• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 02:08:17
Алматы
+35°

Өзбекстан мемлекетінің астанасы Ташкент қаласында самбо күресінен жастар мен жасөспірімдер арасында түндігін түрген әлем чемпионатынан жерлестеріміз олжалы оралды. Байрақты бәсекеде үш бірдей өреніміз жүлдегерлер қатарынан көрініп, мерейімізді үстем етті, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Атап айтсақ, Арқат Ануарбек алтыннан алқа тақса, қос қайсар қызымыз Рауза Нұрмахамметова мен Елизат Аязбек қола медальмен қуантты. Жеңімпаздарымызды кеше облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков бастаған жамбылдық жанкүйерлер ыстық ықыласпен қарсы алып, құрмет көрсетті.

«Жастар» алеясында өткен шарада басқарма басшысы Нұрбол Әбдімажитұлы жампоздарымызды жеңістерімен құттықтап, алдағы уақытта да толайым табыстарға кенеле берулеріне тілектестік білдірді. Сондай-ақ ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбеков те спортшыларға деген ізгі телігін жеткізіп, осындай толағайлар ТарМУ қабырғасынан түлеп ұшып жатқаны бүкіл білім ордасына абырой екенін айтты.

Өз кезегінде өңір мақтаныштары жанкүйерлердің қолдауларына деген алғыстары шексіз екендерін және алдағы додаларда да дара шабуыға күш салатындарына уәде етті.

Айта кетейік, бұл әлем чемпионатында өзге өңірдің атынан өнер көрсетіп жүрсе де, Жамбыл ауданы, Қаракемер ауылының тумасы, жерлесіміз Жансерік Жұмабай да қола медаль иеленіп, мерейімізді тасытты.

Естеріңізде болса, бір ай бұырын қаршадай қызымыз Елизат Аязбек Үндістан мемлекетінде атой салып, Азия чемпионы атанған болатын.

2001 жылы Жамбыл облысы Талас ауданы Аққұм ауылында дүниеге келген қаракөзімізді жанкүйерлер «Аққұмның алтын қызы» деп атап кеткен-ді. Қазіргі таңда Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде білім алып жатқан Елизат Тараз қаласындағы №7 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде шынығуда. «Алтын қызымыздың» алар асуы әлі алда деп сенеміз. Жарайсыңдар жамбылдық жампоздар. Жеңісті жорықтарың жалғаса бергей. Жүлделеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Биіктей беріңіздер, өңір мен мемлекет намысын асқақтатуларыңызға тілектеспіз.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір