• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 14:59:45
Алматы
+35°

Жамбыл облысының диқандары өңірдегі қызылша алқаптарының көлемін жыл өткен сайын кеңейтіп келеді. Бұған облыс басшылығының тәтті түбір өсірушілерге жасап отырған қолайлы жағдайы үлкен септігін тигізуде. Жыл басында балтамыр еккен шаруалар жақында өнім жинауға кірісіп кетті.

Аталған істе Байзақ ауданының диқандары алдыңғы қатардан көрініп отыр. Ауданнан аттанған алғашқы болып тәтті түбір тиеген ауыр жүк көліктерін тараз қант зауыты қабылдады.

Бүгінде ауыл шаруашылығы дақылдарының ішінен ең негізгісі бұл қант қызылшасы болып отыр. Тәтті түбірді өсіру, оның көлемін ұлғайту және өнімділігін арттыру ауданымыздың маңызды стратегиялық саласы болып қала бермек.

Осы бағытта аудан басшылығы тарапынан ауқымды істер атқарылып, аудан көлеміндегі қант қызылшасын еккен шаруашылықтардың алдыңғы қатарында аптаның бейсенбісі күні Қостөбе ауылдық округіндегі “Зулуф-оглы” шаруа қожалығы Тараз қаласында орналасқан қант зауытына өз өнімдерін өткізді.

Шаруа қожалық жетекшісі Осман Зулуф-оглы үстіміздегі жылы өз иелігіндегі жердің елу бес гектарына қант қызылшасын ексе, оның он бес гектарын тамшылатып суару технологиясы бойынша отырғызыпты. Аталмыш шаруа қожалықта бес адам еңбек етсе, науқан кезінде қосымша қажеттілігіне байланысты адамдар жұмыспен қамтылады екен.

Мемлекеттік қолдау нәтижесінде шаруаларға барлық жағдай жасалып жатқанын атап өткен шаруа тұқым себуден бастап өнім алғанға дейін жұмысты сапалы жүргізу жөніндегі іс-тәжірибесін ортаға салды. Осы алқаптағы қант қызылшасы үнемі бақылауда ұсталып, уақытылы суару, түрлі тыңайтқыштарды беру, түбін қопсыту, арамшөптен тазалау нәтижесінде бүгінде егіс алқабы жайқалып тұр. “Бұл - бала сияқты, бабы мен күтімі келіссе ғана өнім береді”, - дейді Осман Зулуф-оглы.

Қожалық басшысына сәттілік тілеген біз қант қызылшасы тиелген керуенмен ілесіп Тараз қаласындағы қант зауытына бет алдық. Мұнда қаз-қатар сап түзеген ауыр жүк көліктері ретімен таразыға тәтті түбірді өлшетіп, кезегімен тиісті орынға аударып жатты.

“Өздеріңіз көріп тұрғандай, бүгіннен бастап ауданда қант қызылшасын жинау басталды. Аудан бойынша үстіміздегі жылы 1207 гектар қант қызылшасы жиналады деп отырмыз. Биыл қант зауытына 35-36 мың тонна шамасында тәтті түбір өткізу жоспарда бар. Қант зауытына алғашқы болып “Зулуф-оглы” шаруа қожалығы қант қызылшасын өткізуде. Олар әр гектардан 600 центнерден өнім алуға үмітті” - дейді бізге берген сұхбатында аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков.

Осылайша, ауа-райының қолайлы сәтін тиімді пайдаланып қалуға ұмтылған аудан шаруалары қант қызылшасы алқабында қызу еңбекке кірісіп те кетті.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір