• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
06 Желтоқсан, 14:02:07
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

16 Қазан, 2019 Аймақтар

"Дипломмен – ауылға!" – жастарға мол мүмкіндік

«Дипломмен – ауылға!» бағдарла­масының үздіксіз жүзеге асырылып келе жатқанына биыл 10 жылға жуықтады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында жариялаған Жолда­уында бағдарламаға бөлінетін қаражатты 20 млрд теңгеге ұлғайтуды тапсырды. Оның бірден-бір себебін ауылдық мектептерде педагог кадр­лардың жетіспеушілігімен байланыстырды.

Аталған бағдарлама осы жылдар аралығында мемлекетке де, жас мамандарға да тиімді екенін дәлелдеп отыр. Тиімдісі сол, жоғары оқу орнын бітірген, қолында дипломы бар жас мамандар ауылдарға барып мемлекет есебінен біржолғы көтермеақы, содан соң аз пайызбен несие алып, сол қаржыға жергілікті жерден тұрғын үй сатып алады. Сөйтіп ары қарай өз саласы бойынша мамандығымен жұмысын жалғастыра береді. «Баспана – бақыт шамы» демекші, оқуды жаңа ғана бітіріп келген жас мамандарға бұл үлкен көмек болмақ.

Бағдарлама аясында Жуалы ауданына аттанатын жастардың қарасы қалың. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының берген мәліметінше, 2019 жылға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 18 маманға республикалық бюджеттен барлығы 68 175 мың теңге және көтерме жәрдемақыға 43 маманға жергілікті бюджеттен барлығы 7 600,3 мың теңге қарастырылған.

Жалпы, бюджеттік несие алуға жыл басынан 33 маман құжат тапсырып, нәтижесінде 15 маманға тиісті несие берілген. Төрт маман бөлінген қаржының жылдық төлемдер жоспарына сәйкес қазан айына кезектілікке қалыптасты. Оның ішінде, білім саласынан 11, денсаулық сақтау саласынан төрт, мәдениет саласынан бір, спорт саласынан бір, агроөнеркәсіптік кешен саласынан екі маман бар.

Көтерме жәрдемақы алуға жыл басынан 51 маман құжат тапсырып, нәтижесінде 43 маманға көтерме жәрдемақы берілді. Оның ішінде, білім саласынан 24 маман, денсаулық сақтау саласынан 10 маман, әлеуметтік қамсыздандыру саласынан бір маман, мәдениет саласынан үш маман, спорт саласынан бір маман, агроөнеркәсіптік кешен саласынан төрт маман.

Бағдарлама аясында білім, денсаулық сақтау салаларына басымдық берілетіні белгілі. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасып, мемлекет қаражаты арқылы тұрғын үйге қол жеткізген жас маманның бірі – Ақерке Қойшиева. Ақерке Қайратқызы Ақбастау ауылындағы №14 Б.Майлин атындағы орта мектепте ағылшын тілінен ұстаздық етеді.

– Мен Қызылорда облысының түлегімін. Жоғары оқу орнын бітірген соң жуалылық Бекжан есімді жігітке тұрмысқа шығып, мамандығым

бойынша осында жұмысқа орналастым. Еліміздің жарқын болашағы саналатын жас буынға ұстаздық етіп жүргеніме қуаныштымын. Биылғы жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алып, тұрғын үйге қол жеткіздім,- дейді ол.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір