• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
15 Қараша, 03:03:03
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

17 Қазан, 2019 NEWS

Пара ретінде тезек алған атыраулық шенді ұсталды (видео)

Иә, шалыс естіген жоқсыз Атырау облысы Ақсай ауылдық округінде бұрынғы әкімі жер учаскесін алғысы келген кәсіпкерден құжаттарға қол қою үшін 350 қап тезек талап еткен.

Атырау облысында жер телімін алғың келсе шенеунікке 350 қап тезек бересің, Маңғыстауда жұмысқа тұратын болсаң басшысына кондиционер сыйға тартуың шарт. Ал, Семейдегі білім бөлімі басшысының бұрынғы орынбасары ауызбастырық ретінде ақшадан бөлек сиыр етін, көмір алып келген. Соңғы уақытта тергеліп жатқан істердің біраз бөлігі осы. Шенділерге ақшадан бөлек материалдық пара алуға не түрткі болды? Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасының дерегін негізге алып хабарлайды.       

Осы күндері ақпарат айдынында "жеп қойыпты, қалтасына басыпты" деген сарындағы материалдардан көз сүрінеді. Бірі түйені түгімен жұтып тұтылып жатса, енді бірі малдың қиын алып істі болуда. Иә, шалыс естіген жоқсыз Атырау облысы Ақсай ауылдық округінде бұрынғы әкімі жер учаскесін алғысы келген кәсіпкерден құжаттарға қол қою үшін 350 қап тезек талап еткен. Бұл параның құны 206 мың теңгені құраған. "Қалтасын қампайтқан" шенді кінәсі дәлелденіп, оған 6 млн 200 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы агенттік осындай "ерекше" бірқатар істерге тоқталып өтті.

– Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасарына қатысты пара алды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. 01:40 Осы аталған мекеменің бөлім басшысынан жалпы оған жұмыстағы көрсеткен қамқорлығы үшін кондиционер түрінде пара алды деп күдікке ілінді. Аталған факт бойынша тергеу алды жұмыстары жалғасуда. Ал, күдіктінің кінәсінің дәрежесін анықтау бойынша түпкілікті шешімді сот шығаратын болады, - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің серіктестік департаментінің бас сарапшысы Сымбат Исрапулова.         

Келесі жәйт дәл осы облыста тіркелген. Жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының маманы, шетелдік компаниялардың жұмысшыларына кедергісіз виза әзірлеп беру үшін 500-ден 1000 долларға дейін жүйелі түрде пара алып отырған. Қазір, ақ жағалының ісі май шаммен қаралып жатыр екен. Алайда, дәл осы облыс әкімдігінің арнайы жемқорлықты түбімен жоямыз деп жасатқан әлеуметтік бейнеролигіне өңірдің шенділері пысқырып та қарамайтын секілді.

Одан бөлек, бармақ басты, көз қыстылыққа жол беріп, мәселені қалтамен шешетін шенділердің соңғы кездері өзге де материалдық мүліктерге тәбеттері ашылып келеді. Мәселен, "Астана су арнасының" бұрынғы басшысы Уалихан Досаев үш бөлмелі пәтер алса, Семейдегі білім саласындағы қос бірдей қызметкер бірі сиыр етін талап еткен, екіншісі мәселесін қанағаттандыру үшін көлігіне қысқы дөңгелек алып беруді өтінген. Ал, халық қалаулылары "жеңіл ақша" табуға жастар әуес деген пікірде.           

– Пара алып жатқан адамдардың дені жастар. Сондықтан тәрбие жұмысына, қоғамда осындай бір үрдіс тудыру керекпіз. Жемқорлық деген жат нәрсе деп. Ол отбасынан басталады. Осы мәселені біз қоғам болып қолға алуымыз керек. Тек қана агенттікке, прокуратураға қарап солар жұмыс істеу керек деп отыра беретін болсақ онда түкте болмайды, - дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Сапар Ахметов. 

Саясаттанушы Самат Нұртазаның пікірінше, Жемқорлыққа қарсы агенттік бұл "індетпен" күресудің қандай жолын таппасын, оны парақорлар айналып өтудің ебін табатынына сенімді. "Бүгін олар ақшаны қойып, дүние мүлік алуда, ертең тағы да ауызбастырықтың жаңа түрі пайда болатынына сенімді".

– Қытайдың, Сауд Арабиясының, Иранның, Солтүстік Кореяның тәсілімен ату жазасына кесу. Меніңше бұдан басқа бұл індетті жеңу мүмкін емес. Себебі, тым асқынып кеткен нәрсе. + Біз Қазақстан мемлекеті батыс та емеспіз, біз қиыр шығыс та емеспіз. Біздің өз жолымыз бар, ешкімге еліктемеу керекпіз. Батыстың да, шығыстың да жақсы жағын алып біз орташа қазақтың моделін ойлап табу керекпіз. Сондықтан, қазақтың моделінде демократияның жаңағы дала демократиясы да болу керек және «Құнанбай» фильмі көрсеткен өлім жазасы да болуы керек, - деп пікір білдірді саясаттанушы Самат Нұртаза.  

Елімізде жылына орта есеппен 2 мыңнан астам пара алу фактісі тіркеледі екен. Дәл осынша адам жауапқа тартылып, қызметінен шеттетіледі. Ауызбастырықтың көлемі де әр түрлі. Ақшадан бастап, дәл осындай заттарға дейін. Бұл қоғамның дертін мемлекет басшысы да шешуді тапсырған болатын.  

– Егер біз жемқорлықты түбегейлі жоюды көздейтін болсақ, қоластындағы қызметкері пара алып ұсталса басшысы отставка кету туралы өтінім жазуы керек. Олардың отставкаға кетуін қабылдауды немесе қабылдамауды Мемлекет басшысы шешеді. Бірақ жұмыстан босату туралы арыз жазуы міндетті шара болуы керек, - дейді президент Тоқаев. 

Алайда, пара алып, былыққа батқаны үшін бірде-бір лауазымды тұлға өз еркімен отставкаға кеткенін естіген жоқпыз. Соған қарағанда, айран ішкен құтылып, түбін жалағандар тұтылып жүрген секілді. Сарапшылардың пікірі осындай.

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір