• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
07 Желтоқсан, 22:28:33
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

09 Қазан, 2019 Аймақтар

Жамбылдық 8 майдангерге Кеңес одағының Батыры атағы берілмей қалған

Екінші дүниежүзілік соғысқа КСРО құрамындағы отар ел ретінде Қазақстан жауынгерлері де қатысқаны белгілі. Неміс басқыншыларына қарсы күресте қазақ батырлары ерліктің ерен үлгісін көрсетеді. Жастығын соғысқа ұрлатқан олардың қай-қайсысы да батыр атануға лайықты еді. Десе де ерліктің ерен үлгісін көрсетседе бұл марапатты беру ұсынылған 133 майдангерге марапаты түрлі желеумен берілмей қалған. Олардың қатарында 8 жамбылдық майдангер де бар, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Жалпы Кеңес Одағының батыры атағы 615 қазақстандыққа бұйырса, мұндай ең жоғары мемлекеттік наградаға 28 жамбылдық ие болған. Дегенмен Ұлы Отан соғысы кезінде де бұл марапатты берудің өз саясаты болғаны ешкім жасырын емес. Мәскеу түбіндегі ұрыстарда атой салып, сан рет неміс қоршауында қалған жауынгерлерін дін аман алып шыққан әскери стратег, білікті офицер, ең бастысы Бауыржан Момышұлына бұл атақтың соғыс аяқталған соң 40 жылдан кейін берілгені оның бірбеткейлігімен және тегін орысшаламауы себеп болғаны айтылады. Сол секілді қан майданда жеңіс туын желбірету жолында жанқиярлық ерлік көрсеткен 8 жамбылдық бұл марапатқа ұсынылғанымен онымен наградталмаған.

Облыстық архив қызметкерлері майдан даласында ел үшін еткен еңбегі ескерусіз қалған 8 жамбылдық майдангер жайындағы мәліметтерді жария етті. Олардың 3-еуінің суреті табылды. Тағы 4 майдангер жайындағы мәліметтер архив қорындағы материалдар негізінде түзілді. Ал қалған 4 майдангердің аты жөнімен майданға аттандырылған әскери бөлімнен өзге мәліметтер құпия күйінде қалып отыр. Неміс басқыншыларына қарсы күресте атой салып, ең жоғары наградаға ұсынылғанымен оған қол жеткізе алмай қалған Шахан Алишев Шу ауданы, Төле би ауылының тумасы, ал Абдурахман Каргулин, Султан Маматалиев, Ташан Рамазановтар әскерге Жамбыл аудандық әскери бөлімінен шақырылған екен. Ташан Рамазановтың ұрпақтары қазір Меркі ауданында тұрады. Сондай-ақ соғыстан дін аман оралып бейбіт күнде ұстаздық қызмет жасаған байзақтық Умбеткул Джиенбеков те Кеңес одағының батыры атана алмай қалған. Мұнан бөлек шулық Мусабек Айткулов, Султанбай Искаковтар мен қордайлық Ургалбай Умикеев те КСРО жауынгерлеріне берілетін ең жоғары наградаға иелік ете алмай қалған.

Жалпы облыстық архив қызметкерлері 7 жылдан бері Ұлы Отан соғысы тарихына қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Және бұл зерттеулер нәтижесіз емес. Өткен жылы жаңғырған «Жеңіс» саябағындағы «Ерлік» мемориалды кешеніне дәл осы зерттеу жұмыстары кезінде аты белгілі болған жамбылдық майдангерлердің есімдері жазылды.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір