• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
07 Желтоқсан, 22:28:49
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

16 Қазан, 2019 Аймақтар

Жасыл желек – жанға сая

Жасыл желек – жанға сая. Табиғатты аялау, қоршаған ортаға жанашырлық көзқарас таныту адамзаттың басты борыштарының бірі саналады. Соңғы жылдары ғаламдық экологияның шектен тыс бұзылуына байланысты ағаш егу жұмыстары қолға алынып, сол арқылы қоршаған ортаның ауасын тазарту шаралары жүргізіліп жатқаны белгілі. Экологияға пайдалы мұндай жұмыстар біздің Әулиеата өңірінде де қарқынды қолға алынып отыр. Оның ішінде, Жуалы жерінің табиғаты ағаш егуге ең қолайлы аймақ болып саналады.

Жақында аудан аумағында республикалық ағаш егу акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылды. Көгалдандыруға бағытталған сенбілікке жамбылдықтар да белсене атсалысты. Шараға облыс басшысы Асқар Мырзахметов бастаған барлық орынбасарлары, аудан әкімдері, басқарма басшылары, ардагарлер кеңесі және өзге де ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері қатысты.

Облыс бойынша барлығы 18466 адам 18880 көшет отырғызды. Оның ішінде, қарағай, шырша, қарағаш, арша, терек, емен, шетен, айлант секілді ағаш түрлері бар. Сенбілік өңірдегі 98 елдімекенді қамтыды.

Айта кетейік, аймақ басшысы Асқар Мырзахметов тал егу акциясына облыстың шалғай ауданы – Мойынқұмнан қатысты. Онда мойынқұмдық жастар мен қызметкерлермен бірге «Жаз Ата», «Жасыл ел» саябақтарына тал егіп, шараға қарқынды үлес қосты. Аталған акция аясында облыс әкімі Асқар Мырзахметов және Мойынқұм ауданы әкімі Мәден Мұсаев туя, емен, терек ағаштарын отырғызып, игі істің маңыздылығын туралы тоқталып өтті.

Сенбілікке жуалылықтар да белсене атсалысты. Оның аясында аудан орталығындағы және оған жақын орналасқан ауылдық округтердегі саябақтарға ағаш көшеттері отырғызылды. Айта кету керек, сенбілік жұмыстарына аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат, қоғамдық кеңестің қызметкерлері белсене қатысты.

Атап айтқанда, сенбілікке қатысушылар аудан орталығының ең көрікті орындары саналатын даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы ескерткішінің айналасына, «Жасай бер, Қазақстан!» саябағына, Жастар аллеясына, сонымен бірге Қайрат ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы саябаққа терек, қараағаш және өзге де ағаштардың жас көшеттері егілді. Республикалық акция аясындағы жұмыстар ұйымшылдықпен өткізілді. Ағаш егу жұмыстарының барысын аудан әкімі Нарбай Ергебеков қадағалап, өзі де Бауыржан Момышұлы атындағы саябаққа көшеттер отырғызды. Аудан басшысы сенбілікке қатысушыларға қоршаған ортаның ахуалына, экологиялық мәселелерге ағаш егу арқылы үлес қосуға болатынын айтты.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір