болғаны даусыз. Және бәрімізге ауыр соқты. Аталған дерек бойынша ұсталған маман жұмыстан босатылып, оның тікелей басшысы қызметінен төмендетілді. Сондай-ақ сала мамандарымен толықтай түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, қазір дүйсенбі сайын сағат 17.00-де еліміздің Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғұмбаевтың қатысуымен селекторлық режимде кеңес өтеді. Осы жиында апта ішінде болған оқиғалар зерделеніп, әлеуметтік желілер мен басылымдарға шыққан мақалар мен видеоларға қатысты әрқайсымыздан жеке-жеке түсініктеме алынады. Сонымен қатар жемқорлық фактілері бойынша да жауап береміз. Бір сөзбен айтқанда қазір сыбайлас жемқорлық жайттары министрліктен бастап, өңірлік департаменттердің жіті бақылауында тұр, - дейді Бағдат Жұмаұлы.

Әрине байыбына бармай байбалам салудан аулақпыз. Алайда жемқорлық құрты құтқарушылар сынды құрылымның өзінің сүйегіне түсіп, қанын қоюландырып жатқаны ойландырады. Бір қырынан Бағдат Жұмаұлының сөзін орынсыз дей алмаспыз. Себебі департамент басшысының өзі тікелей ұйытқы болып, бүгінде Байзақ ауданында жемқорлыққа қарсы түрлі жиындар өткізгенін көз көрді. Сондай-ақ Тараз қаласындағы Жеңіс саябағында «Жолда қабылдау» шарасын ұйымдастырып, тұрғындарды ойландырған сан сауалға тікелей жауап берді. Бұл департамент бастығының ашықтық принципін ұстанатынын айғақтайды. Сол себепті Меркі ауданындағы келеңсіз бір көрініс салада соңғы сыбайластық фактісі болады деп сенеміз.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір